Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:26, 24 Желтоқсан 2020

350 млрд доллар қайда кетті?

None
None

350 млрд доллар. Бұл – 1991 жылдан бергі елімізге тартылған инвестицияның көлемді көрсеткіші.

Дүниежүзілік банктің Doing Business рейтингіне сәйкес, Қазақстан инвестиция тарту бойынша 190 елдің ішінде 25-орынға жайғасқан. Тәуелсіздік алғалы бері елімізге әлемдік 120 елден инвестиция құйылған екен.  Осы тұста Қазақстан Орталық Азиядағы ең көп инвестиция тартылатын мемлекет екенін алға тартсақ, ел экономикасы басқаларға қарағанда, едәуір дамуы керек-ті. Ал тартылып жатқан көл-көсірдің есебін ескерсек, 30 жылда мүддемізге жарайтын ілкімді істер атқарылды-ау дерсің. Алайда саны көптің сапасын сұрауға ұяламыз.

                      Сұрауы жоқ һәм инвестиция

Сарапшылар мұнай-газ, тау-кен, ауыл шаруашылығына бөлініп жатқан инвестициялар өзін-өзі ақтап жатыр дейді. Әйтсе де кейбір компаниялар немесе  инвесторлармен жасалған келісімшарттар кем-кетігін жасыра алмай әлек. Оның үстіне, Қазақстан шетел капиталын қарыз бен несие ретінде де тартып жатқанын таразыласақ, бұл болашақта, кем дегенде, екі есе қайтарымды талап ететін жүйе болатыны бесенеден белгілі.

Сонымен, елге тартылған инвестициялар қайда кетті? Қай саланың жыртығын жамап жатыр? Зерттеп көрдік.

2018 жылдың қорытынды нәтижелеріне назар салсақ, 27 жылдың ішінде Қазақстанға 219 млрд доллар шетелдік инвестиция тартылып, оның 104 миллиарды шикі мұнай мен табиғи газ өндіруге жұмсалған. Сақтандыру және зейнетақыны қоспағанда, қаржылық қызметтерге – 13 млрд, металл кені мен металлургия өнеркәсібіне, көтерме және бөлшек саудаға, құбыр арқылы тасымалдаудың әрқайсысына 10 млрд АҚШ долларынан құйылған. Сондай-ақ геологиялық барлау мен іздестіру жөніндегі қызметке – 5 млрд, құрылыс саласына 4 млрд доллар инвестиция салынған екен.

Ал өткен жылдың көрсеткіштеріне сәйкес, шетелдік инвестициялардың 56,3 пайызын тау-кен өнеркәсібі иеленген. Бұл салаға 13 585 млн доллар тартылған екен. Сондай-ақ шетелдік инвесторлар өңдеу өнеркәсібін – 3,5 млрд, сауданы – 3 млрд, көлік пен қойманы – 1,1 млрд, қаржы және сақтандыру қызметін 1 млрд доллармен қаржыландырған.

Байқағанымыздай, елімізде инвестиция тартудан таршылық көрмей отырған сала тау-кен, мұнай-газ екенін аңғардық. Сәйкесінше, шетелдік инвесторлардың қалтасын қағып жатқан салалар ЖІӨ-нің 86 пайызын құрайтынын ескерсек, неге елдегі жалпы ішкі өнімнің үлесі үмітті ақтамай отыр, деген сұрақ туындайды.

Бұл туралы GSB UIB бизнесті талдау орталығының директоры, экономист Мақсат  Халық басқа экономикалық салалардың инвестициядан  тысқары қалып, тау-кен, мұнай-газдың ғана шашбауын көтеріп отырғанымызды айтады. «Сол қаражаттың 90 пайызы шикізаттық секторға, негізінен, мұнай-газ, тау-кен саласына тартылған. Қалған 10 пайызы ғана экономиканың нақты секторына бөлінген. Сәйкесінше, ЖІӨ-нің 70 пайызын мұнай-газ құраса, 16 пайызын тау-кен түсті металдар саласы құрап отыр. Мысалы, сіз екі ағаш егіп, оған бір шелек судың 90 пайызын біреуіне, ал қалған 10 пайызын екіншісіне құйсаңыз, нәтижесінде, көп су құйылған ағаш молынан жеміс береді», – дейді экономист.

KAZAKH INVEST мониторингтік жүйесі Қазақстанға тартылған инвестиция арқасында, 58 мың жұмыс орны құрылып, жалпы сомасы 46,5 млрд доллар қаржымен 172 инвестициялық жоба іске асқанын айтады. Тұтастай алғанда, бұл жобалар экономиканың АӨК, жеңіл өнеркәсіп, ТМК, машина жасау, мұнай-газ химиясы, ЖЭК жобалары, логистика және басқа да салаларын қамтиды екен. Алайда биылғы дерекке ден қойсақ, автокөлік сатылымы бойынша елде көш бастап тұрған оңтүстіккореялық Hyundai болса, бір ай ішінде 667 автокөлігін сатқан Ravon маркасы мен ресейлік Lada үштікке енген. Ал Қазақстанда жасалған машиналардың сатылымы тым төмен деңгейде. Елімізде тауарлар импортында ТОП-10  ішінде негізгі өсім жеңіл автомобильдер мен автобөлшектерге тиесілі. Өзімізде өндірілген тауарларға тапсырысты арттырмауға кім кедергі? Әлде сапасы сыр бере ме? Тағы бір айта кететіні, Қазақстан өткен жылдың өзінде мұнай мен мұнай өнімдерін 142 861 мың АҚШ долларына импорттаған. Елде мұнай-газға құйылатын инвестиция саны көп болғанымен, шикізатты өңдеуге келгенде, ақсаңдап келеміз.

