Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:11, 24 Желтоқсан 2020

«43-тің Қонаевқа хатына» – 55 жыл

None
None

        Өткен ғасырдың 1965-72 жылдары Ащысай түсті металдар комбинатында елеулі оқиғалар орын алды.

Ащысай түсті металдар комбинаты бүкіл Кеңес Одағына белгілі, дүниежүзіне аты шыққан үлкен тау-кен байыту өндіріс орны болатын. Жерасты қара жұмыстың барлығында қазақ жұмысшылары болды да, сырттағы басқару қызметтерінде сырттан келген басқа ұлттың мамандары қызмет етті. Бұл басқару қызметтеріне білімі, мүмкіндіктері бола тұрса да, жергілікті  мамандар – тау-кен инженері, техниктері қабылданбайтын.

         Оның үстіне коммунистік партияның ақ дегені – алғыс, қара дегені –  қарғыс, дүрілдеп тұрған кезі. Кеңес өкіметіне қарасты барлық республикаларға орыс тілі мемлекеттік тіл болады, басқа тілдерге жол жоқ деген жарлықтың үстем алып тұрған кезі. Екі-үш адам кездесіп, қазақ тілінде сөйлесіп тұрсаң, қасымыздан өтіп бара жатқан орыстар «ей, говорите по человеческий» деп, қоқан-лоқы көрсететін.

         Бірін айтып, біріне кетемін-ау. Егемендік алғаннан кейінгі  жылдары әр мекемеде, өндіріс орындарында «Қазақ тілі» қоғамы ашылып, басқа ұлттардың азаматтарына тіл сындыру мақсатында курстар ашылып, қазақ тілін үйрете бастаған кез болды. Олар бізбен қазақша амандасатын болды, «сәлеметсіз бе» деп. Бұл курстарды қазақ тілінің мамандары – мұғалімдер жүргізуші еді, ал «Қазақ тілі» қоғамы ол сабақтарды қадағалайтын, сабаққа қатыспағандарға ескерту жасайтын.

         Мен ол кезде «Мырғалымсай» кенішінде қызмет ететінмін. Кеніштің «Қазақ тілі» қоғамын маған тапсырған болатын. Кеніш алаңына қойылған  радиоүзелге бір орыс жігіті қарайтын. Сол радио өне бойы тек орыс тілінде сөйлейді де тұрады. «Неге тек орысша арна қоясың», — деп жаңағы жігіттен сұрасам ол: «басқа канал ұстамайды» деп алдаусыратады. Содан радиоүзелге барып, өз қолыммен қазақша «Шалқар» арнасына ауыстырдым. Енді алаңда Шәмшінің әндері шырқалып, Құрманғазының күйлері күмбірлеп тұратын болды. Сол жылы қазақ тілін үйрену үшін он жылға график жасалып, қазақ тілін үйрету жобалары тоқталды.

                                                         * * *

         Негізгі мәселеге қайта оралайын. Жоғары оқу орнын бітіріп келген  қазақ инженерлері ең төменгі ауысымға қаладан алыс кеніштерге, ал басқа ұлттың жігіті қаладағы жоғары орынға қабылданатын. Бұл жағдай ондаған жылдар бойы өзгермеді.

         Міне, осындай келеңсіз жағдайлар – кадр мәселесі жөніндегі солақай саясат қазақ инженерлерінің намысына тие бастады. Ақырында 15 жылдық ақпараттар архивтен жиналып, сол кездегі Қазақстан компартиясының бірінші хатшысы Д.Қонаевқа хат дайындалып, оған 43 қазақ инженері қол қойып, ол хатты Әнуархан Айменов бастаған үш жігіт ақсақалға қолма-қол  тапсырады. Бұл мәселе туралы «Тағдыр», «Елу жылда – ел жаңа» кітаптары  жазылып, «Арпалыс» атты деректі фильм де түсірілді (авторлары Ө.Құлатайұлы).

Ә.Айменов туралы айтар болсақ, ол Оңтүстік Қазақстан облысының Отырар ауданында 1934 жылы 18 тамызда дүниеге келген. 1954 жылы Шымкент қаласындағы №7 мектеп-интернатында оқып, оны алтын медальға бітіреді. 1959 жылы Алматыдағы Тау-кен металлургия институтын тамамдаған соң еңбек жолын Ащысай түсті металдар комбинатының «Западный» кенішінде ауысым шеберлігінен бастайды.

«Әкем Әнуархан Айменов 44 жасында жүрек талмасынан қайтыс болды. Шындықты көксеген, адамгершілігі жоғары, өте білімді, қазағын сүйетін, Кентаудағы ұлт мамандарының бірі еді. Әттең, уақытынан ерте туды, ерте кетті. 37-жылы «елім,  қазағым» деген алашордашы азаматтар ел басшыларынан қуғын-сүргін көріп, ақыры сол жолда  қаза болса, 30 жылдан кейін, 67-жылдан «сыпайы» саясаттың қуғынында болған әкем де ақыры араға он жыл салып, 1977 жылы өкінішпен қатты науқастанып қайтыс болды. «Елім» деген ерлердің шындыққа жетуі, әділдік жолы қандай ауыр еді. Шындықты көксеген көңіл осылай  ерте сөнді».

                    (Әнуарханның үлкен ұлы Еркін Айменовтің естелігінен)

* * *

Орталық комитеттен шығарылған комиссия хатта көрсетілген фактілерді зерттеп, тексеріп, анығына көз жеткізеді. Комбинат директоры И.Тараканов орнынан босатылады. Осы хаттың нәтижесінде республиканың басқа өндіріс орындарында да кадр мәселесі жөнінде келеңсіз жағдайлар анықталады. Облыс басшыларына арнайы тапсырмалар беріледі, жергілікті мамандарды тәрбиелеу, өсіру жөнінде. Ащысай комбинатының директоры Мәуленқұлов, Шымкент қорғасын заводының директоры Қобдабергенов, Зыран комбинатының директоры Жақсыбаев, Өскемен мырыш комбинатының директоры Күленов сияқты азаматтар осы хаттың арқасында өздерін көрсете білді, өсті.

Әнуарханды Кентаудан алыс жүрсін деп, Алжирге екі жылдық командировкаға жібереді. 1969 жылы келгеннен кейін «Байжансай» кенішіне жіберілді, ол Кентау қаласынан 200 шақырым қашықтықта орналасқан. Ол жерде де сол баяғы басшылар, басқа ұлттың адамдары. Бұл жерде де қазақ мамандары бас көтерді. Жігіттердің арасынан Еркімбеков, Сағындықов деген жігіттер сатқындық жасап, бір топ қазақ инженері партия комитеттерінен сөгіс алды, жұмыстарынан босады. Ал Әнуархан Айменов болса сол кездегі тоталитарлық, шовинистік жүйенің құрбаны болды. Партиядан шығарылып, жұмыстан қуылды.

Сол кездер әлі көз алдымда. Кеніштің бастығы Заяц Борис Семенович деген кісі еді, әлгі екі сатқын жігіттен «қай жерде кездестіңдер, қандай әңгіме болды» деп, жазбаша түсінік алады. Ол кезде жылдық партия есеп беру конференциясы болатын. Біз сегіз жігітпіз. Сол жиналыста кеніш басшыларының кадр мәселесіне біржақты қарайтыны, кеннің азайып бара жатқаны, оны толтыру үшін барлау жұмыстарының жүрмей жатқаны туралы айттық. Осы сынымыз өзімізге басқаша көзқарас туғызып, бәле болып жабысты. Әлгі екі сатқын жігіттің жазбаша  түсініктері іске қосылды.

Партия конференциясы біткеннен кейін, бір апта өткен соң Кентау қалалық партия комитетінің өндіріс жөніндегі хатшысы Кабиров келіп,   «Байжансай» кенішінде кезектен тыс партбюро өткізді. Бізді шақырып, «осындай да осындай, сендер бірігіп партияға қарсы әңгіме өткізіпсіңдер, бұл партия уставына қарсы әрекет» деп, айтқан уәжімізге қарамай, бізге «партияға қарсы топ» деген айдар тағып, қатаң сөгіс жариялап, есеп карточкамызға жаздырды.

Содан 6000-дай халқы бар «Байжансай» кенішінде  біз партияға қарсы топ болып шыға келдік. Жұмысымызды істеп жүрміз. Бірге жүрген жолдастар бізден қашады. Телефонымыз тыңдалады.

1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінде де белгілі азаматтар сол жастарды даттап шыққан жоқ па? Кімнің кім екені басқа іс түскенде белгілі болады екен ғой. Міне, осы атышулы хаттың жазылғанына биыл 55 жыл толып отыр.

       Ащысай түсті металдар комбинатында осыдан 55 жыл бұрын болған оқиға туралы академик Мәмбет Қойгелді былай дейді: «Әнуархан Айменов басқарған 43 инженер-техник жігіттер шындықты ашуға тырысты. Ал оларға шындықты айту жеңілге түскен жоқ. Олар жасырын түрде ұйым құрып, белгілі бір үйлерде жасырын түрде жиналып, мәселені талқылап, мұрағат құжаттарынан материалдар жинап, справка, анықтамалар даярлап, орталық комитет үшін, облыстық партия комитеті үшін әрекет жасағанын көреміз. Ал енді осы әрекеттің барлығы жабық түрде жүрді. Ол ненің көрінісі? Ол –  қазақ халқының, Қазақстанның сол 60-жылдар ортасында отарлық, тәуелділік жағдайында болған көрініс. Бұл тарихи факт. Бұдан кете алмайсыз, бұл сонан кейін ұлттың жүріп өткен жолы ретінде, тарихи тәжірибесі ретінде міндетті түрде талдауға алынуы тиіс. Ең алдымен ғылыми талдауға алынуы тиіс, осы тұрғыдан алғанда мынау Әнуархан Айменов бастаған жігіттердің үлкен тарихи маңызы бар еңбектерін бағалауға болады.

… Бұл ненің көрінісі? Бұл – ең алдымен айтатын  нәрсе, 1930 жылдары жүргізілген  саяси репрессия Қазақстандағы, содан 30 жыл өткеннен кейінгі уақытта қазақ халқының, оның инженер кадрларының интеллектуалдық деңгейінің өскенінің көрінісі.

… Бұл, егер мәселенің тура бетін ашып, анығын айтар болсақ, 60-жылдардың ортасында кеңестік тоталитарлық режим өзінің ұлт кадрларына  байланысты репрессия саясатына көшуге даяр екенінің көрінісі болатын. Соған даяр  екенін байқатты. Бұл жағдай тағы да бір 20 жыл  өткен соң, 1986 жылы Алматыда бір көрініс тапты.

… Факті бойынша келесі тұжырым, оны да айтпай кетуге болмайды. Азаттық, тәуелсіздік деген жақсы сөз. Ол ұлт үшін өте маңызды құндылық. Мәні, мағынасын жоғалтпайды. Бірақ ол құндылық нақты шындыққа қашан  айналады?! Қашан ұлт өз жерінде өнеркәсіп  орындарында шешуші  факторға  айналғанда… Қазақстан жеріндегі өнеркәсіп орындарында істейтін  жұмысшылар, инженер-техник кадрлар жергілікті қазақ ұлтының өкілдері болғанда… Олар жалпы ұлттың мүддесін сол өнеркәсіп орындарында жүргізе алғанда ғана біз тәуелсіздік деген нәрсенің нақты нәтижесін көреміз. Оған дейін ол жай сөз болып қалады. Бұл маңызды фактор. Осы тұрғыда алғанда Кентау уақиғасы Ащысай түсті металдар комбинатында орын алған фактор. Бұл кең тұрғыдан қарауды, талдауды  қажет ететін тарихи уақиға, тарихи факті болып табылады.  Біз бұл тарихи айғақты әлі де, алда болашақта  терең ғылыми түрде қорытуымыз керек, онсыз ұлттық дамуда алға басу мүмкін емес».

Міне, бұл уақиға туралы академик Мәмбет Қойгелді  осылай толғайды.

Ал хатқа қол қойған сол кездегі 25-30 жастағы, басын қатерге тігіп, қазақ  инженерлеріне жол  ашуға атсалысқан азаматтардың қалғандары 80 мен 90-ның арасында қария болып отыр. Әбдіхан Бегімбетов, Марат Бітімбаев, Қайырбай Сейілханов, Исахан Жұмабаев, тағы басқаларға амандық тілейміз. Көбісі осы күнге жете алмай, о дүниелік болып кетті. Жатқан жерлері  жайлы,  имандары саламат болсын сол заманның батырлары.

Тегтер: