500 млн теңгеге түсірілген фильмді 325 адам көрген – Дәулет Мұқаев

Мәжіліс отырысында депутат Дәулет Мұқаев Ұлттық киноны қолдау орталығының фильмдеріне сұраныстың жоқтығын, сондай-ақ бөлінген қаржының ақталмағанын айтты, деп жазды Zhasalash.kz.
Депутат «мемлекет тарапынан бөлінетін қаржылардың көбі «өз араларында» қалып жатқандай көрінетінін» айтты. Оның пікірінше, Ұлттық киноны қолдау орталығының фильмдері не сұранысқа, не халық тарапынан қолдауға ие емес.
«Тіпті халық қазынасындағы қаржыны миллиондап құмға құйып жатқандаймыз» деген депутат осы сөзіне бірнеше мысал келтіріп өтті.
«Мысалы, 2019-2023 жылдар аралығында отандық 100 фильмге шамамен 23 млрд теңге бөлінген. Ең қызығы оның барлығы 100 пайыз игерілген. Есебі тапсырылып, кино түсірілген. Енді қараңыздар, Atlas entertainment компаниясы түсірген отандық «Время патриотов» фильміне 1 млрд қаржы жұмсалса, оның кассалық жинағы – небәрі 10 миллион теңге. Бұл кеткен соманың 1 проценті ғана», - дейді ол.
Бұған қоса, Satai film түсірген «Боксшы» фильміне 900 млн жұмсалса, кассалық жинақ небәрі 25 млн теңге болған. Медет фильм түсірген «Лето 1941-го» отандық киносына 700 млн қаржы бөлінсе, оның 2 миллионы ғана қайтарылған. Бұл кеткен шығыннан 350 есеге аз.
«Ал «Жизнь» фильміне 500 миллион кетсе, небәрі 650 мың теңгесі қайтқан. Мысалы, орта есеппен кинотеатрлардағы билеттің бағасы 2000 теңге деп алсақ, онда бұл фильмді 325 адам көріпті-міс.
Сонда сіз болып, біз болып «Жизнь» деген фильмге бюджеттен жарты миллиард кетіріп, 325 адам көру үшін ғана түсірдік пе?!», - дейді депутат.
Депутаттың сөзінше, бұл мәселелерге себеп - жарнаманың әлсіздігі, оған арнайы қаражаттың қарастырылмауы.
«Мемлекет қолдауымен түсірілген фильмдердің жарнамасы жоқтың қасы. Қаншама фильмдер түсіріліп, шаң басқан архивтерде жатыр. Тәуелсіздіктен бері қарай мемлекет қаржысына 600-ден аса фильм түсірілсе, соның ішінде өз-өзін ақтап, пайдаға шыққан фильм тек «Досмұқасан» ғана.