Сондай-ақ ресми деректерде шетелдік инвесторлардың 50 пайыздан аса қаржысы тамақ өнімдері, сусындар мен темекі өндіруге тартылғаны көрсетілген. Мысалы, Түркістан облысында үнді инвесторлары тез дайындалатын кеспе өндіру жобасын іске асырған-ды. Тағы бір әттеген-айы, кейбір өнімдерін тасымалдауға тыйым салғанына қарамастан, жылдам пісетін кеспе бойынша импортты Оңтүстік Корея елі көш бастап тұр. Отандық өнімге шетелдік талай инвесторлардың қалтасы қағылғанымен, импорттың саны азаймай тұр. Бұл туралы экономист Арман Байғанин былай  дейді: «Бізде халықтың тек 43 пайызы ғана жергілікті өнімді тұтынады. Ал бұл ЖІӨ-нің 4-5 пайызын ғана құрап отыр. Инвестиция тартқан кезде көлеңкелі экономикада қалып қойған салаларға аса мән берілмейді. Яғни ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тарту мәселесі ақсап тұр. Сондай-ақ бізге сапаға жұмыс істеу керек. Жаңа бағыттарға – технологиялық, менеджменттік жұмыстар мен жасалынып жатқан өнімнің сапасын көтеретін, істі жеңілдететін дүниелерге назар аудару керек. Инвестицияны осыларға бағыттау қажет. Елімізде ауыл шаруашылығы өте нашар жабдықталған. Әлемдік рынокқа бәсекелестікке түсетін компаниялар да жоқтың қасы. Біздің үлкен кемшілігіміз осы және елге инвестициялар көп тартылғанымен, шығарылып жатқан өнімдерде сапа төмен. Мысалы, автокөлік, тоңазытқыш, теледидар жасап шығарғанымен, тұтынушылар саны тым аз. Сонымен қатар, біздің  кәсіпорындар көбіне дайын өнімдер шығармайды. Көп жағдайда жартылай өңделген шикізаттар жасауға құмармыз. Мұнайға келгенде де дәл солай. Өзімізде бар шикізаттың өңделген түрін екі есе бағасына импорттап жатырмыз».

Ал биыл шетелдік инвесторлар тәуекелге аса бара қоймаған. Ұлттық банктің дерегіне сәйкес, елімізге сырттан тартылған салымдар 2020 жылдың 1-жартыжылдығында 8,1 млрд АҚШ долларына төмендеген. Қазақстанға қаржы құюға құмар шетелдік қалталылар неге биыл қадамын қарыштап баспай отыр? Мақсат Халықтың пікірінше, елдегі саяси тұрақсыздық инвестиция тартуды тежеп отыр. Айтуынша, шетелдік инвестордың қадамын  шектеп отырған мәселе өткен жылғы президент және биылғы парламенттік сайлауға дайындық екенін алға тартты.

           Қазақстанға кімдер инвестиция құюға құмар?

Отыз жылға жуық уақытта елімізге тартылған инвестицияның 50 пайыздан астамы Еуроодақ елдеріне тиесілі екен. Алғашқы орынды нидерландылық инвесторлар еншілейді. Олар 30,2 пайызды, яғни Қазақсан экономикасына  7,3 млрд доллар құйған. Күміс жүлде 23 пайызды (5,5 млрд доллар) құрайтын АҚШ-тың қанжығасында. Ал Швейцариядан 2,2 млрд доллар инвестиция тартылса, Қытай  ресейлік инвесторларды ығыстырып, 7 пайызбен төрттікті тамамдап тұр. Солтүстіктегі көршіміз инвестиция көлемінің 5,8 пайызын иеленіп, 1,4 млрд қаржымен елді қарық қылған.

         Ресейді шаңына ілестірмеген Қытай инвесторлары Қазақстанға келгенде мәрттігі басым дерсің. Себебі биылдың өзінде карантиндік қарекетке қарамастан, 20 жобаны іске қосып үлгерген. Қытайға келгенде күмәні сейілмейтін халық бұл инвестицияның да ишарасын көруге ынталы емес.

         Сонымен, 350 млрд доллардың дені мұнайдың мұңын мұңдап, тау-кеннің жоғын жоқтауға жұмсалған екен-мыс. Ал нәтижесін естіген құлақ, көрген көз бар ма екен? Есебін берер бір естінің айтары болмай тұр. Мұнайға тәуелділіктен тартынбайтын Қазақстан экономиканың өзге салаларынан хабары бар ма? Бұл туралы экономист Мақсат Халық экономиканың көлеңкеден көз ашпаған салаларына да инвестиция құю керегін айтады. «Енді тартылатын инвестициялар алғашқы кезекте ауыл шаруашылығына бөлінуі керек. Оның ішінде мал және егін шаруашылығына баса назар аудару керек. Соңғы технологиялар негізінде жылыжайлар салуға болады. Шалғайдағы энергия көздері жеткіліксіз ауылдық жерлерге баламалы энергия көздерін пайдалану мәселелерін шешу керек және жасыл экономикаға инвестиция тартуды дұрыс деп есептеймін. Сондай-ақ логистика мен туризм саласына да үлкен мән берген дұрыс деп ойлаймын. Қарапайым заттар экономикасына да назар аударған абзал. Ең болмағанда Қазақстан өзінің ішкі нарығын, импорттық тауарлардың орнын ауыстыратын өнімдерді өндіруге инвестиция тартылуы тиіс»,  –  дейді экономист.

Тегтер: