Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:15, 28 Қаңтар 2025

44-тің соты. Оларға Нұрсұлтан Әбішұлы ара түскен жоқ...

Дикий Арман
Фото: SMARTNEWS.KZ коллажы / Дана Асылбек

Қаңтар оқиғасына қатысты өткен сотта атышулы «Дикий Арман» бастаған 44 адамның үкімі шықты. Дүйсенбі күні, 27 қаңтарда Алматы маңындағы 72 тергеу изоляторында өткен сот жабық, күшейтілген күзет астында өтті. Олай болмас реті де жоқ.

Алғашында Қаңтар ісіне қатысты ашықтық танытамыз деген билік ә дегеннен-ақ бұл тараптағы позициясын айқындап алған. Биліктің сақтықты күшейтуіне бірнеше себеп бар. Соның негізгісі ретінде – Назарбаевтың туысы (інісінің баласы) Самат Әбіштің атына қатысты. Осы күні үкімі оқылған сот процесі кезінде тағы бір атышулы есім – ҰҚК 5-ші департаментінің бастығы болған Руслан Ысқақов бұл іске ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары болған Самат Әбіштің де қатысы бар екенін айтқан. Ол қай уақытта да Әбіштің бұйрығын орындап отырдым деген. Осы жағдайдан кейін-ақ Самат Әбіштің соты да, басқа сот процестері де жабық жағдайға ауыстырылған. БАҚ өкілдері мен белсенділер, жалпы қоғам мұны кездейсоқтық деп есептемейді. Экс-президент пен қазіргі билік арасындағы келісім болуы мүмкін деген болжам айтылып келеді. Бүкіл қазақ даласы ерекше назар аударған Самат Әбіш ісінің соңы сұйылып, «Қаңтар оқиғасы кезінде билігін асыра пайдаланды» деп айыпталған адам 8 жылға шартты жазаға кесілген соң-ақ Қаңтар ісінде ескі және жаңа биліктің арасында саяси сауда болғаны туралы сенім нығая түскен. Және бұл тараптағы процеске қызығушылық басылып қалғандай болған.

Бұл жолы 44 адамның айыптары да бір-біріне ұқсас. «Билігін асыра пайдаланды»; «адам ұрлау»; «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру»; жаппай тәртіпсіздікке қатысу» деп келеді. Осылардың ішінде ең ауыр айып арқалаған («тәртіпсіздік ұйымдастыру», «адам ұрлау», «заңсыз қару сақтау», «ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, оны басқару»), ең үлкен жазаға тартылған Арман Жұмагелдиев 20 жылға сотталды. Одан кейінгі ауыр жаза – ҰҚК 5-ші департаментінің бастығы болған Руслан Ысқақовқа кесілді – 15,5 жыл. Қаржы полициясының агенті болған Талғат Махатов та 15 жыл арқалады. Ал блогер-депутат Қайрат Құдайберген 8 жылға қамалмақ. Және соңғы үшеуі осыған дейінгі барлық мемлекеттік марапаттарынан айырылды әрі түрмеден шыққан соң да өмір бақи мемлекеттік қызмет істей алмайды.

Айта кетерлігі, бұл сотта ешкімге аяушылық білдірілген жоқ – бәрі айыпты деп танылды. Қылмыстық топ мүшелері деп танылған 13 адам 10-нан 15,5 жылға дейін, өзгелері 1 жыл 3 айдан 10 жылға дейін қамауға алынды.

Соңғы сот отырысында бәлендей жаңалық болды деп айта қою қиын. ҰҚК өкілі Руслан Ысқақов өзінің «Дикий Арманға» нұсқау беріп келгенін, сыбайластық жасағанын мойындағаны, Жұмагелдиевтің қаңтар оқиғасына дайындықты Түркияда бастағаны, сол жақта отырып, қылмыстық топты басқарып отырғаны, күштік құрылым өкілдерімен байланыста болғаны, Қаңтар оқиғасынан бұрын ғана Қазақстанға келгені, қаңтардың 5-6 күндері адамдарды ұстап, өзінше тергеп, азаптағаны, ұрып-соққаны, мәжбүрлі түрде «қылмысын» мойындатып, видеоға түсіргені және ҰҚК өкілдерімен байланыс жасап отырғаны және осы істердің қарсаңында Қайрат Құдайбергеннің соның жанында болғаны, «Қазақстан» қонақүйіне адам жинауға қатысқаны туралы айтылды.

Бірақ Қайрат Құдайберген Жұмагелдиевпен араласпағанын, алаңға халықты басу үшін барғанын айтып, кінәсін мойындаған жоқ. Оның туыстары да бұған дейін ол кінәлі емес деп, бірнеше рет мәлімдеме жасады.

Бұл сот процесінде «көшеден ұстап алып кеткен», «Qoslike» бағдарламасы арқылы танылған журналист Бердах Бекетовтің де аты жиі аталды. Оған «жаппай тәртіпсіздікке қатысты» деген айып тағылған, ол да өзінің кінәсін мойындаған жоқ. Әлеуметтік желіде оның «Дикий Арманның» қасында жүрген видеосы тараған. Кейін оның әке-шешесі оның ешқандай қылмыстық топқа қатысы жоғын, алаңға тек ел үшін барғанын, Арманға абайсыз ілескенін айтқан. Оның 21 қаңтар күні ұлды болғаны, өзінің 22 қаңтарда ұсталғаны, жаңа туған ұлын әлі көрмегені туралы айтылады. Бірақ Самат Әбіштің жас балалары бар екенін ескеріп, есіркей қойған сот бұл жолы ешкімнің маңдайынан сипаған жоқ.

Жалпы, билік Қаңтар ісіне қатысты қандай сотты да өте сақтықпен жүргізіп келеді және барынша созуға тырысты. Мұның себебі – ескілі-жаңа билік өкілдері арасындағы «келіссөзге» байланысты болғанын жоғарыда айттық. Дегенмен Самат Әбіштің «шын жүрекпен өкінгені» және жас балаларының бар екені ескеріліп, ауыр қылмысына қарамастан, жазасы шартты жазаға ауысып кете салғаны, ал бүгінгі 44 адамның ішінде ешкімге ондай жеңілдік қарастырылмағаны, қалай десеңіз де, экс-президенттің туыстарының ерекше мәртебесі туралы әңгімені қайта қоздататын сияқты. Әйтпесе, Самат Әбіш босап шыққан былтырғы наурыздан, Қайрат Сатыбалды босап шыққан қыркүйектен бері Қаңтар ісінің қызығы кете бастаған. Айтпақшы, 18 жылға кеткен Кәрім Мәсімов те былтыр президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан кешірім сұраған. Бірақ Қаңтар оқиғасынан кейін Назарбаевтың аузымен «Иудаға айналған» Мәсімовке ешқандай жеңілдік жасалған жоқ. Соған қарағанда, Назарбаев өзінің туыстарын ғана арашалап алуға күш салған сияқты. Соның арқасында, інісі Самат ағасы Қайратты бостандыққа шыққанда күтіп алады. Екеуі де шын өкінген, екеуі де шартты жазаға кесілген...

Олжас Сламжан

Тегтер: