600 шаршы метрлік жылыжайға берілетін көмек 9,1 миллион теңге

Алматы облысында құлпынай өсіру ісі дамып келеді. Өңірдегі Ынтымақ ауылының тұрғыны Ерәділ Құмарбек ауыл шаруашылығының заманауи, табысты әрі экологиялық таза сала бола алатынын өз тәжірибесі арқылы дәлелдеді.
Ол «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жеңілдетілген несие алып, 600 шаршы метрлік жылыжай тұрғызып, құлпынай өсіру ісін жолға қойған. Жобаны іске асыру үшін жас фермер 2,5 пайыз жылдық мөлшерлемемен 9,1 миллион теңге көлемінде қаржылай қолдау алыпты.
«Егін егіп, жеміс өсіруге бұрыннан қызығатынмын. Жай ғана жұмыс істеп қоймай, өз ісімді бастағым келді. Құлпынай менің алғашқы қадамым болды. Бұл іс менің жалғасты еңбек етуіме мотивация», – дейді Е.Құмарбек.
Жылыжай заманауи тамшылатып суару жүйесімен жабдықталған, бұл су ресурстарын үнемдеп, тұрақты әрі сапалы өнім алуға мүмкіндік береді. Табиғи әрі хош иісті құлпынай бүгінде жергілікті нарықта үлкен сұранысқа ие. Фермердің айтуынша, оның бастамасы ауыл тұрғындарына, әсіресе жастарға шабыт беріп, олар агробизнеске белсенді түрде қызығушылық таныта бастаған.
Сол секілді, жақында KazFoodProducts компаниялар тобына кіретін «АзияАгроФуд» компаниясы Венгрияның UBM Group холдингімен премикс өндіретін бірлескен кәсіпорын құру туралы инвестициялық келісімге қол қойды. Жаңа зауыт Алматы облысында салынады. Оның жобалық қуаты жылына 48 мың тоннаға дейін жетеді деп күтілуде.
Бұл Қазақстандағы премикстерді өнеркәсіптік көлемде өндіретін алғашқы зауыт болмақ. «АзияАгроФуд» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі таңда мұндай өнімдердің басым бөлігі шетелден әкелінеді. Жобаны іске асыру импортқа тәуелділікті төмендетуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға, бюджетке түсетін салық түсімдерін арттыруға және жем-шөп өнеркәсібінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«АзияАгроФуд» компаниясының басқарма төрағасы Саян Әшенов:
«Бірлескен кәсіпорын құру – еліміздің жем-шөп саласы үшін маңызды қадам. Зауыттың іске қосылуы импортты біртіндеп алмастыруға, отандық өндірісті кеңейтуге және азық-түлік қауіпсіздігін арттыруға сеп болады», – дейді.
АЛ UBM Group компаниясының бас директоры Петер Хорват Қазақстанның бұл жобада серіктес ретінде таңдалуы кездейсоқ емес екенін атап өтті. Оның айтуынша, елімізде сапалы шикізат, білікті мамандар және саланы дамытуға қолайлы жағдайлар бар. UBM Group бұған дейін Венгрия, Сербия, Румыния, Словакия және Аустрияда осындай бірқатар жобаларды сәтті жүзеге асырған.
Комбикорм мен премикс өндірісі бойынша әріптестік туралы келісімге 2024 жылғы қарашада президенттің Венгрияға ресми сапары аясында қол жеткізілген болатын.
2005 жылы құрылған «АзияАгроФуд» бидай мен жүгеріні қайта өңдеумен, ұн, патока, құрамажем және өзге де ауыл шаруашылығы өнімдерін шығарумен айналысады. Кәсіпорын құрамында тәулігіне 400 тоннаға дейін астық өңдейтін диірмен кешені, тәулігіне 200 тоннаға дейін жүгері өңдейтін цех және 600 тонна өнім шығаратын құрамажем зауыты жұмыс істейді.
Ақжол МЕЙІРБЕК
Алматы облысы