600 миллион теңге «қолды болған»: Astana English School басшылығына қатысты сот үкімі шықты
Астанадағы танымал мектептердің бірі — Astana English School айналасындағы шулы іс аяқталды. Елорданың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты мектеп директоры мен бас есепшісіне бюджет қаржысын аса ірі көлемде жымқырғаны үшін үкім кесті.
9 жылға созылған «схема»: Қаржы қалай жымқырылды?
Тергеу мәліметтеріне сүйенсек, мектеп басшылығы 2015 жылдан 2024 жылға дейін өз лауазымдарын асыра пайдаланып, мемлекет қазынасына 588 миллион теңге шығын келтірген. Қылмыстық схеманың бірнеше бағыты болған:
- «Мектепте іс жүзінде жұмыс істемейтін 6 адам тазалықшы ретінде тіркеліп, олардың атына 29 млн теңге жалақы аударылып отырған.
- Директор мектеп жарғысында қарастырылмаса да, 501 оқушыға оқу ақысынан 50% жеңілдік жасаған. Бұл мемлекетке 183 млн теңге шығын әкелді.
- 2018-2024 жылдары даярлық сыныптары («нулевой») үшін ата-аналардан ақша қолма-қол қабылданған. Бұл қаржы бухгалтерияға өтпеген, соның салдарынан 305 млн теңге қолды болған.
- Жазғы демалыс қызметінен 25 млн теңге, ал шетелдік ұстаздардың жалақысын делдалдар арқылы жасанды түрде өсіру арқылы тағы 75 млн теңге жымқырылған.
Сондай-ақ, бас есепші ұрланған қаржының 176 миллион теңгесін өз депозитіне аударып, «заңдастырып» үлгерген.
Сот шешімі қандай?
Сотта айыпталушылардың кінәсі толық дәлелденді. Жаза тағайындау кезінде директордың зейнет жасындағы (65 жас) екені, ал есепшінің үш кішкентай баласы бар екені ескерілді.
- Мектеп директоры: 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның екі қабатты үйі, тұрақ орны (паркинг) және қымбат зергерлік бұйымдары тәркіленді.
- Бас есепші: 7 жылға сотталды. Оның көлігі, тұрақ орны мен әшекейлері мемлекет меншігіне өтетін болды. Алайда, оның кәмелетке толмаған балалары болғандықтан, жазаны өтеу мерзімі бір жылға шегерілді.
Екі сотталушыға да өмір бойы мемлекеттік қызметте немесе басқарушылық лауазымдарда жұмыс істеуге тыйым салынды. Сондай-ақ олар мемлекетке келтірілген 588 млн теңге шығынды бірлесіп төлеуі тиіс.