Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 08:15

450 мың тонна қалдықты сұрыптаудың құны 8,87 млрд теңге

1

Қазір тұтас әлемде экологиялық мәселелер күрделеніп тұр. Әсіресе қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу аса маңызды.

Себебі жыл сайын қоқыс көлемі ұлғайып жатыр. Оны тиімді сұрыптау мен қайта өңдеу жүйесі болмаса, қоршаған ортаға үлкен қауіп төндіреді. Соны ескере отырып, еліміздің 2029 жылға дейінгі ұлттық даму жоспарында сұрыптау мен қайта өңдеу үлесін арттыру, халықты қоқыс шығару қызметтерімен қамтуды арттыру көзделген.

Соңғы деректерге сүйенсек, жыл сайын елімізде шамамен 4,5 млн тонна коммуналдық қалдықтар түзіледі. 2024 жылғы қайта өңдеу жоспары 30 пайыз болса, нақты өңделгені шамамен – 26 пайыз. Әрине, бұл жақсы көрсеткіш емес. Еліміздің 20 өңірінен жоспарлы көрсеткішке 7 өңір қол жеткізбеді. Олардың ішінде Ұлытау, Маңғыстау облыстары және Алматы қаласы ерекше назарда. Облыстардағы ахуалды жақсарту үшін экология және табиғи ресурстар министрлігі жаңа жобаларды ынталандыруға тырысуда. Ведомство әкімдіктер ұсынған құны 316,9 млрд теңгені құрайтын 67 жобаны мақұлдаған. Оның ішінде 43 жоба қайта өңдеуге бағытталған. Ал 9 жобаны өнеркәсіпті дамыту қоры мақұлдады. 3 жоба бойынша инвесторларды қаржыландыру үшін келісімшарт жасақталуда.

Мәселен, Алматы облысында алдағы жылдары өңірде жеке инвестициялар есебінен қалдықтарды қайта өңдейтін жаңа кәсіпорындар ашылады. Өңір жалпы төрт ауқымды жобаны іске асыруды көздеп отыр. Олар полигондарға түсетін қалдықтар көлемін азайтып қана қоймай, экономикалық тиімділік әкеліп, жаңа жұмыс орындарын ашуға және тіпті электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді.

Экология үшін заманауи технологиялар Kaz Waste Conversion компаниясы Әйтей ауылындағы полигон аумағында заманауи кешен салуды жоспарлап отыр. Бұл нысан жылына 450 мың тонна қалдықты сұрыптауға қауқарлы, демек полигондарға кететін қоқыс көлемін едәуір қысқартуға мүмкіндік береді. Жоба құны – 8,87 млрд теңге. Бүгінде жоба өнеркәсіпті дамыту қорының қарауында.

Одан соң Алатау қаласында ADC Taza Al’em компаниясы мен INEVA компаниясы бірлесіп, қоқыс өңдейтін зауыт пен техноэкопарк салуды көздеп отыр. Бұл кәсіпорын қалдықтарды өңдеп, олардан электр энергиясын өндіреді. Өндіріс қуаты жылына 350 мың тоннаны құрайды. Жобаның құны 32 млрд теңгеден асады. Бұл кәсіпорын жаңадан 70 жұмыс орнын ашады. Келер жылдың аяғына дейін аяқталуы тиіс жоба облыс экономикасы мен экологиясына оң ықпалын береді деп болжанып отыр.

Тағы Food Waste компаниясының азық-түлік қалдықтарын органикалық тыңайтқыштар мен ұн өндіруге бағытталған жобасы бастау алмақ. Оның негізінде жылына 36,5 мың тонна қалдық өңделмек. Бұл тек полигондарға түсетін жүктемені азайтып қана қоймай, фермерлерді сапалы табиғи өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Өнім көлемінің болжамдарына сәйкес, жылына 2,3 мың тонна ұн, 14,6 мың тонна органикалық тыңайтқыш шығарылады. Жоба құны 1,78 млрд теңгені құрайды. 120-ға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп көзделген. Бұл жоба да келер жылдың соңына дейін іске кіріспек.

Ал Еңбекшіқазақ ауданының Балтабай ауылында Гуандун Сучунь қытайлық компаниясы жылына 400 мың тонна қоқыс өңдейтін зауыт салуды жоспарлауда. Қазіргі таңда жер телімін рәсімдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 3 млрд теңгенің жобасы алдағы жылдары ашылмақ. Бұл жобалар қалдықтардың қайта өңделу деңгейін еселеп арттырып, қоршаған ортаның ластануын азайтады және жаңа жұмыс орындарын ашады. Бір жағынан заманауи технологиялар қалдықтарды ресурсқа айналдыруға мүмкіндік береді. Соның ішінде электр энергиясы, тыңайтқыштар, жаңа өндірістерге арналған шикізат шығарылады.

Қазақстанда коммуналдық қалдықтарды қайта өңдеу деңгейін арттыру экологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету, табиғи ресурстарды үнемдеу және жасыл экономикаға көшу үшін маңызды қадам. 2024 жылы елімізде төрт жарым миллион тоннадан астам тұрмыстық қатты қалдық жиналғанымен, оның тек 24 пайызға жуығы ғана қайта өңделді. Бұл көрсеткішті 2030 жылға қарай тиісті нормаларға сәйкестендіру көздегенімен, өңірлердегі жұмыс қарқыны баяу. Бұл жағдай қалдықтарды сұрыптау және өңдеу инфрақұрылымының жетіспеушілігін, экологиялық мәдениеттің төмендігін көрсетеді. Бұл проблеманы шешу үшін ел үкіметі бұл мәселеге назар аударып, бөлінетін ресурс пен бақылауды арттыру үстінде.

Альфия Жәнібекқызы

Тегтер: