30 жылдық экономика: Шенділер мен шерлілер
Биыл еліміздің тәуелсіздік алғанына 30 жыл толды. Аз да, көп те емес. Дегенмен 30 жыл уақыт – сол кезде дүниеге келген, еңбегі қатпаған нәрестенің белі бекіп, ойы толысып, үлкен азамат болатын шағы.
Қазақта «Отызда орда бұзбасаң, қырқыңда қамал алмайсың» деген нақыл сөз бар. Біз осы отызымызда орда бұза алдық па?! Басқасын айтпағанда, экономикалық тұрғыдан дамыдық па? Болашақта өзіміз жоспарлап жүргендей, дамыған 30 елдің қатарынан көріне аламыз ба?!
Нарық пен халық арасы
Сараптап көрсек, 30 жылдық экономиканың қазаққа берген тұсы – ел бүгінде нарыққа бейімделе алды. 1991 жылы нарықтық экономикаға көшкелі бері қазаққа қойылатын негізгі айыптың бірі жалқаулық еді. Бұған қатысты баспанасы жоқ қазақты біреулер суырға теңесе, енді бірі үкімет тағайындаған тиесілі жәрдемақыны алып, оны қажетке жарататындарды «мемлекетке масылдар» деді. Ал базарда арба сүйреген қазақты көрсе «жалқау ғой, дұрыс жұмыс таппай ма» деп сөгетіндер де бар. Ал, шындығында, дамып кеткен Еуропа елдерінен біздің айырмашылығымыз өте көп. Еуропа елдерімен салыстырғанда біздің елде шаруалар малды қыстан аман алып шығу үшін ғана 80 есе артық күш жұмсайды екен. Диқаншылықтың мехнатын әлі де тартып келеміз. Қуаңшылық мәселесі үнемі алқымнан алады. Бірақ соның өзінде халық нарықтың не екенін ұқты. Өз бетінше күн көріп, тірлігін өзі жасап, нарыққа бейімделіп, әйтеуір, жанталасып өмір сүруге тырысып-ақ келеді.
Үкіметтен не күтеміз?
Ал енді әрі қарай не істеу керек? Үкіметтен қандай қадамдар күтеміз? Бұған қатысты экономика ғылымының докторы Жаңабай Алдабергенов:
– Негізінде, қазақ жалқау емес. Қазақ – еңбекқор, бейнетқор халық. Жалпы, Қазақстан халқының еңбекке қабілетті адамдарынан бөлек, зейнеткерлерінің өзі қазір нарықтың заңы қатал екенін ұғынды. Мысалы, немістің қариясы айына 984 евро зейнетақы алады. Финдік қариялар 1,3 мың евро көлемінде зейнетақы алса, Голландияда ең төменгі зейнетақы 3,2 мың евроны құрайды екен. Ал бізде мұның ауылы тым алыс. Жағдайы жоқ кедей қазақты жалқау дегенмен келіспеймін. Керісінше, үкіметтік қолдауды нықтау керек деп есептеймін, – дейді.
Зейнеткерлер және үкіметтік қолдау дегеннен шығады, негізінде, біз тәуелсіздікті ең алғаш алған тұстары реформаланған саланың бірі – осы зейнетақы саласы. Содан бері аталмыш сала күні бүгінге дейін жаңарудан көз ашпай келеді. Міне, 30 жыл болды, нақ қазір де зейнетақы жинағына қатысты халық әлі дүрлігіп жүр.
1998 жылы Қазақстанда зейнетақы реформасы жүргізілді. 1998 жылдан бастап барлық қызметкерлер жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті түрде табысының 10 пайызын аудара бастады. Осылай біртіндеп жинақтаушы зейнетақы жүйесіне кезең-кезеңімен көше бастадық. Осының негізінде 2013 жылы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры құрылды. Ал содан бері БЖЗҚ төңірегінде қилы өзгерістерді көріп келеміз. Бүгінде елді «Қазақстандағы зейнетақы жүйесі сенімді ме?» деген сауал жиі мазалайды.
Зейнетақыдан бөлек, тәуелсіздік жылдары халықтың табысы тоғыз есе өсіпті. Ал елдің сатып алу қабілеті 1993 жылдан бастап 4,6 есе артқан. Жыл сайынғы индекстеуді ескере отырып, ең төменгі жалақы мөлшері 1993 жылғы 13 теңгеден қазіргі 60 мың теңгеге дейін өскен. Бірақ мамандар «әрбір салада сауатты топ менеджерлер легі жасақталғанда бұл көрсеткіштерді халыққа тиімді етіп одан әрі еселеуге болатын еді» деседі. Бұл реттеэкономист-сарапшы Тоғжан Шаяхметова:
– Қазір баз біреулер кедейленіп жатса, енді біреулер еселеніп байып жатыр. Кеңес өкіметінің тұсында облыстық басылымдарда бір ауданның басшысы жайлы, оның шылқыған әл-ауқаты жайлы жазылатын болса, оны тексерудің астына алатын. Егер жазылған жайт шындыққа саятын болса, әлгі басшы дереу орнынан алынып, партиядан қуылатын. Кеңес өкіметінің бір жақсы жері – олар бай-манаптарға бақылау қоя білді. Ал біз қазір әкімдердің, министрлердің, үкімет мүшелерінің байлығына сүйсініп қарап отыра беретін болдық. Талап ете алмаймыз. Байығандар байып жатыр, ал қарапайым халық кедейленіп барады. Міне, нарықтық экономикаға көшкен тұста біздің үкіметтің бірінші қателігі осы болды. Мемлекет шенеуніктерді қатаң бақылауға алуды әу бастан сауатты үйлестіре алмады. Сондықтан енді халыққа ырзық-несібе бұйыру үшін үкіметтен шенеуніктерді бақылауға алуды күтеміз. Мұны дұрыс үйлестіру керек. Сонда экономика да өседі, –дейді.
