50 пайызын Әлияға бересің!
«Наурыз Банк Қазақстанның» экс-басшысы Оразалы Ержанов өзінің Фейзбук парақшасында:
2004 жылы маған премьер-министрдің орынбасары Кәрім Мәсімов телефон соқты.
«Үлкен кісі (Нұрсұлтан Назарбаев) мынадай шешім қабылдады: сенің банкіңе Әлия Назарбаева 50% партнер болады», деді. Осы мәселе бойынша бірнеше рет кездестік. Банктің өсуіне одан қандай пайда болатынын талқыладық. Алматы қаласы, Гоголь көшесі, 39 мекенжайындағы ғимаратымыздың 12-қабатын Әлияға кеңсе қылып беруімізді сұрады. Талқылай келе, Кәрімге звондап, әріптестік туралы ұсыныстан бас тарттым.
Екінші жағдай – бұрынғы Air Astana компаниясының вице-президенті, Назарбаевтың іс жүзіндегі екінші әйелі Гүлнәр Рақышева әріптес болам деп келді. Ол кісі банктің 70%-ын бересің деді. Сатып алам, ақша қосам демеді, тек жазып беруімді сұрады. Әлияда да ақша қосу жоспары болмады. Екі ұсыныстан да бас тарттым. Содан Алматыда орынбасарларымды ұстап, қамап тастады, – деп жазыпты.
Бұдан кейін Оразалының басына қандай бұлттың үйірілгендігінен үлкенді-кішілі толық хабардар деп ойлаймыз.
Міне, Нұрсұлтанның тұсындағы қазақстандық экономиканың сиқы. Барын тартып алып, ноқтасын түріп, қоя бергендері қаншама? Өліп кеткендері ше? Бұлармен алысып ешкім опа таппаған. Бұған бүкіл ел куә!
Ана-мынаған басы жетпейтін бауырсымақтары нәпақаларын базардың маңынан-ақ тапты. Алматы ғана емес Қазақстанның барлық өңірлеріндегі базар мен байлық Болаттарға бағынды. Әрі-беріден соң, тіпті Кеденнің өзі осы тоғышарлардың жұмырына жұмыс істеді. Еліміздегі ірілі-ұсақты өндіріс ошақтары мен қаржы саласы, жалпы айтқанда, бір мемлекеттің экономикасы түгелдей дерлік бір отбасына қызмет еткені жасырын емес. Енді соның игілігін халықтың өзі көретін кез жеткен сияқты.
Кезінде Семейдің ет комбинатына жаяу-жалпы мал айдайтын Моңғолия бұл күнде еліндегі шағын ғана көмір кенішінен халқына дивидент төлей бастады. Мұны не үшін айтып отырмын, «Әлемдегі ең тәуелсіз мемлекет қайсы? – деген сұраққа, Моңғолия! – деп жауап беріп, артынша: өйткені оған ешкім тәуелді емес!, – деп жырқылдай күлген орыстың оспадар анекдотына ойланбастан, қосыла күлгендер күмірә болған сияқты. Шын тәуелсіздік деген осындай болса керек-ті. Ал енді кім күлер екен?!
Айтпақшы, осы Мұңғыл елі президентінің кеңесшісі НӘН әулетінің айтқанына көнбегені үшін бір кездері түрмеден түрмеге қамалып, елден кетісіп тынған Ғалымжан Жақиянов деген де сыбыс тарап үлгерген. Бұйырса, бұл туралы ақпараттың да анық-қанығын бажайлап алдағы уақытта жариялаймыз. Ал әзірге, Оразалы Ержанов секілді биліктің барлық қулық-сұмдығын білетін іскер азаматтарды ел экономикасына тартқанымыз абзал. Рас, кезінде оларды қаралау үшін тапсырыспен талай мақалалар жарық көріп, ел шошынып қалғаны да өтірік емес. Кеше Біртановтар ақтығын дәлелдеп жатса, жазықсыз жапа шеккен бұрынғы премьер-министр Серік Ахметов те Жоғарғы сотқа арыз түсіріп, өзін ақтауға кірісіпті. Елімізді айтасыз НӘНге тілі тигені үшін түрмеге тоғытылған отауы бөлек айыр қалпақты ағайынның ардақтысы Атамбаев та абақтыдан ақталып шығып жатыр. Яғни әлі талай «карта» ашылады деген сөз. Сәл сабыр қылсақ, ол күн де алыс емес сияқты.