30 жылдық тәуелсіздік: Қазақтың көңілі әлі алаң
Қазақстанның тәуелсіз ел болғанына 30 жыл толды. 1986-да Мәскеудегі орталықтың диктатурасына қарсы Алматыда Желтоқсан көтерілісіне қазақ жастары шыққанына, қазақ жастары жаншылып, қаны төгілгеніне қарамастан, 30 жыл бұрын Совет Одағы құрамынан ең соңғы болып шыққан республика біз едік.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығы елде кеңінен аталып өтуде. Осы мерекеге орай, сотталғандарға рақымшылық жасалып, игі жақсылар мен ондай еместерге де төбеден орден-медаль жауып, зауыттар қосылып, көшелер ашылды. Бірақ отыз жыл деген, бір жағынан, бұл билік үшін жайсыздау дата, өйткені сол отыз жылда шын жетістіктерге жеттік пе, деген сауал туындайды.
– Қазақстанның тәуелсіз мемлекет болып тұрғанына барша қазақ қуанады. Бұл анық факті. Отыз жылда біздің елде тәуелсіз ұрпақ өсіп-өнді. 91-ден бері туғандар отызға келіп жатыр. Мәселен, 80-жылдардың соңында қазақтың жеріндегі қазақ саны, шамамен, 30 пайыз ғана еді. 30-жылдардағы ашаршылықта қазақ, тіпті, жойылып кете жаздады. Ал қазір қазақтың үлесі 70 пайыз болды. Олардың көбі қазақтілді қазақтар. Өз ұлтының басты қасіреті болған ашаршылыққа қатысты қазақта әлі сұрақ көп. Бірақ елдің ресми билігінде бұл мәселеге келгенде, Мәскеуді ренжітіп алмайын, Кремльге жақпай қалмайын, деген жалтақ мінез әлі бар. Тамыры Совет Одағынан тарағандықтан ба, әйтеуір, елдің саяси элитасы деколонизация кезеңінен әлі толық өтпеді.
Қазақстанның саясаты Ресеймен үндес. Біздің биліктің Қазақстанды Ресейдің інісі санайтыны қазаққа ұнамайды. Тәуелсіздіктің басында көпвекторлық саясат ұстанғандай едік, 2000 жылдардан бастап, стратегиялық серіктестік көбіне Қытай мен Ресейдің ығына қарай ойыса бастады. Соңғы жылдары Қазақстан халқы өз мемлекетінің белгілі бір өңірлік одақтар мен бірлестіктер аясында стратегиялық серіктесі Ресеймен тым тығыз қарым-қатынас құрып жатқанына қатты алаңдайды. Қытай қарызының құрығына ілініп жатқанымыз жанға қатты батады. Қытайдан тым ірі қарыз алып, «қораға кірген» Қырғызстан мен Тәжікстан емеспіз, әйтеуір, әзірге. Қазақстанның өзінің Ұлттық қоры бар. Жалпы, еліміздің өте бай мемлекет бола тұра, Қытайдың инвестициясына құмарлығымыз қауіпті. Айтпақшы, мемлекетіміздің сол байлығын еліміздің барша халқы бірдей көрмегенін де айтуымыз керек. Экономикамыз отыз жыл бойы сол күйі шикізатқа тәуелді. Қазақстанның отыз жылдық тәуелсіз ғұмырындағы біршама даму жетістіктерін коронавирустың пандемиясы жоқ қылды. Кризистік жағдайда Қазақстанның ешбір мемлекеттік органынан қайыр жоқ екенін көрдік. Халық дертпен, дағдарыспен жалғыз өзі күресті. Еліміздің тағы бір қиын проблемасы – саяси жүйе тым консервативті. Тәуелсіздік алған тұста құрыла бастаған олигархиялық топтар бүгінде элитада, олар елде ештеңені өзгерткісі келмейді, – дейді саясаттанушы Досым Сәтпаев.
Айтпақшы, тәуелсіздіктің басында Қазақстанда тәуелсіз баспасөз болған еді. Отыз жылда оның жойылуға шақ қалғаны бірден көзге ұрады. Тәуелсіздіктің басында Семей полигонын жаптырдық, отыз жылдан кейін Қазақстанда АЭС салынатын болды. 93-те пайда болған теңгеміз 28 жылда 78 есеге құнсызданды. ЕХРО өткізіп, LRT салып, жемқорлықтың көкесін көрсеттік. Қалада ақылы тұрақ, далада ақылы жол салдық. Қара халық банктердің кредит деген тажалына тоналды, утилизациялық алым сияқты «кет дегенде, кетпейтін» біраз дүниелер тәуелсіздіктің отыз жылдық межесіне қазақпен бірге жетіпті.
Бірақ Қазақстанның көреген халқы мен ақылды билігі дұрыс жолмен жүре білсе, бұл тәуелсіздік отыз жылмен шектелмеуі тиіс. Ықылым заманнан «Елу жылда – ел жаңа» деп айтып келген дана халқымыз. Бұл отыз жыл Қазақстанның әудем жерге дейін ұзағанына куә болды, көш жүре түзеледі. Әлі тәуелсіздіктің 100 жылдығын тойлайды қазақтың ұрпағы!