Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 10:31

31 мамыр Қасымбек мереке тойлайды, Сатыбалды асықпайды

Сатыбалды мен Қасымбек
Фото: ашық дереккөз

Мамырда ел тарихына қатысты екі маңызды дата бар. Бірақ сол екеуіне биліктің көзқарасы екі түрлі. Шенділер 9 мамыр, Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталған күнін дабыралы түрде атап өтеді. Ал 31 мамыр, Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні жетім қыздың тойындай елеусіз қалады.

Әрине, 9 мамыр күні сұрапыл соғыста қан кешкен батырлар рухына тағзым етіп, еске алуға қарсы емеспіз. Мемлекет ардагерлерге құрмет көрсетсін, алапат соғыстан сабақ алып, халықты бейбітшілікке шақырсын – мұның бәрі орынды іс-шаралар. Бірақ мұнымен қатар Ресейден бастау алған «Бессмертный полк» сияқты акциялар да өтіп жатады. Шеруге шыққан жұрт қолына КСРО-ның қызыл туын, Сталиннің портретін ұстап, кеңестік әндерді шырқап, қызыл империяны еске түсіреді.

Мысалы, биыл Алматыда 30 мың адам қатысқан «Батырларға тағзым» шеруі өтті. Атауы басқа демесеңіз, бұл 2012 жылдан бері өтіп жүрген «Бессмертный полктің» айна-қатесіз көшірмесі болды. Кеңес одағын еске түсіретін сансыз атрибут көпшіліктің наразылығын туғызды. Әлеуметтік желіде Совет одағының туын ұстаған кей азаматтың Қазақстан туына, әнұранына қарсы болып, шу шығарғанын көрдік. Яғни қазақ билігі тәуелсіз елде тұрып жатып, ескі дәуірді аңсайтын ағайынның бар «еркелігін» көтерді. Олардың жиналысына алаң дайын болды, полицейлер шерушілердің амандығын қорғап жүрді.

Бірақ арада 20 күн өткен соң ел үкіметі өзгеріп сала берді. Билік Кеңес одағы кезінде ашаршылыққа ұшырап, миллиондап қырылған халық пен саяси қуғын-сүргінге түсіп, жазықсыз атылған арыстардың рухына тағзым етуге рұқсат бермей отыр. Әр өңірдегі әкімдіктер 31 мамырда көпшілік жиналатын алаңдар бос болмайтынын хабарлаған. Ал 9 мамырда шеруге шыққан жұртты жолына гүл төсеп, күтіп алған полицейлер 31 мамырда шеру өткізбек болған белсенділерді қудалап, қамап жатыр.

11 қала бейбіт жиын өткізуге рұқсат бермеді

Қазақ халқы өткен ғасырда екі мәрте ауыр аштыққа, ұзаққа жалғасқан саяси қуғын-сүргінге ұшырады деп санайтын азаматтар 31 мамыр күні алаңға шығып, бейбіт митинг өткізуді, құрбандар рухына тағзым етіп, ескерткіштерге гүл қоюды жоспарлаған. 2020 жылы мамырда күшіне енген бейбіт жиындар туралы заң бойынша, бейбіт жиын өткізу үшін биліктен рұқсат алудың қажеті жоқ, тек алдын ала ескерту қажет. Осы заңға сүйенген әр өңірдегі азаматтар 11 қаланың әкімдігіне ескерту хатын жазған. Бірақ ешбірі рұқсат ала алмапты.

Мысалы, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина Семей әкімдігі бейбіт жиынға рұқсат бермегенін жазды. Әкімдік ресми жауабында «жиын өтуі тиіс «Бейбітшілік» алаңы аумағында және «Қазан ағашы» саябағына қарай жүретін жолда Taza Qazaqstan экологиялық акциясы өтетінін» айтқан. Ал Павлодар қаласының әкімдігі белсенділер жиын өткізуді сұраған аумақта «абаттандыру жұмысы жүретінін» хабарлапты. Петропавл мен Шымкент әкімдігі белсенділер жазған ескерту хатында бейбіт жиынның регламенті жоқ дегенді алға тартқан. Астаналық белсенді Эльвира Бекзадина «Жас Алашқа» бірнеше қаланың әкімдігі бейбіт жиын өткізуге рұқсат бермегенін, сондай-ақ белсенділерге әкімшілік іс қозғалғанын айтты.

«Қазақстан бойынша 11 қалада шеру өткізу жөнінде ескерту жолдадық. Менің хатыма Астана әкімдігінен белгіленген орын бос емес деген жауап келді. Ал Амангелді Жахин жолдаған өтінішке белсенділер көрсеткен аумақ бейбіт жиын өткізуге арналмаған орын деп жауап берді. Бірақ дәл сол жерде «Бессмертный полк» акциясы өткен. Ал Орал қаласы әкімдігіне бір емес, үш адам ескерту бердік, бәріне бас тарту хаты келді. Бейбіт жиынға рұқсат бермегені аздай, Степногорск қаласында бізге әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 488-бабы 6 немесе 11-тармағы бойынша іс ашып отыр. Бұл 30-31 мамыр күндері көшеге шықсақ, бізді күштеп ұстап, алып кетіп, қамайды, айыппұл салады деген сөз. Бірақ соған қарамастан, гүл шоғын қоюға барғалы отырмын», – дейді белсенді.

Жақында ғана әкімі ауысқан Алматы қаласы еш себеп айтпай-ақ бейбіт жиын өткізуден бас тартқан. Бұрынғы әкім Ерболат Досаев 9 мамырда 30 мың адам қатысқан «Батырларға тағзым» шеруіне рұқсат берген болатын. Бірақ ол 31 мамырға белгіленген Алаш арыстарын ардақтауға концертке тыйым салды. Досаевтың орнын басқан Дархан Сатыбалды да саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға аса құлық танытпай отыр. Әкімдіктің ресми сайтында 31 мамырда қандай да бір ресми іс-шара өтетіні жайлы ақпарат жоқ. Баспасөз қызметіне сұрау салдық, газет беттелгенше жауап келмеді. Соған қарағанда су жаңа әкім Сатыбалды қала тізгінін қолға алуға асықпайтын сияқты.

Ашаршылық пен репрессия жабық тақырыпқа айналды ма?

31 мамыр – 1997 жылы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып белгіленген. Бірақ содан бері осы датаға арналған мемлекеттік деңгейдегі ірі іс-шара өткен емес. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мектепте тәрбие сағатын өткізу немесе түрлі мәдени шаралармен шектеліп келеді. Ал ашаршылық жайлы билік мүлде айтпайды. КСРО кезінде ашаршылық жабық тақырып болғаны белгілі. Бұл жағдай тәуелсіздік алған соң да аса өзгерген жоқ. Халқымыздың тең жартысы, әртүрлі дерек бойынша 2–4 млн адам ажал құшқан екі алапат ашаршылыққа билік әлі ресми баға берген жоқ.

Қолда бар дерек бойынша, 1927–53 жылдары Қазақстан аумағында 100 мыңнан аса адам қуғын-сүргінге ұшырап, олардың 25 мыңы атылған екен. Сол қатарда Алаш арыстары, әр кезеңдегі қазақ зиялылары қанқұйлы саясаттың құрбаны болды. Мұндай қуғын-сүргін КСРО тарағанша тоқтаған жоқ. 1986 жылғы Алматыдағы Желтоқсан оқиғасында жастарымыз қандай құқай көргені бәрімізге белгілі.

Бірақ ел үкіметі Қазақстан халқы үшін аса қасіретті әрі ауыр датаны атап өтуге, құрбандарды еске алып, құрмет көрсетуге ынталы емес. 2020 жылы Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылып, 2023 жылы жұмысын аяқтады. Тәуелсіз Қазақстанның өткен ғасырдағы арыстарға көрсеткен жалғыз құрметі осы ғана. Бірақ оның жұмысына да бес деген баға бере алмаймыз. Мұны комиссия құрамында болған саясаттанушы Дос Көшім де растап отыр.

«Комиссия атауында «толық ақтау» деген сөз болды. Бірақ толық ақтауға қажетті ең басты шартты орындамай отырмыз. Тіпті бұл шарт 1991 жыл орындалуы қажет еді. Ол – КСРО кезіндегі архивтердің толық ашылуы. Ол мемлекет қазір жоқ. Демек сол кездегі барлық құжат ашық болу керек. Комиссия құрылғанда осы бағытта жұмыс істейміз деп ойладым. Бірақ бізде көп құжат әлі құпия екенін білдім. Оларды көруге комиссия мүшелеріне ғана рұқсат берді, оның өзінде көптеген құжат апарып, тіркелуің қажет. Демек Совет өкіметі кезінде болған оқиғалар, соның ішінде қуғын-сүргін құрбандарына қатысты мәселелер біз үшін әлі жабық. Оның бәрі ашылып, кез келген азамат, кез келген ғалым архивке кіріп, соның бәрін көре алатындай болу керек. Бірақ қазір ондай мүмкіндік жоқ. Комиссия белгілі мөлшерде жұмыс істеді, көп мәселенің беті ашылды, бұрын болмаған деректерді аштық. Бірақ құрбандар толық ақталды, дерек толық ашылды деп айта алмаймын», – дейді сарапшы.

Билік биыл да 31 мамырды елеусіз қалдыратын сияқты. Үкіметтің, парламенттің, әкімдіктердің ресми сайтында Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай іс-шара өтетіні жайлы ешбір ақпарат жоқ. Депутаттар да үнсіз. Биыл 30 жылдығын тойлап жатқан, билік «бірлік пен татулықтың іргетасы» деп әспеттеп отырған Қазақстан халқы ассамблеясы да бұл датаны ескермейтін сияқты, сайтында атаулы күн жайлы ештеңе жазбапты. Біз ассамблеяның баспасөз қызметіне бірнеше мәрте хабарласып, байланысқа шыға алмадық.

Алматы әкімдігінен жауап ала алмағанымызды жоғарыда жаздық. Ал Астана билігі бірер іс-шара өткізуді жоспарлап отыр екен. «Әкімдік «1932-1933 жылдардағы саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арналған» монументке гүл шоқтарын қою рәсімін ұйымдастырады. Оған саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары мен туысқаны, дін өкілдері, қоғамдық және жастар ұйымдары өкілдері қатысады. Содан соң мерекелік іс-шара қатысушыларын алып, «АЛЖИР» мемориалды-мұражай кешеніне гүл қою мерекелік рәсімін өткізеді», – дейді елорда әкімдігінің баспасөз қызметі. Бірақ қала әкімі Жеңіс Қасымбек құрбандарды еске алу күнін не үшін мереке қатарына қосып қойғанын түсінбедік.

Кейінгі бірнеше жылда тарих түгендегіш болып, саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтаймыз деп белсеніп жүрген қазақ билігі неге жүрісінен жаңылып, 31 мамырдағы бейбіт жиындарға рұқсат бермей отырғаны белгісіз. Әлде бұған Ресеймен ортақ тарих жазу жөніндегі келіссөздер әсер етті ме екен? Ресей президенті Владимир Путин кейінгі кезде тарихқа ден қойып, КСРО құрамынан шыққан елдерді «ортақ тарихын бұрмаламауға, қайта жазбауға және қараламауға» шақырып жүр. Тіпті кейбірін осыған көндіріп, арнайы құжатқа қол қойғызып алған.

Сарапшылар Путин Украинамен соғыс басталғаннан бері «сталиншіл» болып алғанын айтады. Биыл сәуірде Путин Волгоградтағы Гумрак әуежайының атын «Сталинград» деп өзгертті. Тіпті ол Волгоград қаласына Сталинград атауын қайтаруды ойластырып жүргенін айтқан. Сондай-ақ Ресей билігі Иосиф Сталинді және оның жаппай репрессиясын ақтауға барын салып жатыр деген ақпарат бар. «Коммерсант» газеті хабарлағандай, елдің бас прокуратурасы саяси репрессия құрбандары жайлы көптеген істі қайта қарап жатыр. 2022 жылдан 2024 жылға дейін Мәскеу 1990–2000 жылдардағы ақтап алу істерінің төрт мыңнан астамының күшін жойған.

2022 жылдан бері Ресей Орта Азияға бағытталған идеологиялық шабуылды күрт күшейтті. Кремльге Қазақстанның тарихты өз бетінше жазып, Ресейді отаршы, басқыншы ретінде көрсеткені мүлде ұнамайды. Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алып, оларды ұлықтасақ та, Мәскеудің мазасы қашады. Демек 9 мамырды ұлықтап, 31 мамырды елеусіз қалдырудың астарында ел билігінің саяси солқылдақтығы жатқан болуы мүмкін.

«Билік басындағылар архивті толық ашуға болмайды деп санайды. Кезінде қылмыс жасағандардың және сол кезде зорлық-зомбылыққа ұшыраған адамдардың аты-жөні белгілі болса, олардың ұрпағы бір-бірімен жауласып, кек алу мәселесі пайда болады дегенді естідім. Өз басым бұл пікірмен келісе алмаймын. Бұл қазіргі азаматтардың әкесі емес, аталарына қатысты әңгіме. Сондықтан бұл үлкен проблема туғызбаса керек. Мысалы, Шәкерімді атқан Қарасартовтың немересімен кездестім. Қарағандыда үлкен жұмыс істепті, фамилиясы – Қарасартов. Өзінің ұлтшыл екенін айтып, біздің жиналыстарға келіп жүрді. Оны ешкім жағасынан алған жоқ, ешкімнің жаулығын көрген жоқпын.

Кеңес өкіметі кезіндегі жасалған қылмыстың бәрі тоталитарлық жүйенің қылмысын көрсетеді. Ал біздің қазіргі билік сол жүйенің заңды жалғасы болып отыр. Сондықтан бізде Совет өкіметі кезінде істелген қылмыс, коммунистік партияның әрекеті ашық айтылмайды. Яғни сол кездегі коммунистік партияның адамдары билікті қолдан шығармай, тәуелсіз Қазақстан деген атпен әрі қарай жалғастырып әкетті. Менің ойымша, барлық қылмыс Совет өкіметі мен коммунистік партия тірелген тұста қазіргі басшыларға да келіп тиеді. Мысалы, Қазақстан коммунистік партиясының басшысы Назарбаев бір күнде тәуелсіз елдің президенті болып шыға келді. Демек оның ол еш уақытта коммунистік партияны жамандауға, оның қылмыстарын ашуға құлқы болмайды. Сондықтан менің ойымша, толық ақтау мәселесін саяси ойын есебінде көтерді, сондықтан аяғына дейін толық жетпеді. Себебі өздері сол жүйеден шығып, сол жүйені басқа формада жалғастырып отыр. Жүйе өзгерген жоқ, тек территория өзгерді. КСРО территориясында Қазақстан сияқты елдер пайда болды, ал басқару жүйесі, идеологиялық жұмыс бәрі сол қалпында қалды. Демек олар өздері отырған бұтақты өздері шаппайды деп есептеймін.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға Ресейдің кедергісі бар ма деген сұрақ тәуелсіз елде қойылмауы тиіс. Мұндай сұрақ билік басындағыларды ақтап алу үшін айтылады. Яғни ел басшылары тарихты ұлықтағысы келеді, бірақ әлдекім жол бермей отыр деген сөздерді еш уақытта дәлел ретінде қабылдамауды ұсынамын. Егер біз біреудің айтқанын істейтін болсақ, тәуелсіздік үшін неге күрестік? Тәуелсіз елміз деп неге айтамыз? Осыған қатысты бір жағдайды білемін. 2016 жылы Қырғызстан 1916 жылғы көтерілісті ұлт-азаттық көтерілісі ретінде мемлекеттік деңгейде атап өту жөнінде шешім шығарды. Сол кезде Ресей нота жолдап, соны тоқтатты дегенді естігенім бар. Бұл барып тұрған империялық саясаттың жалғасы деп есептеймін. Патшалық Ресей қазіргі Ресей емес. Ендеше, 1916 жылғы көтеріліс мәселесінде неге шырқырап кетеді? Себебі олар бұрынғы Ресейдің жалғасы, ескі империялық, державалық саясатты жалғастырып отыр. Соны өздері көрсетіп отыр», – дейді саясаттанушы Дос Көшім.

Қуаныш Қаппас