4200 волонтердің қатысуымен 6000-нан астам ағаш отырғызылды
«Жасыл ел» еңбек жасақтары студенттерді маусымдық жұмыспен қамтып қана қоймай, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруда белсенді атсалысып келеді.
Бұл жылғы маусымдық еңбекке тарту жұмысы Жамбыл облысы әкімінің шешімімен қосымша 3 ай жүргізілді.
Бүгінгі күні «Жасыл ел» еңбек жасағының маусымдық еңбек жұмысы толығымен аяқталды. Еңбек маусымында жұмыс жасаған сарбаздардың ішінен ең үздік жастарға алғыс айтып, бағалы сыйлықтар табысталды.
Сонымен қорытынды бойынша:
Ең үздік жасақ номинациясын «Тазалық сақшысы» отряды жеңіп алса, отряд командирі Ермек Мейіржан Ермекұлына диплом табысталды.
Аудандар арасынан Меркі және Жамбыл аудандары«Үздік жасақ» номинациямен марапатталды. Ал Меркі ауданы отрядының командирі Дубовец Анна және Жамбыл ауданы жасағы командирі Асанова Тама дипломмен марапатталды.
Маусым бойы үздік әрі үлгілі қызметі үшін «Үздік командир» болып Абдрахман Нұрдаулет Фархадұлы танылды. Ал Талас ауданының сарбазы Серік Әділет «Спортшы сарбаз» номинациясымен марапатталды.
Өнеріне тәртібі сай Байзақ ауданының сарбазы Абуова Феруза «Өнерлі сарбаз» номинациясының жеңімпазы болды.
Үздік сарбаз номинациясымен Жуалы ауданының сарбазы Ержанұлы Есейхан марапатталды.
«Сонымен қатар «Өзіңнен баста жобасы» атты тазалық жобасы ұйымдастырылған болатын. Жоба аясында үкіметтік емес жастар ұйымдары мен волонтерлар мөлтек аудандардағы аулаларға тазалық жұмыстарын жүргізу, ағаштар отырғызу мақсатында 14 іс-шара өткізілді»,- дейді Жамбыл облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа.
«Аталған шара аясында ағымдағы жылдың сәуір айында облыс бойынша 4200 волонтердің қатысуымен 6000-нан астам ағаш отырғызылды.
Сонымен қатар, пластикті қайта өңдеуге «Иә!» деп айт жобасы бойынша 32 волонтердың қатысуымен пластик, алюминий, макулатура және қайта өңдеуге жарамайтын 33 қап қоқыс жинап, қайта өңдеуге табысталды.
Онымен қоса, 40 волонтердың қатысуымен Тараз қаласындағы Әулие бұлақ маңында «Бұл — менің қоқысым емес, бірақ бұл — менің қалам»және 500 волонтердың қатысуымен «Туған жерді түлет» атты 1000 тал отырғызу экологиялық акциялары ұйымдастырылды.
Сондай-ақ облысқа танымал тұлғаларды тарта отырып, 20-дан астам интернет акциялар мен челлендждер ұйымдастырылып, видео-роликтер түсіріліп, халық көп шоғырланған жерлерде, интернет-платформаларда көрсетілді»,- дейді ол.