Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:00, 17 Ақпан 2022

30 жылдық спектакль

None
None

Социалистік еңбектің қайнаған қазанында шыңдалған темір қорытып, болат балқытқан белсенді коммунист бас рөлді сомдаған, 30 жыл қойылған спектакль аяқталды, қара шымылдығын түсірді.

Саяси спектакльде бас кейіпкердің қызыл империя құлап, заман өзгергенде құбыласын лезде өзгертіп, коммунистен – демократқа, демократтан – диктаторға айналу барысы көрініс табады. Алғашқы бөлімде бас кейіпкер орыстан қалған тышқанның құлағындай мансапқа жеке азаматтық көзқарасымен, білімімен емес, партияға, коммунистік жүйеге адалдығымен ие болған жолдастарынан «жаңа» команда жасақтап, «ұлттық демократиялы республика» құруға білек сыбана кірісіп кетеді. «Нарықтық экономика», «буржуазиялық орта тап қалыптастыру» деген желеумен, жалпы халықтың мал-мүлкін, мемлекеттің жер асты-үсті байлығын бөліске салатын жекешелендіру комиссиясын жасақтайды. Сантехниктер мен электриктер жаңа мемлекеттің ақша айналымын, кеден жүйесін, совхоз-колхоз директорлары ірі холдингтерді басқарып шыға келеді. Кітапханалар мен мәдениет орталықтары ресторанға, жын-ойнаққа, ғылым ордалары қонақ үйге, саунаға, мол қарпығандар олигархтарға, шөміштен қағылғандар оппозицияға айналады.

Екінші бөлімі голливуд киноларындай криминалды түс алады. Бас кейіпкердің кемшілігін бетіне айтқан қарсыластары белгісіз жағдайда қаза табады. Бақталасы сырттан емес, іштен де табылады. Қызы партия құрады, күйеу баласы мемлекеттік төңкеріс жасамақ болады. Ақыр аяғында бәрін тұқыртып, билеуші орнын бекемдей түседі.

Саяси ойындардан сансыраған жұрт есін жиғанда бас кейіпкердің алып жартас беттеріне ойылған будда пірлеріндей шомбал мүсінге айналып кеткенін көреді. Даттарын ары айтады, бері айтады, естімейді. Мұң-зарына құлақ аспайды. Әуеден тек «қазақ-қазақ болып жаралғалы бүгінгідей бақытты  өмірді көрген жоқ», «ата-бабамыз көшіп-қонып жүрген, қонысына сынық сүйем қу қазық та қаға алмаған, мен ғана шекараны шегендедім», «ең озық отыз елдің қатарына қостым» деген сөздері жаңғырып тұрады. «Тарихта өткен жүздеген қаһарлы тайпалар сіз сияқты қуатты мемлекет құра алған жоқ», «Абылай хан үш жүздің басын біріктіре алмап еді, сіз – 130 ұлыстың басын қостыңыз» деген еркегі бар, ұрғашысы бар жағымпаздардың желеу сөздері, қылымсыған үндері қоса естіледі.

Бас кейіпкердің жаңғырықтан басқа үн шығармайтын жартастай сезімсіз әйелге айналып кетуіне қараша халық тіліне бұлт үйірілетін абыздарды, ләппай тақсыршыларды, бір-бірін кінәлай бастайды. Аяқ астынан ереуілдеген бір шоғыры бас кейіпкердің еңселерін басып тұрған ескерткішін қыларқан салып құлатады. Өз қолдарымен мүшелеп, қиратады. Бар ашу-ызасын жансыз мүсіннен алады.

30 жыл қойылған саяси спектакльдің соңы трагедиямен аяқтайды.

Тегтер: