80 жылдық құжаттың күші Назарбаев ашқан ғимаратты қиратуға жетіп тұр
Алматыдағы «Global Ecological Group Almaty» (GEGA) ірі логистика кешенінің тағдыры қыл үстінде.
Қорғаныс министрлігі 80 жыл бұрынғы құжатпен алпауыт компанияны сотта жеңді. Сот шешімімен бюджеттің 4,5 млрд теңгесіне тұрғызылған орталық сүрілуі тиіс. Желге ұшқан миллиардтардың сұрауы болмай тұр. Компанияның апелляциялық шағымын қарауды сот кейінге қалдырды. Таулы қаладағы әуе қалашығына тиіп тұрған қос ғимарат қиратылса, мыңнан аса адам жұмыссыз қалады.
«Global Ecological Group Almaty» (GEGA) логистика кешені индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында 2015 жылы іске қосылды. Оны Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі телекөпір арқылы ашты. Орталық Азияда теңдесі жоқ нысан құрылысына бюджеттен 4,5 млрд теңге қаржы жұмсалды. Осы уақыт ішінде логистика кешені елдегі ең ірі компаниялармен тығыз байланыс жасап үлгерді. Барлығы, 50-ге жуық кәсіпорын шетелден келетін түрлі тауарларды осы жерде кедендік рәсімдеуден өткізіп, еліміздің түкпір-түкпіріне жөнелтіп отыр. Көпфункционалды кешен Алматы қаласын ғана емес, облыс аумағын азық-түлікпен қамтамасыз етеді. Пандемия кезінде және қазір де фармацевтикалық өнімдерді сақтау үшін пайдаланылады. Нарықтағы тиімділігін көрсеткен компанияға миллиардтап ақша бөлген әкімдік те араша бола алмай отыр.
Орталықтың жұмыс жасауына кезінде Алматы әкімдігінің өзі рұқсат беріп, жер бөліп, мемлекеттік бағдарламамен іске қосты. Бірақ, кейін әскерилердің әуе алаңына логистикалық орталықтың қос ғимараты кедергі келтіретінін айтқан Қорғаныс министрлігі сотқа шағым түсірді. Алматы қаласының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы өткен жылдың шілде айында орталықты үш айдың ішінде бұзу жөнінде шешім шығарды. 20 мың шаршы метрді алып жатқан кешен Қазақстан Қарулы күштерінің жеріне салынған. Сот үкіміне келіспеген екінші тарап апелляциялық шағым түсірді. Орта Азиядағы ірі логистика кешенінің талап арызын қарауды сот алты айға кейінге шегерді.
Белгілі болғандай, Қорғаныс министрлігі сотта логистикалық алаңның жері әскери аумаққа тиесілі екенін дәлелдеген. Шешім шығару кезінде 80 жыл бұрынғы құжаттың күші басым болды. Нәтижесінде, сот министрлік арызын қанағаттандырды.
«Түсініксіз жағдайда соттан жеңілдік. Жердің 1940 жылы әскери бөлімге тиесілі болғаны Қорғаныс министрлігінің есіне енді түсіп жатыр. Олар осыған дейін қайда болды? Құжаттар рәсімделді, құрылыс жүрді. Бірнеше жылдан кейін қойма толыққанды жұмысқа көшкенде ғана есіне түсіп, сотқа талап қойып отыр. Олар осы уақытқа дейін өздеріне тиесілі жер аумағын белгілемеген. Сонымен қатар, бұл жерде біздің нысан ғана тұрған жоқ. Бірнеше объекті орналасқан. Бірақ сотқа тек біздің компанияға қатысты арыз түсті. Сот шешіміне қатысты апелляциялық шағым түсірдік. Қалалық сот талап арызды қарауды алты айға шегеріп тұр. Шегеру – сот шешімін өзгертпейді. Сол себепті біздің де жағдай өзгермейді»,- деді Almaty Contract басқарушы компаниясының жетекшісі Әсел Сергенова.
Екі тарап арасындағы талас 2015 жылдан басталған. Almaty Contract басқарушы компаниясының жетекшісі сот шешімдерінің осы уақытқа дейін өз пайдаларына шешілгенін айтады. Бес жылдан кейінгі күрделі бұрылыс қызметкерлерді ғана емес, компания басшылығының өзін де есеңгіретіп тастады.
«Бүгінде жағдайдың басқаша сипат алуы бізге түсініксіз. Рейдерлікке ұқсайды. Бұл маңайда қаншама объекті бар. Неге бізге ғана қатысты іс басталды? Аяққа тұрып, табыс таба бастаған кезде қиын жағдайда қалып отырмыз»,-дейді Әсел Сергенова.
Қазір орталықта еңбек етіп жүрген 1200 қызметкер сергелдеңге түсті. Оларды жұмысқа орналастыруға ешкім кепілдік беріп тұрған жоқ. Көмек сұрап, жағдайын айтқандар араша сұрайды.
«Компания Қазақстанға экономикалық дағдарыс әкелген пандимия кезінде бюджетке 300 миллион теңгеге жуық кіріс кіргізді. Өткен жылы қызметкерлеріміз демалыссыз жұмыс істеді. Тауарларды жеткізу, түсіру жұмыстары үздіксіз жүрді. Қаланы ғана емес, облысты азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырмыз. Қойма барлық мақсаттағы тауарды сақтауға қабілетті. Қалалық әкімдіктің өзі құрылыс жұмыстары үшін 4,5 млрд теңге қаржы бөлді. Енді оңай сүріле сала ма? Мемлекет ақшасының сұрауы болмай ма? Басып кіру, иемдену болып жатқан секілді. Компанияның құжаттары толық дұрыс. Жер актісі де рәсімделген. Өткен жылдың жаз айларынан бастап, тағдырымыз қыл үстінде. Біз сот шешімімен келіспейміз. Өз позициямызда қаламыз. Және оны дәлелдеуге күш саламыз. Қоғамның бізге қолдау білдіретініне сенімдіміз», — дейді компания өкілі Светлана Кучменко.
Түрксіб ауданының тұрғыны Әсем Диханбаева логистикалық орталық қосылғаннан бері жұмыс істейді. Жалғызбасты келіншектің отбасын асырап отырған жалғыз табыс көзі – осы орталықтағы қызметі.
«Бұл жерде көпбалалы аналар, жалғызбасты ана және зейнетке жасына жақындаған адамдар жұмыс жасайды. Бізді ертең кім жұмысқа алады? Бұл жерде айлығымызды уақытында алып отырмыз. Өзім осы жерде 5 жылдан бері еңбек етемін. Әлеуметтік жағдайымызға көмектеседі. Айлығымыз тұрақты болды. Үйреніп қалдық. Қиратылады дегеннен бері, алаңдап жүрміз. Қойманы қалдыруды сұраймыз», — дейді Әсем Диханбаева.
Нысан бұзылса, шығынға бататындарын айтқан қазақстандық кәсіпкерлер де орталықтың жұмыс жасауын талап етеді.
«Шешімді дұрыс қарау керек деп ойлаймын. Орталық қиратылса, бағаға кері әсер ететіні сөзсіз. Халық тұтынып отырған азық-түліктен бастап, техникаға дейін қымбаттайды. Мұндай тауарларды алғанның өзінде апаратын жеріміз жоқ», — дейді отандық кәсіпкер.
Компанияның жұмысшылары тарапынан бірнеше рет тнаразылық шарасы өтіп, сот шешімін өзгертуді сұрап, резонанс тудырған істе Қорғаныс министрлігі өз талабын өзгертпек емес.
«Жерді босату жөніндегі сот шешімі әлі орындалған жоқ. Министрлік сотты ұтты, олар босатуы керек. Біздің талап өзгерген жоқ. Қойма кешені әскери ұшақтардың ұшу жолағына жақын орналасқан», — дейді ҚР Қорғаныс министрлігінің Ақпарат және коммуникациялар департаментінің өкілі Ғани Нүсіпов.
Қазақстандағы «А+» санатындағы жалғыз орталық жабылса, нарықтағы тауар бағасының қымбаттауына әкелері сөзсіз.