Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
03:46, 06 Қазан 2020

300-ден астам мүгедек жан – жұмыссыз қалуы мүмкін

None
None

Қызылорда қаласындағы мүмкіндігі шектеулі жандардың «Ұшқын» атты өндірістік кәсіпорны жабылудың алдында тұр.

Карантиннің қыспағы мен тапсырыстың жоқтығы ірі мекеменің жағдайын қиындатып жіберген. Ұшқындықтардың айтуынша, мемлекеттік сатып алу бойынша тендер ойнатылғанда, мүгедектерге қарастырылған заңды жеңілдіктер ескерілмейді екен. Салдарынан  көпсалалы өндіріс ошағына банкрот қаупі төніп тұр. Сегіз жылға жуық тұрақты жұмыс істеп келген «Ұшқын» кәсіпорны нарықта біраз танылып үлгерген еді. Қызметтер көлемі де қомақты. Олар тігін, пластик, жиһаз цехтары, баспахана, жол бордюрлері мен тас төсеніштерін дайындауды кәсіби меңгерген. Мұндағы 320 шебердің 290-ның мүмкіндігі шектеулі, көбі туабітті мүгедек жандар. Ұшқындық шеберлер өндірісте ғана өздерін қоғамға қажет екенін айтады.

– Күніне бір рет жұмыс болса екен деп, келіп кетеміз. Қайтейік, бала-шағаның нәпақасы ғой. Бізге мүмкіндік болса, жұмыс берулеріңізді сұраймыз, – дейді І топ мүгедегі Батырхан Исаханов.

Мекеменің негізгі жұмыс көлемін, яғни 90% мемлекеттік тапсырыс құрайды екен. Алайда қазір цехтардың көбі бос тұр. Жыл басынан кәсіпорын өнімдеріне мүлдем сұраныс түспеген. Салдарынан жұмысшылар табыс көзінен айрылған. Кәсіпорынның онсызда қиын жағдайын пандемия одан сайын күрделендіріп жіберген. Ұжымның көп бөлігі ақысыз еңбек демалысына жіберілген. Жаздан бері жалақы, салық, коммуналдық қызметтер мен несиелер бойынша берешектер жиналған. Өндіріс басшысы мемлекеттік тапсырыс болмаса қарыздан, тығырықтан шығу неғайбыл деп отыр.

– Тұралауымыздың себебі әлемдік пандемия, екінші жағынан, үкіметтен қолдау болмағандықтан және жергілікті басқару өкілдерінен де ешқандай қолдау болмағандықтан қиын жағдайға тап болып отырмыз. Қарызға да кіріп кеттік. Біздің негізгі тапсырыс беруші әрі қолдаушы бірінші мемлекет, екінші халық, жеке кәсіпкерлер, мектептер еді, – деді «Ұшқын» мүгедектердің оқу өндірістік кәсіпорны директоры Бақыт Жұмашев. 

Ұшқындықтар тығырықтан шығу үшін облыс әкімі мен Президент аппаратына да арызданып хат жазғанын айтады. «Әзірге ешқандайда нәтиже жоқ» дейді.

– Облыс әкіміне наурыз айынан бастап бардық. Біз ақша сұрап жатқанымыз жоқ, жұмыс сұрап отырмыз. Билік тарапынан жұмыстарға қолдау көрсетсе дейміз. Қолдау болса Қызылорда облысы бойынша 600 мүмкіндігі шектеулі азаматты жұмыспен қамтуға болар еді. Облыс әкімшілігіне арнайылап хат та жаздық. Бірақ та түрлі себептермен әлі күнге қабылдаған жоқ, – дейді «Ұшқын» мүгедектердің оқу өндірістік кәсіпорны директорының орынбасары Абзал Меңдияров.

Ұшқындықтар мемлекеттің қолдау берерінен үмітті. Өйткені тәуелсіз сарапшылар, кәсіпорын Үкіметтен жеңілдіктерге ие болуға құқылы екендігін айтады. Мемлекеттік сатып алу заңыңа сәйкес, арнайы мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыс көлемімен қамту қарастырылған. Бұл тендерге нарықтағы өзге ойыншылардың араласуға құқығы жоқ.

Тегтер: