331 миллион. Суға бөлді, желге ұшты
Алматы облысында атқарылмай жатқан шаруа көп. Ал аймақ басшысы жуырда ғана президентке кіріп есеп бергенде, бітпеген жұмыстарды бүгіп қалды.
Есеп басқа, елдің жайы басқа. Мәселен, Кеген ауданының Бөлексаз ауылына 2020 жылдың мамыр айында су жүйесін жүргізу үшін 331 миллион 957 мың 371 теңге бөлініп, мемлекеттік сатып алу сайтында конкурс жарияланған. Оны «Дәнекер» ЖШС ұтып алыпты. Жұмыс 2021 жылдың қазан айында аяқталады деп көрсетілген. Ал бөлексаздықтар әлі күнге дейін Сәбеттен қалған жалғыз шүмекке телміріп отыр. Оның өзінде ауыз су кестемен беріледі. Таңертең – сегіз бен тоғыз, түстен кейін төрт пен бестің арасында ғана ағады. Үлгермесеңіз, күнұзақ қаталайсыз да отырасыз.
Ауыл тұрғындары 331 миллион теңгеге тартылған ауыз су жүйесінің сапасы сын көтермейтінін айтады. Көше-көшедегі құдықтың темірқақпағы сынған, шытынаған, кейбірі тоналған. Құдық басындағы бетон жарылып жатыр. Талап бойынша құдықтың ернеуі жолдан биік болуы керек, бірақ көшеге төселген тастың астында қалыпты. Тізе берсеңіз, сапасыз жасалған жұмыста мін көп. Аудан атқамінерлерінің айтуынша, сот мердігер компанияны олқылықты түзету үшін міндеттеген. Іс жеке сот орындаушыларына өтіпті. Былтыр Кегенге келген облыс әкіміне есеп берген сол кездегі аудан басшысы Талғат Байеділов аудандағы ауыз су мәселесі 95 пайызға шешілгенін айтып еді.
Бөлексазды таза сумен қарық қыламыз деген «Дәнекердің» мемлекеттік сатып алу порталындағы деректерге көз жүгірттік. «Іс сот орындаушыларына өтті» деген компанияның есепшоттары бұғатталмаған, қара тізімге енбеген. Порталдағы соңғы сатып алу 2023 жылдың наурыз айында тіркеліпті. Бұлар 2021 жылы Райымбек ауданының Қарасаз және Шәлкөде, Ұйғыр ауданындағы Қалжат ауылының ауыз су құрылысын ұтып алған. Қазір олар да жылап отыр. Биыл «Дәнекер» ЖШС Қостанай облысынан екі ауылдың су құбырын жасау үшін 575 миллион теңгенің келісімшартын жеңіп алыпты. Қарағандының Қарқаралы қаласынан 169 миллионның, Батыс Қазақстан облысынан су құбырын қайта жаңарту үшін 535 миллион, Түркістан облысынан сумен жабдықтау құрылысы үшін 1 миллиард 746 миллион теңгенің келісімшарттарын жасасқан.