4,5 млрд Жұманғаринның жұмырына жұқ болмай тұр

Ұмытпасаңыздар, бюджет жетіспеушілігі мен қымбатшылық биліктің де, халықтың да бас ауруына айналып, ақыры «көрпемізге қарап көсілетін» болып келіскенбіз.
Салықты арттырудан бөлек, бюджетті оптимизациялау, бар ақшаны орнымен, үнемдеп жұмсау... Осы тақырыптар қызып тұрған уақытта вице-премьер, су жаңа ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин 4,5 млрд теңгеге форум өткіземін деп қатырды.
Әлбетте, жанар-жағармайдың қымбаттауы мен 20 пайыздық ҚҚС дауынан соң қоғам бұл тақырыпқа бірден назар аударып жатыр. Түгелге жуық негативті пікір. Ал отандық бұқаралық ақпарат құралдары «Қазақстан билігі форумға 4,5 млрд теңге бөлмек», «Пир во время чумы», «4,5 млрд тенге потратят на форум в Астане, пока остальные затягивают пояса» сынды тақырыптармен ақпарат таратуда. Жұманғарин де сырт қала алмады, журналистердің сұрағына жауап беруіне тура келді. Қызығы сол, ол 4,5 млрд теңгені көп деп есептемейді екен.
«Форумға жобамен 4,5 млрд теңгедей жұмсалады деп жоспарланған. Бұл соманы әлі де оптимизациялаймыз. Десек те, шығын осы шамада. Шын мәнінде халықаралық деңгейдегі мұндай форумдар үшін бұл көп те емес», – деді вице-премьер сенатта өткен брифингте.
Әрине, көп емес шығар, бірақ басқа жақта жан қысылып жатқанда осының керегі бар ма еді? Жұманғарин осыған жауап берген жоқ.
Бұл қандай форум?
2008 жылдан бері «Астана экономикалық форумы» атауымен өтіп жүрген жиын пандемия кезінде екі жыл қатарынан тоқтап қалды. Сөйтіп, 2023 жылдан бастап «Астана халықаралық форумы» деген жаңа атаумен қайта жаңғырды. Форумның ресми сайтында: «Астана халықаралық форумы» – Орталық Азия аймағындағы ең ірі іс-шара, ол халықаралық күн тәртібіндегі негізгі және өзекті мәселелер бойынша шетел үкіметтерінің, халықаралық ұйымдардың, ірі компаниялардың, іскерлік және академиялық қауымдастықтың жоғары лауазымды делегаттары арасындағы диалог үшін жаһандық алаң болып табылады», – делініпті.
2023 жылы келген қонақтар мен баяндама жасаған спикерлер тізімін шолып шықтық. Бәрі де саясаткер, экономист, журналист, ғалым, тағы сол секілді мамандар екен. Ал халықаралық басылымдар бұл жиынға 50-ден астам елден 5 мыңға жуық қонақ келгенін жазыпты. 2024-те форум өтпей қалды. Себебі – елдегі су тасқыны. 13-14 маусымға жоспарланған форумның болмайтыны туралы президенттің өзі хабарлағаны есімізде. Ал биылғы форум 29-30 мамырда өтпек. Бірақ көпшілік бюджет дефициті фонында бұлай шашылу орынсыз дейді.
Форумды ұйымдастыруға барлық вице-министрлер мен Астана қаласы әкімінің орынбасары жауапты. Тағы мына компаниялардың өкілдері де бар: Kazakh Tourism, QazExpoCongress, «Самұрық-Қазына», «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі, «Астана» халықаралық қаржы орталығы мен «Экономикалық зерттеулер институты». Ал негізгі жауапты – вице-премьер және ұлттық экономика министрі, яғни Жұманғарин. 4,5 млрд теңгені азырқанып жүргені ол халық наразылығы мен пікірталас күшейген шақта бюджеттің негізгі бөлігін демеушілер жабады деп шықты.
«Мен тиісті комиссия мен форумға дайындалатын жұмыс тобының жетекшісі ретінде форумның негізгі шығындарын демеушілер жабады дер едім. Бұл тәжірибеде бар стандартты нәрсе. Демеушілерге өз стендтерін ілуге рұқсат береміз. Оны өз кезегінде форумға келген қонақтар мен қатысушылар көреді. Яғни кәсіпкерлер жарнамасын жасай алады. Олардың тізімдерін форум алдында ашық жариялайтын боламыз.
Жалпы, мұндай жиынның өтуі елдегі бизнестің дамуы мен инвестициялық климаттың жақсаруына әсер етеді. Иә, карантин кезінде, су тасқыны уақытында форумды өткізген жоқпыз. Бірақ қазір әлемге ашық мемлекет ретінде бұл форматқа қайта оралуға әзірміз».
Осыдан кейін, үкіметтің баспасөз қызметі 4,5 млрд-тың тек 1,4 млрд теңгесі мемлекеттік бюджеттен, ал қалғаны демеушілер тарапынан екенін мәлімдеді. Бізде қалыптасқан бір әдет – демеушілерден түскен қаржыны аспаннан түскендей көреді. Есебі, сұрауы жоқ сияқты. Бұл жердегі негізгі әңгіме ақшаның «аспаннан» түскенінде де емес, негізгі әңгіме осы форумның керек-керек емесінде болып тұр.
Қаржы министрі Мәди Тәкиев те Жұманғарин сияқты «экономдау» туралы айтып мақтанды. Ол үкімет кулуарында тұрып 2018 жылы 2,4 млрд, алдыңғы жылы 1,5 млрд жұмсалғанын мысалға келтіріп, оның жанында біздікі түк емес дегенге келтіріп, мысал үшін 4,5 млрд-ты емес, бюджеттен алатын 1,4 млрд-ты пайдаланды. Тәкиев айтып отырған жылдары бюджеттен алынған қаржыдан бөлек демеушілерден ақша алынды ма, алынса қанша алынды деген ақпарат ашық дереккөздерде жоқ. Бұл туралы Тәкиев те жақ ашпады.
Қазақстанда аталған форумнан да басқа жиын-той, конференция мен кездесулер аз емес. Бұл бюджет қысып жатқан шақтағы шу болған бір мысал ғана. Осыған дейін де пайдасы жоқ, ал шығыны шаш-етектен келетін іс-шаралардың қаншауы өтті? Президент жолдауда кезек күттірмейтін мәселелерге ғана шығындану қажеттігі, бюджетті тек стратегиялық мақсаттарға жұмсау керек деп қанша мәрте айтты? Осыдан соң, өткен жылдың соңында қаржы министрлігі бюджетті қысқартып, мемлекеттік органдардың имидждік шаралары мен форумдарға сұраған ақшасын 360 млрд теңгеге азайтқан. Сонда, жолдауда айтылмай қалса, 4,5 млрд емес, 360 млрд жиын-тойға жұмсалғалы тұрған. Бүгінге дейін мұндай жүз миллиардтардың қаншауы ысырап болғанын кім білсін? Осы мәселе жөнінде саяси философия саласының маманы Дамир Кәрімовпен тілдестік.
Қазір мақтан мен статусты ойлайтын жағдайда емеспіз
«Біздегі саны көп форумдардың басым бөлігі нақты нәтижені мақсат етпейді және оған тырыспайды да. Ұйымдастырушылар мақсатты көрсеткіштер түрінде орындалды немесе орындалмады деген форматтағы есеп бермейді. Яғни сол жиын еш пайдасыз болса да жұмсалған ресурс үшін ешкім жауапкершілік алмайды. Қазір «ескі Қазақстан» аталып жүрген кезден келе жатқан дүние ғой. Еш пайдасы мен нәтижесі болмаса да, атымызды шығарайық, көрсетейік деп беталды өткізіле беретін. Олардың кульминациясы – EXPO көрмесі.
Жалпы, форум конференциялар мен осы типтес жиындарды мүлде қажетсіз деуге болмайды. Өйткені саясат, экономика, мәдениет, басқа да әлеуметтік салалар мен әртүрлі ауқымды тақырыптар тәжірибе алмасу мен нетворкингті қажет етеді. Таныстыру, танысу, трендтерді талқылау, өзектілігін жариялау, мәселенің шешімін іздеуді көздейтін жиындар керек. Міне, форум деген осы, жиналып түстену, ананы-мынаны айтып тарқасу емес. Бұл формат сақталу үшін приоритеттер мен мақсаттар бекілуі тиіс. Айтқым келгені, жобаларды арнайы стандарттармен өлшеген дұрыс. Сол кезде ғана пайдалы, пайдасыз деген фильтр пайда болады. Нәтижесіз ақша шашу қысқарады. Ал қазіргі жағдайда өтіп жатқан, өткізіліп келген шаралардың дені – махинацияның көзі.
