Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:00, 22 Желтоқсан 2021

42 500 немесе мемлекет қажеттілігі

None
None

42 500. Бұл сан пандемия басталғалы бері «қасиетті» санға айналғандай. Бұл – мемлекетіміз есептеген әр қазақстандықтың ең төменгі жалақы мөлшерлемесі.

Осы соманы мемлекет пандемия кезінде жұмысынан айырылған, кәсіпкерлігіне зиян тиген азаматтарға төлеуге шешім қабылдады. Қаражат мемлекеттік сақтандыру қоры есебінен төленді. Осылайша шенеуніктер орта топтағы әр қазақстандық ай сайын 42 500 теңгеге өмір сүре алады деген ұйғарым жасады.  

Оны қойшы дейміз. Бұл сомаға қалайша отбасын асырап, азық-түлігін, киім-кешегін алады деп те ойланасың. Мемлекет жылы орындарында отырып емес, халықтың кебісін киіп барып, осындай ұйғарымға келді емес пе? 

«Қасиетті» сандар қатарына зейнетақы қорынан шешуге болатын жеткілікті шек мөлшерлемесі қосылды. Келер жылдың сәуірінен бастап бұл шек мөлшері өсетіні қараша халық арасында дүрбелең салды. Ал БЖЗҚ-да жеткілікті шек әр жасқа және болашақта өсетін зейнетақы сомасына байланысты есептелгенін айтады. Үкімет болса шектік соманың өсуін келер жылдан бастап көбейетін ең төменгі жалақы мөлшерімен байланыстырады. Яғни 42 500 теңгеден 60 мың теңгеге дейін. Ендігі кезекте халық игілігі үшін мемлекеттік сатып алумен алынып жатқан дүниелерге көз жүгіртсек, қарашаға осыдан қандай пайда бар деген ойда қаласың. 

Тізімді 100 пайыз жібектен жасалған кілем бастайды. Қате оқымадыңыз, шынымен де кілем. Таза жібек жіп иіріліп, тоқылған кілемді Ақмола облысы әкімдігіндегі халық қалаулылары қалапты. Биыл пандемия ушыққан тұста әкімдік жібек жіптен тігілген 21 кілемге тапсырыс берген. Жалпы сомасы 5,6 млн теңгені немесе 132 төменгі айлық сомасын құрайды. Бәлкім, 132 қарапайым жұрттың жеткілікті қаражатына алынатындай бұл кілемде қандай артықшылық бар дерсің. Ғимарат ішінде жылуды сақтауға бағытталған жаңа технологиямен жасалған болар, бәлкім. Дыбыстарды бәсеңдетуге арналған арнайы окустикалық бағытта шығар? Не болса да, әкімдік қызметкерлері күн сайын бір қазақстандыққа тиесілі алты айлық орташа айлығын басып жүреді. Бір кілемнің бағасы осы алты айлық жалақыға тең. 

Жібек жолы Венецияға жалғасады. Жамбыл облысының әкімдігі 2021 жылы мемлекеттік тапсырысқа жібектен жасалған венециандық жалюзилерге тапсырыс берген көрінеді. Тапсырыстың техникалық сипаттауына: «Жібектен жасалған венециандық (көлденең) жалюзилер. Көлденең орналасқан жалюзилер бірінің үстінде бірі орналасуы тиіс. Араларына азғантай шнур тартылған, соның арқасында жалюзи бір мезетте және симметриялы түрде айналады», – делінген. Венециандық стильде рәсімдеу пандемия кезіндегі шетелге саяхаттауға тыйым салынуымен байланысты шығар. Бұл шектеу мемлекеттік сатып алу мекеме қызметкерлеріне психологиялық түрде әсер еткен көрінеді. Әлде карантин кезінде азаматтардың тұрғын үй-жайларын жақсартамын деген ойлары болса, венециандық стильді таңдауға болатынын көрсеткісі келді ме? Осы венециандық жібекке «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы 1 млн теңге немесе 24 ЕТЖ жұмсады.

Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтына да әдемілік әрі сәл демалыс рахатын сыйлайтын дүние жат емес. Мүмкін, бұл сатып алулар жоғары оқу орны оқытушыларының пандемия кезіндегі қашықтан оқытудан алған күйзелісті орнына келтіруге бағытталған болар. Өйткені профессорлық-оқытушылық құрам кокон-креслоларға тапсырыс беру арқылы өздерін осылай уатайын деген шығар. Неліктен қызыл түсті және қызыл жастықшалары бар кокон-кресло қажет екені белгісіз. Мүмкін, институт мұражайы тарихына «қызыл бұрышты» қайта жаңғырту ма деген ой келеді еріксіз. Креслоларды сатып алуға институт 3,2 млн теңге немесе 75 ЕТЖ жұмсады. Шамасы, дағдарыс, қашықтан жұмыс және оқу кезінде кокон-креслоларын сатып алу шұғыл қажеттілікке айналды-мыс.

