Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 15:15

«355 млрд теңге желге ұшты» - Смайыловтың қорытындысы

Смайлов
Фото: ашық дереккөз

2024 жылдың басынан бері Қазақстанда мемлекеттік қаржыны тиімсіз жоспарлау, мақсатсыз пайдалану және түрлі қаржылық заңбұзушылықтар салдарынан бюджетке 355 миллиард теңге көлемінде шығын келген. 

Бұл туралы Жоғары аудиторлық палата хабарлады. Аталған органды Премьер-министр Әлихан Смайылов басқарады.

Жоғары аудиторлық палата 2025 жылдың бірінші тоқсанында еліміздегі 24 мемлекеттік мекемеге кешенді тексеру жүргізіп, жалпы сомасы 5,9 трлн теңгеге жуық қаржылық операцияларды талдаған. Тексеру барысында мемлекеттік қаражатты тиімсіз жоспарлау мен мақсатсыз жұмсауға қатысты бірқатар ірі заңбұзушылықтар тіркелді.

Анықталған негізгі кемшіліктер мыналар:

  • Мемлекеттік органдар тарапынан 287,6 млрд теңге көлеміндегі қаражат мақсатсыз және тиімсіз жұмсалған;

  • Жоспарлау барысында жіберілген қателіктер салдарынан мемлекет 64,6 млрд теңгеге шығынға батқан;

  • Лауазымды тұлғалар тарапынан 3,3 млрд теңгенің нақты қаржылық заңбұзушылықтары тіркелген.

Жалпы шығын сомасы 355 миллиард теңгеге жетсе де, оның тек 3,3 миллиард теңгесін ғана қайтаруға мүмкіндік бар. Бүгінгі таңда бюджетке қайтарылған сома небәрі 1 миллиард теңгені құрап отыр.

Жоғары аудиторлық палата бұл мәселелер бойынша Үкіметке бюджет қаржысын тиімді пайдалану мақсатында 32 ұсыныс жолдаған. Сондай-ақ, жыл соңына дейін 30-ға жуық аудиттік тексеру жүргізуді жоспарлап отыр.

Айта кетейік, бұған дейін Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кірістер комитеті де 444 қазақстандық компанияға қатысты салықтық тексеріс басталғанын хабарлаған болатын. Бұл шаралар елдегі қаржы тәртібін күшейту мен мемлекеттік қаражаттың тиімділігіне бақылауды арттыру мақсатында қолға алынған.

Тегтер: