Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 14:34

80 млн теңге шығын: Шымкентте халықаралық іздеуде жүрген алаяқ әйел ұсталды

1
Фото: Polisia.kz

Шымкент қаласында полиция қызметкерлері аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдікпен халықаралық іздеуде жүрген әйелді қолға түсірді. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.

Тергеу деректеріне сәйкес, күдікті Шымкент тұрғындарына қатысты бірнеше алаяқтық эпизодына қатысы бар. Келтірілген жалпы материалдық шығын 80 млн теңгеден асады.

Алтын әшекей мен «арзан турлар» схемасы

Алаяқтықтың бір эпизодында күдікті зергерлік бұйымдар сатумен айналысатын кәсіпкер әйелдің сеніміне кіріп, алтын әшекейлерді иемденген. Алайда алған міндеттемелерін орындамай, бұйымдарды қайтармаған.

Сонымен қатар, ол азаматтарға шетелге туристік сапарларды арзан бағамен ұйымдастырып беремін деп уәде еткен. Турларға алдын ала төлем алғанымен, сапарларды қамтамасыз етпей, ақшаны жәбірленушілерге қайтармаған.

Аталған қылмыстарға байланысты күдікті халықаралық іздеуге жарияланған. Жүргізілген жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде ол Шымкентте ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары іс бойынша барлық мән-жайды анықтауға, сондай-ақ қосымша қылмыстық эпизодтардың бар-жоғын тексеруге бағытталған тергеу амалдарын жалғастырып жатыр.