500 мың отандасымыз, МӘМС сіздерге сенеді!
Кезінде Мамин үкіметі қолданысқа енгізіп кеткен МӘМС-ті қазір «мәні қашқан» жүйеге теңейтіндер өте көп. Бір тарап МӘМС-тің «керегі жоқ» десе, енді бір тарап «халықаралық тәжірибелерге сүйене отырып оны әрі қарай жетілдіру қажет» дейді.
Қарапайым халық аталмыш қорға ай сайын босқа қаражат аударып жүргендерін, мемлекеттік емханалар мен ауруханалардың қызметінің сын көтермейтінін, мекемелерге ауырып ем іздеп барған адамның «шақшадай басы шарадай» болатынын айтып, жиі арызданып жүр.
Әйтеуір соңғы төрт жылда МӘМС-тің айналасынан гу-гу әңгіме, тарқамайтын дау бітпей қойды. Тіпті 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде де наразылық білдіргендердің бір тобы «медициналық сақтандырудан бас тартып, халықты сапалы емдеуге көшу керек» деген де талап қойды. Алайда қаңтардан соң атқарушы билікке келген Смайылов үкіметі МӘМС-тен бас тартпайтынын айтып, «оның жұмысына ашықтық, сауаттылық, халыққа қолайлылық енгіземіз» деп уәде берген. Сөйтіп, ол уәдеге қиянат жасамауы үшін саланы басқаруға Ажар Ғиният келген. Бірақ Ажар ханым министр болған аралықта да МӘМС-тің басынан дау арылмады, керісінше, ол дау қыза түсті.
Биыл Ақмарал Әлназарова денсаулық сақтау министрі болып келгенде, жаңа келген шенеуніктен жаңалық күтетін әдетпен «МӘМС-ті алып тастау керек» деген әңгіме қайта көтерілді. Алайда Әлназарова: «МӘМС жүйесін тоқтату жоспарда жоқ және оны талқылаудың реті де жоқ. Бізге медициналық сақтандыру жүйесі қажет» дегенді кесіп айтты. Қазір елдің арасында «келер жылдан бастап МӘМС-ке бес есе артық жарна төлейді екенбіз» деген сөз желдей есіп тұр. Ал енді бұл не жарна?! Шынымен де алдағы уақытта МӘМС-ке төлейтін сома өсе ме?!
Біздің бұл сауалымызға жауап берген аталмыш қор өкілдерінің мәліметінше, қарапайым халық үшін жарнаны төлеу бес есеге артады деген сөз жоқ. Бірақ жұрттың айтып жүрген сөзі мүлде қисынсыз да емес.
«Қазіргі қолданыстағы заңда МӘМС-тің жарнасын төлеу үшін жоғарғы деңгей 10 ең төменгі жалақыны құрайды. Ол деген биыл 850 мың. Сол деңгей бес есеге көбейтіледі. Яғни 4 миллион 250 мың теңгеге көтеріледі» – дейді міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды үйлестіру департаментінің директоры Аян Мұхаметқалиева.
Қор өкілдерінің айтып отырғанын қарапайым тілмен түсіндірсек былай. Елімізде 850 мың теңгеден көп жалақы алатындар саны 500 мыңнан сәл асады. Яғни аталмыш өзгеріс халықтың тек 9 пайызына ғана қатысты болмақ. Қалғаны сол баяғыдай табысының екі пайызын төлей береді. Мысалы, 850 мың теңге жалақы алатын бірінші қызметкер айына медициналық сақтандыруға табысының 2 пайызын, яғни 17 мың теңгесін төлейді. Ал айына 3 миллион теңге жалақы алатын екінші қызметкер де 17 мың теңге төлейді. Өйткені ең жоғарғы сома осындай. Енді келесі жылдан бастап өзгеріске сай, айына 3 миллион теңге табатын қызметкер ең төменгі жалақының емес, тапқан табысының 2 пайызын, яғни 60 мың теңгесін МӘМС-ке төлейтін болады. Мысалы, 4 миллион теңге тапсаңыз, 80 мың теңге төлейсіз. «Көп ақша ала ма, МӘМС-ке де көбірек төлегені әділетті» дейді қор өкілдері.
Мұндай жаңашылдықты енгізу арқылы қор мен денсаулық сақтау министрлігі «МӘМС-тің қоржынына жыл сайын 243 миллиард теңге қосымша түсім түсіп отырады» деп болжайды. Ал енді «қордың түсімі молайса, халыққа да көрсетілетін медициналық қызмет сапасы артатын болар» дегенге сенгіміз келген. Бірақ бұл саладағы мәселелерді жіті бақылайтын әлеуметтанушы Меруерт Молдабаева қанша жерден жаңашылдық енгізіп, қомақты жалақы алатындардың жарнасын өсіріп, қордың қанжығасын «майлаймыз» дегенмен, бұл қадам медициналық қызмет сапасын оңалта қоймайды дейді. Себебі қазір елде 480-ге жуық медициналық ұйымның кредиттік қарызы бар.
«Бұл мекемелердің 90 пайызы мемлекет меншігінде. Олардың қарызын төлеуге әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (ӘМСҚ) да атсалысады. Міндетті әлеуметтік сақтандыру төлемдерінің біразы осы қарыздарды жабуға кетеді. Қор бұл қарыздарды азайту үшін де шағын және орта бизнеске, қомақты жалақы алатындарға қатысты МӘМС жарнасын өсіріп отыр. Жарнаны өсіру арқылы жыл сайын 243 млрд теңге түсіп отырса, оның бір бөлігі сол медициналық мекемелердің қарызын жабуға жұмсалады», – дейді М.Молдабаева.
Маман сөзінің жаны бар. Бұл мәселе төңірегінде жуырда ӘМСҚ КЕАҚ басқарма төрағасының орынбасары Айдар Нұрғалиев те пікір білдірген. Оның сөзінше, қазір елдегі медициналық ұйымдардың қарызы 113 млрд теңгеден асып кеткен. Нұрғалиевтің сөзіне сенсек, кредиттік қарыздарды азайту үшін мынадай шаралар қабылданған.
Біріншісі, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру активтері есебінен 58,9 млрд теңге көлемінде қосымша қаржыландыру. Республикалық бюджетті түзету аясында тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін 57,4 млрд теңгеге қосымша қаржыландыру. Жергілікті бюджет есебінен қосымша қаржы бөлу. Нәтижесінде, былтыр мерзімі өткен кредиттік борыштар көлемі біршама деңгейге азайған.
Алайда ӘМСҚ қорының мамандары мен денсаулық сақтау министрі «медициналық қарыздарды азайтып жатырмыз» дегенімен, МӘМС жүйесінің өзін түземейінше, ол борыштардан түбегейлі арылу мүмкін емес екен.
Медицина ғылымының кандидаты, дәрігер Жазира Көшербайқызының пікірін тарқатсақ, бізде ауылдық жерлерден облыс орталықтарына, қалаларға, мегаполистерге емделушілер жиі келіп жатады. Оларды емдеуден қаладағы ауруханалар бас тарта алмайды. Күрделі операциялар негізінен, облыс орталықтарында, Алматы мен Астанада ғана жасалады.
«Міне, осы жерде МӘМС бойынша үкімет бекіткен қаржыландырудың «сызықтық шкаласы» іске қосылады. «Сызықтық шкала» – әр емхана мен аурухананың емдейтін сырқаттарының санын квоталап, шектейді. «Сызықтық шкаламен» бөлінетін қаржының лимиті де тез бітеді. Салдарынан, медициналық ұйымдар тіпті қанша жерден сақтандырылса да, алдына азап шегіп келген науқастың бетін қайтаруға мәжбүр. Ал енді кейбір медициналық ұйымдар ол науқастарды өз есебінен емдесе, ол үшін ӘМСҚ ақша төлемейді. Медициналық ұйымдарда қарыздың пайда болуының бір себебі – осы. Одан кейін дәрі-дәрмектердің, шығын материалдарының және коммуналдық қызметтердің қымбаттауы да медициналық мекемелерге проблема болып жамалды. Осындай мәселелерді шешіп алмай жатып, МӘМС-тің жарнасын өсіріп, қомақты жалақы алатындар қорға жоғары жарна төлейді деу тығырықтан шығармайды. Бұдан медициналық мекемелердің қарызы азайып, қызмет сапасы артпайды», – дейді дәрігер.
Экономист-сарапшылар жарнаны өсіруден елдегі шағын бизнес жапа шегуі мүмкін дейді. Қаржы-сарапшысы Андрей Чеботаров қазір табысы тәуір адам ауырса, МӘМС арқылы емес, жекеменшік емханаларға барып емделеді деген уәжді келтірді. Оның ойынша, жалақың көп пе, көбірек төлейсің деген қағида әділетсіз.
«Қорға қаражат қажет болса, неге оны халық төлеуі керек? Сондай-ақ қор өзінің жинақтарымен дұрыс жұмыс істемейді. Ондағы ақшаның қайда жұмсалып, қайда кетіп жатқанын біз білмейміз. Мысалы, мен міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға жүгінбеймін. Бірақ жалақымнан ай сайын төлем ұсталып отырады. Не үшін төлеп жүргенім түсініксіз» – дейді қаржы сарапшысы.
Негізінде, халықаралық тәжірибеде МӘМС жарналары мен аударымдарын есептеу үшін жоғарғы шекті белгілеу қарастырылмаған. Ал біздің министрлік жоғарғы шекті енгізу үлгісін Американың тәжірибесінен алғандарын айтады.
«Құрама Штаттарда әлеуметтік қамсыздандыру салығы өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың 168 600 долларға дейінгі таза табысына да қолданылады. АҚШ-тағы әлеуметтік қамсыздандыру салығының лимиттері жыл сайын өсіп отыратын Ұлттық жалақы индексіндегі (NAWI) өзгерістерге негізделген», – деп хабарлады денсаулық сақтау министрлігі.
Ал енді бұл арада америкалықтарды қазақстандықтармен салыстыру қаншалықты әділетті?! Шындап келгенде, қазақстандықтардың жалақысы мен америкалықтардың жалақысы тіпті салыстыруға да келмейді ғой.
Қаржыгер Жасұлан Мақсұтовтың ойынша да жарнаны өсіру халыққа пайда бермейтіні өз алдына, бұл – өзін-өзі алға сүйреп, талпынып жүрген шағын және орта бизнестегілер үшін қосымша жүк.
«Былтырдан бері үкімет кәсіпкерлерді қосымша құн салығын өсіреміз деп қорқытты. Енді денсаулық сақтау министрлігі МӘМС жарналары бойынша шекті көлемді 5 есеге арттыруды талқылауға шығарғанын естіп, қынжылдық. «Алдымен жоғары жалақы алатындарға жарна өседі» дейді. Сол жоғары жалақы алатындардың арасында кәсіппен айналысып, аяғынан тұрып келе жатқандар да бар. «Бұдан жақсы пайда түседі екен» деп дәндегендер, бір-екі жылдан соң бүкіл халыққа қатысты МӘМС жарнасын өсірмесіне кім кепіл?! Жалпы, МӘМС жүйесінен халыққа пайда болған жоқ. Мұны үкіметтегілер де мойындауы керек», – дейді сарапшы.
Негізінде медициналық сақтандыру жүйесі елімізде тоқсаныншы жылдары да қолданысқа енгізілген. Бірақ екі жылдан кейін ол қордың жұмысы тоқтап қалды. Тоқсаныншы жылдары медициналық сақтандыру қоры жұмысының сәтсіз аяқталуын үкіметтегі топ менеджерлер елдегі экономикалық дағдарыстың салдарынан көрді. Ол кездің үкіметі «дағдарыс салдарынан қорға тиісті қаражаттар аударылмады, сол кездегі медицина нарық талаптарына бейімделе алмады» деп ақталып, қордың жұмысын тәмамдаған. Ал қазіргі үкімет ондай мойындауға бара алмайды, өйткені экономикамыз өсіп жатыр деген көрсеткішті бұзуға болмайды!
Қазір де МӘМС жүйесінің жалғыз акционері үкімет. Жұмысы бар халық қызметін тұтынбаса да МӘМС-ке міндетті жарна төлейді. Осылайша, қорды қаржыландыру халықтың есебінен «тамаша» жүріп жатыр. Үкімет халыққа МӘМС-тің ақшасына қатысты «ашық ақпарат береміз» дегелі қанша уақыт өтті? Не өзгерді? Дәрігерге талон алудың жыры, бір дәрігердің қабылдауына жазылу үшін электронды кезектің жылжымауы, тегін емделуге қолы жетпей, ақыры, ақылы медициналық көмекке жүгінетін ел (ақшасы бары да, жоғы да) медициналық сақтандыруға не үшін ақша төлеп жүргенін әлі түсіне алмай жүр.
Қарлығаш Зарыққанқызы