Өсім бар, дегенмен…
Үйлестіру демекші, бізде 1999 жылдан бастап ЖІӨ-нің өсу қарқыны оң траекторияда болды және бірқатар дағдарыстарға қарамастан, 21 жыл бойы үздіксіз артты. Тек 2020 жылы ғана экономикалық өсім 2,6 пайызға төмендеді. Мұны біз, әрине, әлемді жайлаған пандемиямен байланыстырамыз.
Бірақ мамандар «экономиканы әртараптандыру реформасы тиянақты жүзеге асырылғанда біз бұл пандемия кезінде минусқа кетпейтін едік» деп отыр. Техника ғылымының докторы Нұрдәулет Әбішевтің айтуынша, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап отандық машина жасау саласын өркендетуге мән бермедік. Керісінше, шетелдің техникасына тәуелді болдық. Ауыл шаруашылығына қажетті техниканы, ғылымға, тіпті өзіміз мінетін көлігімізге дейін шетелден тасыдық. Шетел бізге жақсысын бермейді. Күні бүгінгі болып жатқан қымбатшылық, инфляция, импорт – бәрі сол шетелге тәуелділіктен шығып жатыр емес пе? «Сондықтан тек шетелдің өнімдеріне иек арта беру бізге еркіндік бере қоймайды. Тоқырауға, инфляцияға апаратын негізгі құбылыс осы екенін ұмытпаған жөн», – дейді Нұрдәулет Әбішев.
Негізінде, осы уақытқа дейін біз бірнеше инфляцияны бастан кешірдік. 1992 жылы гиперинфляция 3 060,8 пайыз деңгейінде болған уақытты да көрдік. Осыдан кейін 1993 жылы Қазақстанның дербес ұлттық валютасы – теңге енгізілді. Тәуелсіздік алғаннан кейін валюта инфляциясы өте жоғары болып, төрт таңбалы санға жетсе, валютаны енгізу және қайта іске қосу өршіген инфляцияны азайтты. Бірақ ұлттық валюта қолданыста болған уақыт ішінде де теңге девальвациясының бірнеше кезеңдерін өткердік. Десек те, ХХІ ғасыр – даму ғасыры, ақпараттық технологиялардың жетілетін, ғылым дамитын, әр мемлекет экономикасын, әлеуетін көтеру үшін өзінше инвестиция тартып, халқына жағдай жасайтын кезең.
Инвестициялардың қызығын қашан көреміз?
Жалпы, тәуелсіздік жылдары елімізге 120-дан астам елден экономиканы, ауыл шаруашылығын, өндірісті дамыту үшін $365 млрд-тан астам тікелей шетелдік инвестициялар тартылды. Сол инвестициялардың негізгі бөлігі – 47 пайыздан астамы Еуроодақ елдеріне тиесілі, 13 пайызы АҚШ-қа және шамамен 11 пайызы Ұлыбритания мен ҚХР инвестицияларын құрайды. Ірі инвесторлардың қатарына Нидерланды, Швейцария, Франция, Ресей, Италия, Жапония, Бельгия, Канада кіреді.
Экономикаға салынатын инвестицияларды ұлғайту 1997 жылдан бастап жыл сайын өсті. 1991 жылдан бастап нақты мәнде экономикаға салынған инвестициялар көлемі 2,7 есе, ал номиналды мәнде 21 есе – 0,6-дан 12,3 трлн теңгеге дейін артты. Деректерге жүгінсек, сыртқы сауда айналымының көлемі де айтарлықтай өсті. 1991 жылғы сыртқы сауда айналымы 1,5 млрд доллар болса, 2020 жылы оның көлемі 86,5 млрд долларды құраған. Экономикадағы ШОБ үлесі 2020 жылы ЖІӨ-нің 31,6 пайызын құрады. Оның көлемін 2025 жылға қарай 35 пайызға дейін арттыру жоспарлануда. Үкіметтің есебінше, бүгінде ЖІӨ-нің 78 пайызын жеке сектор өндіреді.
