4G-ге жете алмай жатып, 5Gжылдамдығымен түс көру
Премьер-министр Олжас Бектенов пен цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев 2025 жылы Қазақстанның цифрлық жүйесінің жұлдызы жанады деп жатыр.
Азия-Тынық мұхиты министрлерінің конференциясын ашқан премьер-министр біздің цифрлық технологиялық саланы белсенді дамытып жатқанымызды, Қазақстан бүгінде 30 цифрланған елдің және онлайн қызмет көрсететін 8 елдің қатарына енгенін, мемлекеттік қызметтің 90 пайызын цифрлық жүйе арқылы алуға болатынын, сондықтан келер жылдың соңынан бастап 5G желісі барлық қалалар мен өңірлік орталықтарды қамтитынын айтты.
Премьердің өзі цифрлық пәрменімізді осылай мақтанышпен жеткізгенде, еліміздің цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрі қарап қалсын ба?! Өз кезегінде бұл саланы басқарып отырған министр Жаслан Мәдиев те конференцияда Қазақстандағы цифрландыруға 30 бірдей елдің қатты қызығып отырғанын айтты. Министрдің мәліметінше, өзге елдер біздің eGov.kz жүйесіне тамсанатын көрінеді. Енді министрлік елдегі цифрлық жүйені одан әрі жандандыру үшін ІТ саласы бойынша бірқатар маңызды құжаттарға қол қойған. Соның бірі – Amazon Кiper жобасы. Бұл жоба спутниктік интернет желісін ұсынатын, Starlink-ке ұқсас желі. «Мұндай келісім салада бәсекелестікті дамыта отырып, азаматтарға қолжетімді бағаға сапалы қызмет ұсынуға мүмкіндік береді», – дейді Мәдиев.
Ал 2029 жылы біз жасанды интеллект (ЖИ) құрылғысының «құлағында ойнайтын» елге айналуды жоспарлап отырмыз. Бұл кезеңде электрондық құрылғы жасау үшін жасанды интеллектіні кеңінен қолданамыз. Елде ЖИ бойынша ұлттық орталықтар құрыла бастайды. Бұған қатысты қазір Қазақстан «Жібек жолы» аясында көрші елдермен бірге Каспий теңізінің түбінде талшықты желіні әзірлеп жатыр. Бұл – заманға сай инфрақұрылым мен мәліметтер жасақтап, ірі компанияларды елімізге тартатын жоба.
Цифрлық сала жайлы сиқырлы сөздерді біз бұған дейін де көп естігенбіз. Мәселен, 2017 жылы елде «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы қолға алынып, 2019 жылы үкімет «бұл бағдарлама аясында 8 мың жұмыс орны құрылды, цифрлық қабілетіміз артты, цифрландыру ұлттық экономиканың қозғаушы күшіне айнала бастады» деген есептерге елді сендіргісі келді. «Интернет желілерінің сапасы артып, 5G желісіне қосылатын күн алыс емес» деген мәлімдемелер сол кездерде де айтылды. Алайда 2020 жылғы пандемия кезеңі «Цифрлы Қазақстан» жайлы ұран сөздер мен баяндамалардың басым бөлігі «ертегі» екенін дәлелдеп берді. Пандемия кезіндегі интернет желісінің сапасыздығы, ауылдық аймақтардағы ғаламтордың жоқтығы, онлайн байланысқа шыға алмаған оқушылар мен мұғалімдердің тау-тас кезіп кеткені, тіпті қорасының, үйінің төбесіне шығып алып желі іздегендердің қатарының көбеюі, жаңағы министр мақтап отырған egov платформасының қайта-қайта істен шығуы – Цифрлы Қазақстанға қатысты ғаламат сенімді быт-шыт қылды.
Алайда атқарушы биліктің екпіні қатты. ІТ саласына зор үміт артып отырған үкімет бұл салаға республикалық бюджеттен құйылатын қаржыны да аямайды. Цифрлық даму министрлігі отандық IT саласын дамыту үшін 2021 жылдан 2023 жылға дейін 7,5 млрд теңге бөлген. Атап айтсақ, 2021 жылы саланы дамытуға 1,9 млрд теңге бөлінген. 2022 жылы – 2,7 млрд теңге, 2023 жылы – 2,9 млрд теңге. Сондай-ақ ведомствоның 2023-2027 жылдарға арналған жоспарларына сәйкес алдағы бес жылда цифрлық технологияны дамытуға 545 млрд теңге бағытталмақ. Оның ішінде 172,7 млрд теңге биылғы жылдың жобаларына арналмақ. Ал 2018-2020 жылдар аралығында бұл мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға 207,8 млрд теңге жұмсалыпты. Оның ішінде республикалық бюджеттен – 82,7 млрд теңге, жергілікті бюджеттен – 29,9 млрд теңге және басқа көздерден – 95,2 млрд теңге жұмсалған.
Конференция өткізбей-ақ келісуге болар еді
Қаражат жұмсалып-ақ жатыр, бірақ елдегі ІТ саласының жетістіктері неге көзге көрінбейді?! Министр мақтаған, шетелдіктер қызыққан eGov платформасы неліктен электронды өтініш тастайтын кезде немесе бір қызметті электронды түрде алатын кезде қалады?! Үкіметтің қолданысқа енгізген және басқа платформалары неге халықтың көңілінен шықпай жүр?!
Осы сауалдарды АҚШ-тағы Стэнфорд университетінде білімін жетілдірген ChatGPT мастер, ІТ ағартушы Елдос Еркебайға қойғанбыз. Маманның айтуынша, елдегі цифрлық даму министрлігі мен «Ұлттық ақпараттық технология» АҚ-ның қаражатты тиімсіз басқаруы салдарынан, яғни тиімсіз менеджментке байланысты бұл салада жетістіктер көзге көрінбейді.
«Бірінші, нақ осы Азия-Тынық мұхиты цифрлық министрлерінің кездесуі жайында айта кетсем, бұл шараны өткізу экс-министр Бағдат Мусиннің кезінде айтыла бастады. Мұны ұйымдастыруды Қазақстан БҰҰ-дан аттай қалап сұрап алды. Жиынды өткізу орнын Бангкоктан Астанаға көшіруге кеткен шығынды Қазақстан көтерді. Сол шығынның өзіне ғана 237 мың доллар кетті. Ал енді БҰҰ-ның Азия және Тынық мұхиты өңіріне арналған экономикалық және әлеуметтік комиссиясы ЭСКАТО қызметкерлерінің ұшып келуінің жол шығындары Қазақстанға 146 385 долларға түскен. Бұдан бөлек, басқа қызметтер тағы бар. Мысалы, цифрлық және климаттық жүйені әзірлейтін бір халықаралық кеңесші 5 ай бойы жұмыс істеді дейді. Оған әр ай сайын 5 мың доллар (шамамен 2,5 миллион теңге) жалақы төлеуге тиіс болған. Сонда бес айда ол кеңесші 25 мың доллар алды. Енді қараңыз, бұл конференцияны өткізуге соншалықты қажеттілік жоқ еді. ІТ саласындағы өңірлік ынтымақтастықты дамыту үшін орасан зор шығынды талап ететін конференциялар өткізбей-ақ келісімдер жүргізуге болады. Тіпті шетелде қазір онлайн түрде де келіссөздер өтіп, арнайы платформалардың арқасында да жұмыстар бітіп жатыр. Ал біз әлі сол баяғы жиын өткізуден шаршамаймыз. Мұның барлығы қазіргідей экономикалық жағдайда бюджетке қосымша салмақ», – дейді сала маманы.
Бұдан бөлек, маманның пайымдауынша, бізде Smart Contract, заң көмегінің бірыңғай ақпараттық жүйесі «Е-Заң көмегі» және тағы басқа шығыны көп, болашағы жоқ жобалар көп. Мәселен, елді цифрландырамыз деп жүзеге асқан жобалардың бірі – электронды үкіметтің eGovMobile қосымшасы. Былтыр осы қосымшаның қызметін 11 миллионнан астам адам тұтынған. Ал бұл жобаның кемшілігі де баршылық.
«Халыққа нақ керек кезде eGov.kz сайты тұралайды. Ел аман, жұрт тынышта Еnbek.kz еңбек биржасы сайты ашылмай тұрады. Елдер ол сайттан жұмыс іздейін десе қалай жұмыс істеуді, өтінішті қалай тастауды білмей қиналады. Өйткені сайттың «он ойланып, жүз толғануы көп». Қазір қарапайым халық eGovMobile қосымшасынан гөрі, бәріне белгілі бірді-екілі банктерің қосымшасы арқылы цифрлы құжаттарды алуды жеңіл санайды. Бұл да болса біздің үкіметке сын. Банк қосымшасы арқылы мемлекеттік қызметке қол жеткізуге болатын болса, eGovMobile қосымшасына ақша шығармау керек қой. eGovMobile қосымшасы арқылы некеге отыру онлайн жүзеге аса бастап еді. Бірақ оның да сапасы мәз болмады. Рас, АҚШ-та eGov сияқты электронды үкімет жоқ. Оларда функциялары қарапайым платформалар өте көп. Сол платформаларды телефоныңа жүктеп алып кез келген қызметті тұтына бересің. Ал бізде үкіметтен қаражат бөлініп, арнайы электронды қосымша ашып отырып, цифрландыруға толық қол жеткізе алмай отырмыз. Себебі біздегі жобалар шала аяқталады. Өз басым, келесі жылы 5G жобасына толық өте қоямыз дегенге аса сене қоймаймын. Себебі бізде жуырда Шығыс Қазақстан облысында, Түркістанда ең алғаш рет мектептерде Starlink спутниктік интернет желісі орнатылды. Starlink – интернеті жоқ, ғаламтор нашар қамтылған аймақтарға арнайы бағытталған спутник желісі екенін білесіздер. Цифрлық даму министрлігі жыл соңына дейін осы желімен 2 000 мектепті қамтимыз деп отыр. Ал бізде қаланың сыртында интернеті нашар елді мекендер бар. Менің білуімше, адам саны 266 мыңнан асатын 1 600-ге жуық ауылда мүлде интернет жоқ. Осының бәрін тізсек, бізге әлі цифрлық жүйені сапалы ету жолында біраз жылдар керек», – дейді Е.Еркебай.
Айтпақшы, халықтың шағым-арызына, тұтынатын интернетінің сапасыздығына қарамастан елдегі байланыс операторлары да, «Қазақтелеком» ұлттық компаниясы да ұсынатын өнімдерінің бағасын биыл тағы қымбаттатып жіберді. Былтыр тамыз айынан бастап елдегі байланыс операторларының тарифтері мен интернет құны 30 пайызға қымбаттаған. Ал биыл шілде айында тарифтердің бағасы тағы «ұшты». Бұдан бөлек, «Қазақтелеком» компаниясының 51 тарифтік жоспарының құны 5 500 теңге мен 11 мың теңге аралығында өсті.
Былтыр Токио туралы айтып, біраз күліп едік. Енді 5G туралы айта бастадық. Үлкен қалалардан шыға берісте-ақ мобильді интернеті жоғалып кететін, кей жерде 3G, E, кей жерде мүлде ұстамайтын интернет желісі адамның ұйқысын келтіреді. Расында, осы біз түс көріп жатқан жоқпыз ба? 5G жылдамдығымен...
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