Және бір қызығы, шығыс мәдениетінің ерекшеліктері де байқалады. Яғни статусың мен деңгейіңді көрсетуге деген құмарлық. Мақтаншақтық. Қазақстандағы жиындардың да өлшем бірлігі сол. Кім күштірек мақтана алса, соның форумы, конференциясы жақсы өтті деп қабылданады. Негізсіз шығындар да осыдан шығады. Мәселен, батыс елдерінде кез келген нәрсе қарапайым түрде өтеді. Онда декорация, тамақ, киім, музыка, аудитория, тағы сол секілді дүниелерге аса мән де берілмейді. Басты назар – тақырып пен талқылауда. Кімнің не түйгенінде. Ал біз, керісінше, көзге көрінетін заттарға шашыламыз, мазмұн аса маңызды емес. Тіпті көп жиындарда шенділердің айтып жатқан мәтіндері де ұқсас келеді. Оларды тыңдап отырғандардан гөрі, видеоға түсіріп, әлеуметтік желіде бөлісіп отыратындар көп.
Мақтанқұмарлықтың тағы бір дәлелі, БАҚ-та жарияланып жатқан материалдарда да бұл форумға мына елдер келді, осынша мың адам қатысты деген тұстары жарияланады. Талқыланған тақырып бір айтылып қана қалады. Бірақ қазір біз статус пен мақтанды ойлайтын жағдайда емеспіз. Керектісі қалып, керексіздерінің бәрі қысқарғаны бәрімізге жақсы».
Депутаттар не дейді?
Бұл тақырыпқа қатысты парламент кулуарында депутаттардан да пікір сұрадық.
Лұқбек Тумашинов: «4,5 млрд-қа форум өткізуге мен де қарсымын. Мысалы, халық тойға шашылады. Қырғыздарда заң шықты ғой. Бізге де сол керек. Той-томалаққа, сән-салтанатқа шашылғанды қоятын уақыт келді. 4,5 млрд теңге туралы оқыдым, бұл үлкен сома. Салыстырып қарап отырсақ, осындай қиын жағдайда отырғанда сол қажет пе деп ойлайсың. ЭXPO-ны да өткіздік қой. Қазір еш пайдасы жоқ, құры тұр. Ғимаратты күтіп ұстау бар, басқасы бар – бәрі шығын. Жалпы қажетсіз нәрселерді қысқарту керек».
Ермұрат Бапи: «Қалай болғанда да форумдар қажет. Экономикалық форумдар елдің инвестициялық ахуалын жақсарту үшін керек. Алайда олар көп болмағаны дұрыс. Тек көлемді, пайдалылары іріктелсе, мұндай шаралар мемлекеттің атрибутикасы деңгейіне де жете алады. Ал форум – форум үшін, есеп үшін деген шығын ғана. Қазіргі бюджет тапшылығы жағдайында мұндай шығындарды барынша азайтқан жөн. Салтанатты, әлдекімдер теңселіп жүру үшін, біреуді көрсету үшін, мақтану үшін халықтың ақшасын шашып қайтеміз?»
Екатерина Смышляева: «Астана халықаралық форумы – экономикалық форум. Мұндай форумдар инвестициялық келісімшарттар жасау үшін, инвесторлар тарту үшін өткізіледі. Сондықтан бөлінген 4,5 млрд көп пе, көп емес пе, оны тартылған инвестициялар көлеміне қарап бағалаған дұрыс. Егер бюджеттен шыққан шығыннан асатын инвестиция әкелсе, пайдалы. Ал ондай пайда болмаса, бекер шығындандық деген сөз.
Халықаралық форумдар мүлде қажетсіз деу қате. Әрі, қажетті соманы тек бюджет бермейді, демеушілер де қаржыландырады. Өйткені инвестициялар ең алдымен бизнеске керек».
Баян Мұратбекқызы