Ең есте қаларлық оқиғалардың бірі 2000 жылы Ұлттық қордың құрылуы болды. Қор алғаш құрылғанда «бұл қордың құрылуы елдің әлемдік нарықтардағы баға конъюнктурасының қолайсыз өзгерістеріне тәуелділігін төмендетуге, сондай-ақ болашақ ұрпақ үшін ресурстар жинақтауға мүмкіндік береді» делінген болатын. Қазіргі есеппен Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтері 57,3 млрд долларды құрайды. Мамандар соңғы кезде «Ұлттық қордың басқарылуы дұрыс емес» дегенді жиі айтып жүр.
«Ұлттық қорға қол сұғуды доғару керек»
Бұған қатыстыэкономист-ғалым Бейсенбек Зиябеков Ұлттық қорды басқару жүйесі дұрыс емес дейді. Ұлттық қорға бюджеттен артылған қаржыны ғана жинауымыз керек. Ал бізде мұнайдан түскен түсімнен бөлек, мұнай секторы ұйымдарының тура салықтары (жергілікті бюджеттерге есептелетін салықтарды қоспағанда), корпоративтік табыс салығы, үстеме пайда салығы, пайдалы қазбаларды өндіру салығы, өнімді бөлу бойынша үлестер және тағы басқа салықтар осы Ұлттық қорға жиналады. Содан барып бюджетке ақша жетпей жатса, сол жиналған қаржыны шетінен ала береміз.
– Меніңше, Ұлттық қорға мүлде тиіспейтіндей, халықтың мұқтажынан артылған дүниені ғана жинау керек. Қорды Ұлттық банк басқармауы керек. Ол тек үкімет бақылауында болуы тиіс. Бұл халықтың ақшасы болғаннан кейін, оны тікелей үкімет пен президент қызғыштай қоруы керек. Ұлттық банк Ұлттық қорды басқаратындай инвестициялық компания емес. Сондықтан Ұлттық банктен қорды басқаратын әлеуетті алу керек. Мұнай қымбаттаса бітті, Ұлттық қорға қол сұғып, оны орталап сорлатуды доғару қажет, – дейді сарапшы.
Еуроодақ және ДСҰ қақпасы
Біз ұлттық экономикамызды көтеру үшін Ұлттық қорды жыл сайын сарқымау мақсатында шетелдік инвестицияларды көбірек тартуды жоспарладық. Ол үшін ішкі нарықты ұлғайту қажеттілігі елді 2015 жылы Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) кіруге итермеледі. Бұл арқылы Қазақстанда бизнес ашатын кәсіпкерлердің 185 миллион адамнан асатын алып нарыққа еркін қол жеткізе алатыны айтылды. ЕАЭО ұлттық экономикаларды жан-жақты жаңғырту, кооперациялау және олардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және мүше мемлекеттер халқының өмір сүру деңгейін арттыру мүддесінде тұрақты даму үшін жағдай жасау мақсатында құрылды.
Сондай-ақ 2015 жылы Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) кірді. ДСҰ-ға кіру үшін біз шамамен 20 жыл дайындалдық. Бұл ұйымға мүшелік Қазақстанға ұйымның мүше мемлекеттерімен бірыңғай құқықтық алаңда сауда жүргізуге мүмкіндік береді. Бұл ұйым жаһандық сауданың 95 пайызын біріктіретінін айта кету керек.
Стратегиялардан үміттіміз
Бұдан соң, әрине, «Қазақстан – 2030», «Қазақстан – 2050» даму стратегиялары қабылданды. Бұл бағдарламалардың басты мақсаты – Қазақстанды әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарынан көру. Әрине, тізе берсек, 30 жылда елдің дамуы үшін белгілі бір үлкен қадамдар жасалды. Бірақ әрбір қазақстандықтың өмір сүру деңгейі батыс елдерінен кем болмайтындай сапалы тұрмысқа қол жеткізе алмадық. Бір сөзбен айтқанда, «қазақ жалқау емес», «қазақ үкіметі де елдің жағдайын, экономиканы көтеру үшін тырысып жатыр». Десе де, шылқып байып кетпедік.
Ойлап қарасақ,бізде мұнайдан бөлек, Менделеев кестесіндегі барлық элементтер бар. Бірақ ірі өндіріс орындарын жұмыс істетуді, сол арқылы халықты жұмыспен толыққанды қамтуды, отандық өнім шығару үлесін тым құрығанда 80 пайызға жеткізуді әлі жолға қоя алмай келеміз.
Айта кету керек, біз «барысқа айналамыз» деп, «Қазақстан – 2030» стратегиясын 1997 жылы қабылдадық. Содан бері 24 жыл өтті. Келер жыл – барыс жылы. 2030 стратегиясын қорытындылауға сегіз-ақ жыл қалыпты. Мойындау керек, өткен отыз жылда халыққа толықтай жайлы өмір, мамыражай тірлік кешуге жағдай жасалмады. Бәлкім, бұған 50 жылда жетерміз. Қазақ «Елу жылда – ел жаңа» дегенді бекер айтпаған шығар.