         Пандемия кезінде көпшілік жұмысынан айырылған тұста Талғар ауданының әкімдігі балаларды қызметке алу арқылы демеу көрсеткісі келген сияқты. Бірінші кезекте автокөліктің спорттық дизайнынан хабары барын алған көрінеді. Әйтпесе 15 млн теңгеге көлікке арналған балалар креслосын алудағы мақсатын түсіндіру қиын. Спорттық дизайн дегеніміз – әкімдіктің қызметтік автокөлігінің техникалық сипаттамасында: диффузоры бар спорттық артқы бампер және балалар креслосына арналған бекіткіш туралы міндетті талап болды. «Бар жақсы – балаларға» деген оймен әкім қаражатты да аямай, қызметтік көлікке 15 млн теңге бөлді. Ал бұл дегеніміз – 353 ең төменгі айлық мөлшері немесе ай сайын 42 500 теңге жұмсайтын 30 жыл өмір. Қызығы – техникалық сипаттамада балалар креслоларының, кіріктірілген планшеттердің, жылытылатын бөтелкелердің және т.б. болуы туралы талап болмауы. Себебі балаларға болған соң, оларға да заманауи жағдай жасалынуы тиіс қой.

Осы уақытта «Қазақстан Республикасы ішкі істер министрлігінің Қарағанды облысының полиция департаменті» мемлекеттік мекемесі логотипі бар (полиция департаментінің логотипі туралы сөз болып отыр деген үміттеміз) және футляры 6,5 млн теңгеге жуық 300 ер (гендерлік төзімсіздікке жол беріп отыр, нәзік жанды полицейлер ше?) қолсағаттарын сатып алуға тапсырыс орнатады. Ал бұл 150 АЕК-ке жуық. Мүмкін, бұл сатып алу қажеттілігі полиция қызметкерлерінің жиналыстарға созылмалы кешігуіне немесе әрқайсысының смартфонында әртүрлі уақыт параметрлері орнатылғанымен байланысты болса керек-ті. Өз кезегінде қарапайым тұрғын жарты ай бойы 21 мың теңгеге өмір сүрсе, қарағандылық тәртіп сақшысы бұл сомаға сағат жиынтығын сыйға алады. Парадокс дерсің.

2020 жылдан бастап бүкіл әлем бойынша денсаулық сақтау жүйесі, сондай-ақ Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасының Атырау облыстық ауруханасы да қарқынды жұмыс істеп келеді. Қазақстанның мұнайлы астанасының облыстық ауруханасы техникалық ерекшеліктер бойынша «сүлік» (пиявки) болып табылатын тасбақаларды сатып алуға ниет білдіреді. Бұл дәл сатып алу кезінде эволюцияда үлкен серпіліс жасап, жаңалық ашады. Бұл қарқынды мутация мемлекетке жалпы сомасы 1,7 млн теңгеге салмақ түсіреді. Яғни 36 адамның төменгі жалақысы сүліктің емдік әсері бар «біртүрлі тасбақаға» тең. Сатып алу шарты бойынша не жеткізілсе де, бұл аурухананың белгілі бір қызметкерлері үшін ғана емес, сонымен бірге оның пациенттері үшін де пайдалы сатып алу болды деген ойдамыз.

Еліміздің бас телеарнасы – «Хабар» өзінің алғашқы онжылдығын ерекше атап өту мақсатында жалпы құны 2,5 млн теңгеден асатын алтын төсбелгілерді сатып алды. 50 зергерлік бұйымға қойылатын талап: «Төсбелгі Au 585 алтыннан (14 карат), сол үлгідегі алтыннан жасалған түйреуіште жасалуы керек. Белгішенің пішіні «Хабар» ресми логотипі түрінде, ортасында «10» саны бейнеленген. Белгішенің салмағы кемінде 2 грамм». Тапсырыс беруші бұл керемет зергерлік бұйымдардың кімге арналғанын және оларды неге алтыннан жасалу керектігін толықтырмаған. Бұл белгішені теледидар мен журналистік жұмыста белсенді қолдануға болады деген ойдан басқа ештеңе келер емес. Мысалы, студиядағы микрофон «петличкасы» немесе журналистік зерттеу, тергеу жүргізу үшін. Әсіресе мемлекеттік сатып алудағы сыбайлас жемқорлық туралы жасырын камера, диктафон орнатылған шығар?

5 млн теңгеге жуық бағадағы кондиционер Атырау облысы әкімі аппаратының «Ахуалдық орталық» КММ-не шұғыл түрде қажет болды.  Сатып алудың жоғары құны шенеуніктердің «прецизондық» құрылғыны сатып алуды шешкенімен байланысты. «Прецизиондық кондиционер – бұл белгілі бір бөлме үшін қажет тұрақты микроклиматты қалыптастыруға және сақтауға мамандандырылған климаттық құрылғы. Ол әртүрлі типтегі құрылғылардың түріне жатады, өзінің дизайнымен ерекшеленеді және негізінен өндіріс саласында қолданылады» делінген сипаттамада.

Ахуалдық орталыққа дәл осы қымбат құрылғы не үшін қажет екені (шенеуніктер қызу талқыға толы кездесулер кезінде салқындауы үшін, мүмкін) және қандай өндіріс туралы сөз болып отырғаны түсініксіз. Бірақ Атырау тұрғындары кондиционердің барлық сүйкімділігін 5 миллион теңгеге (айтпақшы, шамамен 120 ЕТЖ) тамашалайтынына сенгіміз-ақ келеді. Қала мектептерінің оқушылары үшін классикалық қарабайыр кондиционерлермен салыстырғанда дәлме-дәл құрылғы жұмысының артықшылықтарымен танысу үшін экскурсия жүргізілетін де шығар, бәлкім.

2021 жылы Жамбыл облысы Жамбыл ауданы әкімінің аппаратына планшет пен термопринтер қажет болды. Шамамен 1,3 млн теңге тұратын (бұл 30 ЕТЖ) термопринтердің не үшін пайдаланылатынын қарап шықсақ, бұл арнайы жылу қағазына басып шығаруға арналған құрылғы екен. Ол штрих-кодтар, суреттер мен мәтіндер жасай алады. Әдетте жылу принтерін қолдана отырып, жапсырмалар мен басқа да таңбалау құралдары жасалады. Әкімдік кәсіпкерлікті дамыту мәселесімен өзі айналысуды ұйғарған сияқты. Сондай-ақ «Принтер 1.2 метр биіктіктен жоғары құлауға төтеп беруі тиіс» деген сипаттамасы қызық. Енді принтерді пайдалану мақсаты және оны қолдану шарттарына қатысты сұрақтар көбейе түсті.

Сонымен көп ойлана келе және мақсатты мемлекеттік шығындардың соңғы мысалы: 2021 жылдың жазында «Ақтөбе облысы білім басқармасының Шалқар ауданының білім бөлімі» ММ «№8 жалпы білім беретін орта мектебі» КММ 6,7 млн-ға (ал бұл 150 ЕТЖ) үш ноутбук сатып алатынын жариялады. Бастапқыда сатып алғысы келгенімен, қандай да бір себептермен бұл райынан бас тартқан. Техникалық сипаттамада компьютердің моделі көрсетілген. Атап айтқанда: HP 17-CA 2001 Ur Ryzen. Үш ноутбук. Нарықта мұндай ноутбук орташа есеппен 265 мың теңге тұрады. Ал Шалқар ауданының мектебі жергілікті білім беру саласының жомарттығын көрсетуге тырысып, оны 2,2 млн-ға сатып алғысы келді немесе порталда сатып алуды орналастыру кезінде қосымша нөл кездейсоқ пайда болды, содан кейін қатені көргеннен кейін бірден жою батырмасын басқан. Жұмсалмаған ақша – үнемделген ақша, сондықтан мектеп әкімшілігі үнемделген 7 млн теңге туралы есеп бере алады.

Санамаланған барлық сатып алулар Қазақстанның мемлекеттік қызметкерлердің жұмыс сапасына оң әсер етіп, әкімдіктер мен министрліктердің неғұрлым тиімді жұмыс істеуіне түрткі болады деп шын жүректен үміттенеміз. Мүмкін, шенеуніктер салық төлеушілермен жаңа жағдайда жұмыс істеу туралы эмоцияларымен осылайша бөліскісі келген шығар? Жыл әлі аяқталған жоқ, бәлкім, тағы да қыстық қажеттіліктерге тапсырыс беріп үлгерер немесе жыл соңынан бюджетті игеру үшін жаңашылдық әкеліп, ел дамуына прогресс орнатар. Ол жағы белгісіз. Оны уақыт көрсетер.

Тегтер: