Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:35, 25 Шілде 2024

3,5 млн адам үшін букмекерлік кеңселер мен казинолардың есігі жабылды

лудомания
Фото: narkology.info

Шілденің жетісі күні президент «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі, лотерея қызметі, денсаулық сақтау, мемлекеттік еңбек инспекциясы, мемлекеттік бақылау және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

Осы заңға сәйкес енді құмар ойындарға/бәс тігуге қатысуына тыйым салынатын адамдар санатының тізімі кеңейтілетін болады.

Сондай-ақ олардың қатарына Борышкерлердің бірыңғай тізілімінде тұрған тұлғалар (атқарушылық іс жүргізу бойынша борышкерлер туралы мәліметтерді қамтитын электрондық деректер банкі) қосылды.

«Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеу енгізу арқылы жауапты мемлекеттік лауазымды қызмет атқаратын, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, оларға теңестірілген адамдардың құмар ойындарға/бәс тігуге қатысуына шектеу қойылады» деп көрсетілген хабарламада.

Бұдан былай мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметшілер, арнайы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың басшылары құмар ойындарға/бәс тігуге қатыса алмайды. Бұл шектеуді сақтамағаны үшін оларды жұмыстан шығару шарасы қарастырылған. Ойын бизнесін ұйымдастырушылардың қызметін реттеу тетіктері күшейтілді.

Туризм және спорт министрлігі ойын мекемесінің, букмекерлік кеңсенің, тотализатордың, ставкаларды қабылдау және құмар ойындардың/бәс тігудің бірыңғай ережелерін бекітеді.

Атап айтсақ, «Букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамаларына шектеу қойылды. Атап айтқанда, букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды сыртқы (көрнекі) жарнамасына, сондай-ақ олардың қызметін көлік құралдарында, бұқаралық ақпарат құралдарында, кино, видео және анықтамалық қызмет көрсету орындарында жарнамалауға тыйым салынады».

Белгілі болғандай, мына жағдайда ғана жарнамалауға рұқсат етіледі:

букмекерлік кеңсе немесе тотализатор орналасқан жердегі сыртқы жарнамаға;

спорт ғимараттарының ішінде және спортшылардың киімінде;

спорттық тақырыпқа маманданған және ресми тіркелген БАҚ-та отандық телеарналар халықаралық спорттық жарыстарды тікелей трансляция жасаған кезде.

Сонымен қатар лотерея қызметін реттеу тетіктері жаңартылды. Нақтырақ айтқанда, тұрғын үйлерде, жатақханаларда, ғибадат үйлерінде, мәдениет ұйымдарының ғимараттары мен құрылыстарында, әлеуметтік объектілерде (білім беру, денсаулық сақтау), сондай-ақ олардан жүз метр қашықтықтағы радиуста лотерея билеттерін таратуға және лотерея терминалдарын орнатуға тыйым салынады.

Құмар ойындарды насихаттаған блогерлер мен қоғам белсенділері кемі 200 мың теңге айыппұл төлейді. Олардың әлеуметтік желідегі парақшасы бұғатталады. Осыған дейін анықталғандай Қазақстанда құмар ойындарға тәуелділердің саны 350 мыңнан асады. Олардың әрқайсысының берешегі шамамен 10 млн теңгеден. Ойын автоматтары мен онлайн-казиноларға құмартқандардың арасында мектеп оқушылары да бар.

Негізі қазақстандықтар бәс тігуден өз еркімен бас тарта алады. Ал оны шектеу мерзімі 1 жылдан 10 жылға ұзарды. Яғни өз-өзіне шектеу қойған адамның 10 жыл бойы ойын бизнесіне салған ақшасы қабылданбайды. Соңғы 3 айда 150 мың адамнан осындай өтініш түскен. Сонымен бірге 3,5 млн адам үшін букмекерлік кеңселер мен казинолардың есігі жабық.

Сонымен қоса жаңа заңға сәйкес мемлекеттік қызметшілер мен әскери қызметкерлер, бюджеттік ұйым басшыларына да бәс тігуге тыйым салынды. Мұндай шектеуге 280 мың адам іліккен. Талапты бұзса, ешқандай ескертусіз жұмыстан шығарылады. Ал әлеуметтік нысандарда және оларға жақын аймақтарда лотерея кеңселерін орналастыруға және билеттерін сатуға болмайды. Онлайн-казино ұйымдастырушылар қылмыстық жауапқа тартылады. Олар 7,5 млн теңге айыппұл төлеп немесе 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұдан бөлек, букмекерлік кеңселер мен басқа да ойын бизнесін жарнамалауға ішінара тыйым салынады.

Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, Қазақстанда «лудоман» диагнозымен небәрі 19 адам ресми есепте тұр. Туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаев бұл статистика елдегі шынайы картинаны көрсетпейді деп отыр. Оның айтуынша, құмар ойынға салынғандар мемлекеттік клиникаларға барып емделуден қашады. Себебі лудоман ретінде есепке тұрудың өз қиындығы бар.

«Лудомандар көмек үшін мемлекеттік клиникаларға жүгінбейтіні жасырын емес. Себеп – бұл осындай пациенттердің динамикалық есебі. Есепке алынған азаматтар жоғары оқу орындарына түсе алмайды, әскерде қызмет етпейді немесе жұмысқа тұра алмайды», – деді Төлебаев.

Вице-министр тәуелді адамдардың басым көпшілігі қыруар ақша төлеп, жекеменшік клиникаларда реабилитациядан өтеді. Айтуынша, енді мемлекеттік клиникаларда да анонимділік сақталады. Осылайша, лудомандар тегін медициналық көмекпен қамтылады.

Қаламгүл ӘДІЛОВА

Тегтер: