Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:15, 09 Шілде 2024

500 баланың арманын орындаған түркістандық ұстаз

1

Қай кезде де ата-ана үшін перзентінің амандығы мен денінің саулығынан артық бақыт жоқ. Десек те, кейде өмірдің де өз жоспарлары болатыны анық. Әсіресе айналасын танып-түсіне бермейтін ерекше балалар туралы айту әркімнің болсын жанына бататыны рас.

 Айту былай тұрсын, сондай ерекше балаларды бағып-қағып, әлі жеткенше тәрбиелеп, оңалтып отырған ата-ананың жай-күйін түсіну одан да қиын. Ондай ата-ана ең алдымен қолдауға, түсіністік пен мейірімге мұқтаж. Дегенмен елімізде дерті күрделі және айықпас ауруға шалдыққан жандар мен балалардың көңілін аулап, қолынан келгенше жәрдемдесіп жүрген жандар аз емес. Әсіресе ерекше қажеттілігі бар балалардың арманын орындап, қалауына құлақ асып жүрген түркістандық ұстаз Әсел Бимырзаеваның «Армандар орындалады» жобасы – осының бір мысалы. Аталмыш жоба арқылы бүгінгі күнге дейін облыс көлеміндегі 500-ден астам баланың арманын орындап, көмек беріп жүрген түркістандық ұстаз бұл жобаны жүзеге асыруға ерекше баланың анасы әрі ерекше баланың әпкесі болуы ойтүрткі болған екен. 

«Жобамның мақсаты – үйден оқитын ерекше балалардың қоғаммен етене араласып, өздерін қандайда бір бағытта дамытуға ұмтылдыру, қолдау көрсетіп, жағдай жасау. Осы жобамды бастап кетуге сол бір ерекше баланың арман-тілектерін тыңдай отырып, сөздері әсер етті. Өзім де ерекше баланың анасы ретінде, ерекше баланың әпкесі ретінде де, ерекше балаларға сабақ беретін мұғалім ретінде қандай бағытта жұмыс жасау керектігін жете түсініп кірістім. Бүгінге дейін бірнеше бала республикалық байқауларда топ жарып, спорттық жарыстарда облысымыздың намысын қорғап, чемпион атанғанын мақтана айта аламыз және балалар қолөнер, музыка бағытында да өздерін дамытып жатыр», – дейді Әсел Маханбетқызы.

Жоба жетекшісінің айтуынша, жобаға биыл 2 жыл толыпты. Көпбалалы ана әрі Ататүрік атындағы мектеп-гимназияда қызмет ететін ұстаз ерекше балалардың арманын орындауға осы оқиғадан кейін толықтай бел буыпты.

«Бүгінге дейін 500-ден аса бала қатысып, тілектері орындалды. Бұл жобаны «Балалар жылы» аталған 2022 жылдың маусым айында бастап кеттім. Әлі есімде, мамыр айы болатын. Соңғы сабағымыз. Қоларбада отыратын баланың үйіне бақылау жұмысын алуға барған ем. Сондағы екеуара диалогымыз:

«Сен балалар жылында не күтесің?

Ештеңе. Ештеңе сезінбеймін.

– Кім болғың келеді?

– Хирург. Бірақ ол тек қиялым ғой...

– Неге олай дейсің, қазір ютубтан тауып берем, мына кісіні қара, қоларбада отырады. Әлемдегі атақты хирургтардың бірі. Үміт үзуші болма, айналайын! Досың бар ма?

– Досым – балкон. Себебі екі қарындасым сабақтарына кетеді. Анам жұмысына кетеді. Менің жасым 14-те, анама 5-қабаттан түсіріп, көтеру үшін тым ауырмын. Сондықтан сыртқа да шыққым келмейді.

– Тілегің бар ма?

– Білесіз бе, мен осы жасқа дейін лаваш жеп көрмеппін. Кинотеатрға барғым келеді. Бір дос тауып тілдескім келеді...»

Осы сөздерінен кейін ештеңе айта алмадым. Аузыма сөз түспеді. Өйткені балаларымыз лаваш дегенді жоқ дегенде екі айда бір сатып алып жейді. Кинотеатр мен театрға жиі барып тұрады. Үйіме жеткенше, көзімнен жас тоқтамады. Жолдасыма болған жағдайды айтып едім, «жексенбі күнді сол балапанға арнайық, анасынан рұқсат ал» деді. Баланың эмоциясын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Біреуге қуаныш сыйласаң, өзің де жасап қаласың. Үйіне жеткізген кезде бала: «Әсел апай, армандар орындалады екен ғой, тек армандауды тоқтатпау керек екен» деді. Осы қарқынмен екі күн ішінде аталмыш жобаның концепциясын жасап шықтым. Солай бұл жобаны бастап кеттім... Республика көлемінде жалғасын тапқанын қалаймын. Басқа да облыстардан хат жазатын аналар да, балалар да бар. Биыл үшінші мегаполис Шымкентте аталмыш жобаны ұйымдастырдық», – дейді жоба жетекшісі.

Десек те, жобаны ұйымдастыру барысында әртүрлі кедергілер мен қиындықтар болғанын алға тартты. Әсіресе уәдесін беріп, телефон көтермей, жауапсыз кететін адамдардан көңілі қалғанын жеткізді. Басшылықта отырғандардың ішінде қолынан келіп тұрса да, құлық танытпайтындар бар екен. Осы сынды жағдайлар еңсені түсіргені болмаса, көпшіліктің көңілінен шыққан жобаға белсене кірісіп, көмектерін ұсынғандар әлдеқайда көп дейді. Жалпы Түркістан қаласының өзінде мыңнан астам ерекше бала бар. Жоба жетекшісінің айтуынша, олардың арманын орындауда түрлі сала басшылары мен кәсіпкерлер, қоғам белсенділері мен үкіметтік емес ұйым өкілдері, ұжымдар жақсылық жасауда жарысып жатқан жайы бар. Бұл тек ерекше қажеттілігі бар балаларға ғана емес, жалпы әлеуметке қуаныш сыйлаған жоба болды.

«Армандар орындалады» секілді жобалардың маңызы біз ойлағаннан да зор. Балалардың жазған тілекхаттарын кәсіпкерлер, ұйымдар ғана емес, ниеті бар қайырымды жандар да орындауға асығып отырады. Ең бастапқы кезде барлық мүмкіндіктерін қарастырып, кәсіпкерлерге қоңырау шалып, өтініш жасайтын жалғыз өзім едім. Ал қазір алдын ала тізім жасайтын болдық. Ниет білдірген жандардың қатары жыл санап көбеюде. Үкіметтен осы күнге дейін ешқандай қаржы қарастырылған емес. Өзім барып алақан жайып сұрап та көрмеппін. Ал жергілікті әкімдік, әкіміміздің тікелей тапсырмасымен үнемі қолдау көрсетіп отырады. Мысалы, балаларды серуенге апару үшін транспорт құралдарына, іс-шара өткізетін орындар мен қаламыздың көрікті жерлерін аралатуға еш кедергісіз қол жеткізіп отырмын. Осы орайда қолдау көрсеткен барша жақсыларға алғысымды білдіремін», – дейді Әсел Бимырзаева.

Қоғам емі күрделі немесе айықпас дертке шалдыққан балалардың көңілін аулап, өмірге құштарлығын оятумен шектелмей, қолдан келгенше жәрдемдесуге дайын адамдардың көбейгені шын қуаныш сыйлайды. Жоба жетекшісі «Армандар орындалады» жобасынан бөлек, «Сен – ерекшесің!» медиа-жобасын бастағанын да атап өтті. Жоба мақсаты – ерекше балаларды комплекстен арылтып, басқа да бағытта өздерін сынап көруіне жағдай жасау және камера, фотоаппарат алдында сенімділігін арттыру.

«Жобамыз нәтижесіз де емес. Қазірге дейін облысымыздың 4 ауданында жобаны өткіздік. Бұл жобаға енді қаржы қажет болған соң жергілікті әкімдіктерге ұсынып көрдік. Бірден қолдай кеткен әкімдерге үлкен алғыс. Ал басқа да аудандар енді-енді қызығушылық танытуда. Сондықтан бәрі тек сәтімен келеді. Өзімнің командамды да жасақтап үлгеріппін. Ерекше балалардың аналарына да қолдау көрсету мақсатында біраз шаралар, кездесулер ұйымдастырып, оң нәтижелер көрсетіп жүрміз», – дейді.

Ерекше балалардың арманын орындап жүрген түркістандық ұстазға сәттілік тілей отырып, алар асуы әлі алда деп білеміз.

Сәруар БАҚБЕРГЕН

Түркістан облысы