8 758 этникалық қазақ қандас мәртебесін алды
2024 жылдың 1 шілдедегі жағдай бойынша 8 758 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, қандас мәртебесін алды. Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 137,1 мың этникалық қазақ оралды.
Жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың жартысы (49,5%) Қытайдан, 34,7% – Өзбекстаннан, 5,9% – Түрікменстаннан, 5,3% – Моңғолиядан, 3,3% – Ресейден және 1,3% басқа елдерден.
Осы жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар 59%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 31,1%-ды және зейнеткерлер 9,9%-ды құрайды.
Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 17%-ы жоғары білімді, 23,2%-ы орта кәсіби білімді, 55,2%-ы жалпы орта білімді, және 4,6%-ының білім жоқ.
Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды.
Сонымен бірге, қандастарды қоныстандыру үшін келесідей еңбек күші тапшы өңірлер анықталды: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары.
Қоныстандыру өңірлерінде 2024 жылға арналған қандастарды қабылдау квотасы 2 433 адамды құрайды. 2024 жылғы 1 шілдеге жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 1891 қандас қоныс аударды.