5:32 телесериалының авторларын белгілі журналист сотқа береді
Журналист Асқар Жалдинов Salem Social Media компаниясы мен режиссер Әлішер Утевке сотқа дейінгі талап-арызын жолдады.
Оның айтуынша, қазақстандықтар арасында кең танымал болған 5:32 телесериалының сценарий желісі Жалдиновтың «Вне протокола» кітабынан ұрланған. Бұл туралы журналист өзінің Facebook-парақшасында мәлімдеді.
«Вне пртокола. Тайны громких преступлений в Казахстане» атты кітап 2020 жылы жарыққа шыққан. Ал, 5:32 телесериалы 2021 жылдың соңына қарай көрсетілді. Жалдинов ондағы оқиғалардың көбі кітаптан алынғанын айтады. Ол үшін Salem Social Media басшылары рұқсат сұрамаған.
«Мен сотта өзімнің дұрыс екенімді дәлелдеп, сериал авторларының ұятсыз әрекетін әшкерелегім келеді», — деді А.Жалдинов.
Айта кетейік, 5:32 телесериалы Қазақстанда тоқсаныншы жылдары болған аса ауыр қылмыстар туралы баяндайды.