Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 12:48

72 жастағы Путин мен Си «150 жасқа дейін өмір сүру» мүмкіндіктерін талқылады

Путин мен Си
Фото: Reuters

Пекинде өткен Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуына 80 жыл толуына арналған әскери парад қарсаңында Қытай төрағасы Си Цзиньпин мен Ресей президенті Владимир Путин заманауи технологиялар арқылы адамның өмір сүру ұзақтығын арттыру мүмкіндіктері жайлы пікір алмасты.

 Олардың әңгімесінің бір бөлігі ресми тікелей эфирге түсіп қалғанын Bloomberg жазды.

Әңгіме парад алдында болды

Әңгіме Си, Путин және КХДР басшысы Ким Чен Ын парад басталмай тұрып мінберге көтерілер сәтте болған. Алдымен Си қытай тілінде «қазіргі кезде» және «70 жас» деген сөздерді айтқан. Артынша Путиннің аудармашысы орыс тілінде:

"Бұрын адамдар сирек 70 жасқа дейін жететін, ал бүгінде 70 жаста болсаң да, сені әлі жассың дейді", – деп жеткізген

Одан кейін Путиннің сөздері анық естілмегенімен, қытайлық аудармашы оның ойын Си Цзиньпинге:

«Биотехнология дамуының арқасында адам ағзаларын тұрақты түрде алмастыру мүмкін болады. Сол арқылы адамдар өзін барған сайын жас сезініп, тіпті мәңгілік өмірге жетуі мүмкін», – деп жеткізген.

Си бұған жауап ретінде:

«Болжам бойынша, осы ғасырда 150 жасқа дейін өмір сүру мүмкіндігі бар», – деген. Осыдан кейін трансляция басқа кадрларға ауыстырылған.

Айта кетейік, қазір Путин мен Си екеуі де 72 жаста. Путиннің бесінші президенттік мерзімі 2030 жылы аяқталмақ. Алайда 2020 жылы Ресей Конституциясына енгізілген өзгерістерге сәйкес ол алтыншы мерзімге түсіп, 2036 жылға дейін билікте қалуы мүмкін.

Ал Си Цзиньпиннің үшінші өкілеттік мерзімі 2028 жылы аяқталады. Бұған дейін Қытай басшылары екі мерзімнен артық билікте болмаған.