Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:31

80 жылдық мереке және 1 сағаттық ескірген техникалар шеруі

1
Фото: ашық дереккөз

Әлденеше ай бұрын жариялап, айлар бойы дайындалып, қыруар қаражат шығындаумен өткен Астанадағы әскери шеру Отан қорғаушылар күні мен Жеңістің 80 жылдығына арналды. Ел болып күткен әскери айбынымыздың көрінісі бір сағаттан сәл астам уақытқа ғана созылды.

 4 мыңнан аса әскери қызметкер, 200-ден аса әскери қару-жарақ пен техника, 66 әскери авиация ұшағы мен тікұшақ жұрттың тамашалауына ғана арналған сияқты. Нағыз әскери сарапшылардың мақтап-мадақтап жатқанын байқамадық. Керісінше, бір сағат бойы ескі техникаларды тамашалап, көңілі қалғандар көп.

Парад алдында сөйлеген президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 500-ге жуық көшеге қазақстандық қаһарманның есімі берілетінін айтты. Елімізде майдангерлерге арналған «Батырларға тағзым» атты шеру өтеді. Адамзат тарихындағы ең сұрапыл соғысқа қатысушылардың ұрпағы аталарының суретін алып, көше бойымен жүріп өтеді. Бұл 2012 жылы Ресейде басталып, кейіннен Қазақстан, Қырғызстан, Беларусь, Армения сияқты елдерге де тараған орыс халқының «Бесмертный полк» шарасын еске түсіреді.

Ал шерудің өзіне келсек, белгілі әскери сарапшы Ермек Сейітбатталов қазақ әскерінің қазіргі қалпы заманға лайық екеніне күмәнмен қарайтынын жасырмады. Өйткені қазіргі соғыстың қалай жүретінін айналадағы оқиғалар, енді, міне, Украина жеріндегі майдан көрсетіп отыр. Маман шараны ұйымдастыру жұмысында кемшілік жоқ деген ойда. Уақытында басталып, уақытында аяқталды. Мұндай шараны тұрақты бірқалыпты өткізіп тұрудың өзі шеберлік. Алайда қауіпсіздігіміздің соншалық жоғары деңгейде екенін көрсетті деуге келмейді.

Оның пікірінше, шеруге қатысқан 24 әскери құрам жаман емес. Бірақ қазір болып жатқан соғыстарға төтеп береді дей алмаймыз. Себебі заманға сай емес, бұларға қосымша тағы арнаулы құрамдар керек. Арасында тіпті ескірген құрамдар бар, олар тарих бедеріне кету керек деп есептейді. Ал өзгеріс басшылық құрамнан басталу керек екенін айтады. Одан төмен құрлық әскері де, әуе қорғанысы да, теңіз күштері де түгел өзгеріп, бүгінгі соғыстың сипатына сай болуы қажет.

«Бронды техникаға келсек, артиллерия, танк, әуе қорғанысы күштері – бәрі ескі үлгілер. Сонау 1960 жылдардан басталған, ең жаңасы 2009 жылғы. Мысалы, БТР-80-нің ең соңғы жаңартқан үлгісі – БТР-82. Ол 2009 жылы шыққан. Сондағы жаңартқаны нысана тұрақтандырғышы мен ішіне кондиционер орнатылып, тағы біршама ұсақ-түйегі өзгертілген. Алайда оның бәрі техниканың жойғыш күшіне аса әсер етпейді. Кей жағдайда оғын дәл тигізу қабілеті артқан болар, бірақ оның алысты көздеуі, тактикалық-техникалық сипаттамасы өзгере қоймаған. Сондықтан оның бәрі нағыз майданда аса үлкен рөл ойнамайды», дейді сарапшы.

Артиллериялық жүйелер де солай. Оның ішінде дүркіндеп ататын артиллериялардың дәлдігі, алыстығы, жоятын шаршы метр аумағы – бәрі бұрынғы сипатымен қалған, калибрі – 120, 150, 152. Ал бүгінгі соғыста бұлар контрбатарреялық әдіске жарамайды. Өйткені тез даяр болуы, жылжуы, атқан жерінен қашып кетуі бұрынғыша қалған.

Мысалы, қазір Himars жиі айтылады. Оның қозғалуы жылдам. Сосын 6 зымыран атқан кезде, алтауы әртүрлі болып атылады да, барлығы бір мезетте құлайды. Солай математикалық есеппен жасалған. Ал біздің артсистемаға келсек, Д-30 деген нұсқасы жүр. Ол да сол 60-жылдардың аяғында, 70-жылдардың басында шыға бастаған. Олар да осы уақыт аралығында түрлі модернизациядан өткен. Сарапшының айтуынша, олар 2006 жылы ескі деп саналып, запасқа кеткен. Өкінішке қарай, біз оны әлі пайдаланып жүрміз.

Шеру барысында 122 миллиметр калибрлі «Град» дүркіндеп ататын реактивті жүйелерінің жауынгерлік машиналары, 300 мм «Смерч» реактивті жүйесі, «Прима», «Ураган» сынды қарулар жұртқа көрсетілді. Алайда маманның пікірінше, бұлар да ескі. Сол 1960 жылдардың аяғынан бастап, 1972, 1975 жылдары шыққан техникалар.

Сондай-ақ «С-300», «Тор-М2К», «Бук-М2Э» зениттік зымыран кешендері де 1972 жылы бірге өндіріле бастаған қарулар. Қауқары аса зор емес, жаудың көктен жасаған шабуылдарын орташа қашықтықтан, 12-20 шақырым аралығында ғана тойтара алады.

«Ал солардың сипаттамасын қарасаңыз, жердің үстінде 30 метрден 14-18 шақырым биіктікке дейін атып түсіреді» деп көрсетілген. Соның ішінде «Бук-М2Э» деген нұсқасын айтады. Мұнысы тым асырып көрсетілген сияқты. Өзім әуе шабуылына қарсы маманмын. Тіпті 30 метр дегеннің өзі артық. Себебі 40 дегенге сенуге болады. Ал 30 метр дегенге көңіл сенбейтіні, жерден радиотолқындар қайтқанда олар бөгет жасап, нысананы жақсы көріп, дәл атып түсіруге мүмкіндік бермейді. Сондықтан әлгі жарнамасын жалпақ тілмен айтқанда, «далбаса» деуге болады», – дейді сарапшы.

Тек С-300-дің ғана 30 шақырым биіктіктегіні атып түсіре алатын мүмкіндігі барын айтады. Себебі оның сипаттамасында 75, 150 шақырымға дейін тигізетіні көрсетілген.

Ермек Сейітбатталовтың сөзінше, тікұшақтар да жаңа емес. Мысалы, ұшып өткен Ми-35 кезінде ауған соғысына қолданылған Ми-24-тің әрі қарай дамытқан нұсқасы. Сондағы жетілдірілгені, бағанағы айтып кеткен Т-82 сияқты деңгейдегі нәрселер. Ұшып жүрген әскери адамды таңғалдырарлықтай айтарлық жаңалығы, ұрыс қимылдарындағы үлкен мүмкіншіліктері жоқ деп саналады.

«Тасымал қызметін атқаратын ұшақтардың көрсетілгені жақсы, оларды жақсы деп бағалауға болады. Тек сондай ұшақтардың көп болғаны жақсы. Соғыс жағдайында олар әскер мен қажетті жабдықтарды әрбір жерге тез жеткізіп, соғыс қимылын жүргізуді жеңілдетеді. Енді солардың арасында Ту-150 нұсқасындағы ұшақтар жүр. Оның тым ескілігі сонша, оны тіпті ұшақтардың арасындағы ақсақал, қариясы деп те айтуға келмейді. Одан да арыға кеткен ескі әуе көліктері», – дейді маман.

Шеруде елге көрсетілген атқыш және жойғыш ұшақтарымыз да сарапшының көңілінен шықпаған. Себебі олардың алғашқы нұсқалары 60-жылдардың аяғында идеясы пайда болып, 70-жылдары жасалған. Сөйтіп бүгінге дейін жетілдіріліп, қазір Су-25БМ деген нұсқасы жүр. Көк туымыздың бейнесін жасап өткен де солар. Онда да тек авионикасы, нысанасы, навигациясы өзгерген. Басқа атап айтарлық жаңалығы байқалмайды. Ал маңдайалды жойғыш ұшақтарымыз ретінде таныстырылған Су-30СМ жайлы сарапшы былай дейді.

«Кеңес өкіметі кезінде Су-27 деген ұшақ болды. Мынау соның әрі қарай дамытқан үлгісі. Ішіне кейбір бөліктерін жаңартқан. Аэродинамикалық бөліктерін, рөлдің биіктігін, маневрлігін, авионикасын жаңартқан. Ең маңыздысы, нысана көздеуі өзгеріп, кейбір ракета қосылған. Су-30СМ, Су-35-тердің радиолокациясы өте алыс жерлерді көре алады, 300-400 шақырым, тіпті 500 шақырымға дейін барады. Бірақ сол жердегі нысанды атып түсіретін зымыраны жоқ. Ары кеткені Су-35 Украинаның ұшағын 213 шақырымнан атып түсірді. Ал бізде Су-30 ғана бар».

Ал әскеріміздің қазіргі қалпы заманға сай келмесе, қандай заманауи құрылғылар қажет? Бұған келгенде сарапшы біріншіден, ғарыш қорғаныс күштерін атап отыр. Қазақ әскері қазіргі заманға сай болу үшін ғарыштан бақылау-барлау жасайтын, сол арқылы шабуылдай алатын құрылым керек. Мұндай техника болса, әуе шабуылдарын 100 пайызға жуық тойтаруға болады.

«Оған қоса, жаудың зымырандары мен ұшақтары бір жерде жиналып тұрғанда соларды тұрған орнында атып, жойып жіберетін қару-жарақ қажет. Ол дегеніңіз, қанатты зымырандар. Ең аз дегенде 3-4 мың шақырымға ұшатын түрлері, орташа дегенде 7-8 мың шақырымды түрлері тұрса деймін. Ал 12-16 мың шақырым аралығында көздейтін түрлері болса, тіпті уайымсыз отырар едік. Ондай жағдайда ядролық қарудың да керегі жоқ. Сонымен қатар теңіздің астын барлайтын жасыл лазерлік құрылғылар қажет. Бұл қай жерде мұнай төгіліп жатқанын, тіпті балықтардың үйірімен қозғалып жүргеніне дейін бақылай алады. Қазіргі соғыс бұрынғыдай шекарадан кіріп, жылдарға созылмайды. Түгел мемлекет аумағында бір мезетте басталады. Оған «Араб көктемін» мысалға айтар едім. Сондықтан қамсыз отыру үшін әскерде осындай салаларды қалыптастыру керек», – деп сөзін түйіндеді.

Ербол Тұрымбет

Астана

Тегтер: