30 жылдық тәуелсіздігімізге қауіп төнді
Путинге дауа жоқ екен
Ресей тығырыққа тірелді. «АҚШ бұрынғы кеңес елдерінің жерінде әскери база құрмасын, олардың ешбірін НАТО-ға мүшелікке қабылдамасын», – деген байбалам салды. Ресейдің сыртқы істер министрлігі «қауіпсіздіктің кепілдері туралы» АҚШ пен Ресей арасындағы келісімнің жобасын жариялады. Бұл келісімді Ресейдің өзі ойлап тапқан. Оның баптарында бұрынғы кеңестік мемлекеттерге қатысты АҚШ-қа «ақыл айтылады». Қысқасы, Америка құрама штаттары бұрын КСРО-ға мүше болған мемлекеттердің территориясында әскери база құрмау туралы міндеттеме алуы тиіс екен.
Қазақстан қазір ҰҚШҰ әскери блогына кіретіндіктен, біздің жерімізде Америка мен НАТО базаларының құрылмайтыны онсыз да белгілі. «АҚШ бұрынғы КСРО елдерімен, оның ішінде, Қазақстанмен екіжақты әскери ынтымақтастық орнатудан бас тартсын», – деп қосыпты.
Ендеше, осыдан екі апта бұрын ғана Нұр-Сұлтанда Қазақстан мен Америка құрама штаттары қорғаныс министрліктерінің өкілдері 2022 жылға арналған екіжақты әскери ынтымақтастық жоспарының жобасын талқылағанын еске салайық. Онда АҚШ пен Қазақстанның өзара іс-қимылындағы негізгі басымдық әскери білім беру, бітімгершілік, материалдық-техникалық қамтамасыз ету, кәсіби әскери медицинаны және инженер кадрларды даярлау мәселелеріне бағытталатыны айқындалды. Енді Ресей өзінің осы ұсыныс келісімімен АҚШ Қазақстанмен қорғаныс саласында ешқандай ынтымақтастық құрмай, бар жобаларының бәрінен бас тартсын дейді.
Осылайша, Ресейдің сыртқы істер министрлігі АҚШ бастаған НАТО мүшелеріне өзге елдердің тәуелсіздігін шектеуді ұсынып отыр. Қазақстан сияқты елдердің тағдыры мен саяси таңдауын шешу құқығын басыбүтін Ресейге бер дейді.
Әрине, Ресейдің бұл ұсынысы, ең алдымен, Украина мен Грузияға қатысты екені және АҚШ-тың мұндай ақылға сыймайтын ұсынысқа көне салмайтыны анық. Бірақ егер бұл келісімге алда-жалда АҚШ пен өркениетті әлем көне қалса, онда Қазақстан НАТО елдерімен, оның ішінде, ресми Мәскеу жақтыра қоймайтын Түркиямен әскери салада ынтымақтастық құру мүмкіндігінен айырылып қалар еді.
Жалпы, мұндай құжаттың пайда болуы Мәскеудің пропагандалық қадамы сияқты көрінгенімен, Путин Украина, Грузияны және қалған бұрынғы кеңестік елдердің бәрін маған бер деген талап қойып отыр. Оларға өзім оккупация жасаймын, батыс маған кедергі болмасын, Совет Одағын қайта құрамын дейді. Путин мен оның маңайындағылар отыз жыл бұрын өліп қалған зұлым империяны қайта құрып, оның бұрынғы шекараларын қалпына келтірмек. Не деген өшпейтін үміт еді… Отыз жыл бұрын пайда болған тәуелсіз Ресей Федерациясы өзінің демократиялық, өркениетті ел ретінде даму мүмкіндігін пайдаланған жоқ. Оның орнына бұрынғыдай адам құқығын сақтамайтын, көрші елдерін жаулайтын, оларға қарсы соғыс ашатын құбыжық мемлекет болып қала берді. Сондықтан, бұрынғы кеңес елдерінің ешқайсысы демократияланып, өркениет пен даму жолына түсіп кетпесін деп жанталасады.
«Құжатта айтылғандай, отыз жыл бұрын Совет Одағында болған мемлекеттерді НАТО өзіне мүшелікке қабылдаудан бас тартуы тиіс. Ол аздай, 1997 жылдан бері бұрынғы кеңестік елдердің, социалистік лагерь немесе Варшава келісіміне қарасты елдердің жеріне кіргізілген жаңа қару-жарақты түгел шығарып әкет дейді. Владимир Путин мен оның қолпаштаушыларының идеясы тым қарапайым: олар қырғи-қабақ соғыстың соңында коммунистік режим құлаған кездегі, 90-жылдардың басындағы жағдайды қалпына келтіргісі келеді. Егер АҚШ Кремльдің абсурдттық талаптарымен келіспесе, Путиннің режимі «контршабуылға көшемін» деп қорқытуда. Әне, Путин посткеңестік елдердің тәуелсіздігі түгіл, АҚШ-тың тәуелсіздігін де мойындамайды. «Менің талаптарыма АҚШ бағынуы тиіс» деп санайды. Бірақ талап қойғыш Ресей өз тарапынан түк уәде бермейді. Құрығанда ҰҚШҰ-ны кеңейтпеймін деген уәдесі де жоқ. Бірақ АҚШ пен өркениетті әлем агрессияшыл, архаикалық Путин режимінің мұндай сандырағына ешқашан көнбейді», – деген пікір білдіреді украиналық журналист Виталий Портников.