Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 14:25

85 миллиард теңгені ысырап еткен Талғат Ардан елге қашан қайтарылады?

Ардан
Фото: zhasalash.kz

Бұрынғы «Астана LRT» компаниясының төрағасы Талғат Ардан қазіргі уақытта Түркияда қамауда отыр. 

Оны Қазақстанға экстрадициялау мәселесі әлі шешілген жоқ. Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев мәжіліс кулуарында журналистерге мәлімдеді.

— Талғат Ардан Түркияда ұсталды. Қазір ол сол жақта қамауда отыр. Астанаға әлі жеткізілген жоқ, - деді Шындалиев.

Оның айтуынша, Қазақстан тарапы Түркияға қажетті барлық құжаттарды жолдаған, енді Түркия оларды қарап, шешім қабылдауы тиіс.

— Оның қашан экстрадицияланатыны әлі белгісіз. Себебі бұл мәселе Түркияның заңнамасымен реттеледі. Біз олардан үдерісті жеделдетуді талап ете алмаймыз. Бұл — олардың ішкі заңына сәйкес жүретін процедура, -  деп түсіндірді Бас прокурордың орынбасары.

2021 жылдың желтоқсанында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Талғат Арданның Стамбулда жүргенін хабарлаған болатын. Оның ұсталуына байланысты іс-шаралар басталып, ал елорда әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков АҚШ-та екені мәлім болды. Алайда АҚШ-пен екіжақты экстрадициялау туралы келісім болмағандықтан, Сұлтанбековты елге қайтару мүмкін болмай отыр. Осы екі тұлғаға қатысты сот сырттай қамауға алу санкциясын берген.

2023 жылдың 3 мамырында Астананың мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі соты Талғат Арданды бюджет қаржысын аса ірі көлемде ысырап етті деген айыппен сырттай жеті жылға бас бостандығынан айырды.

Ал 2024 жылдың 11 қарашасында Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты Арданға қатысты тағы бір үкім шығарды. Бұл жолы ол лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін, ауыр зардаптарға алып келген ісі бойынша жауапқа тартылды. Прокурор 4 жыл 8 ай жаза сұрап, сот соны тағайындады. Ал бұрынғы үкіммен ішінара қосқанда, экс-басшыға 9 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар ол өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды.

Сот шешімімен Талғат Ардан «City Transportation Systems» компаниясына келтірілген 85 млрд теңгеден астам материалдық шығынды өтеуге міндеттелді.

Биылғы 13 мамырда Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті Арданның Түркияда ұсталғанын және жақын арада елге экстрадицияланатынын хабарлады. Алайда бұл мәселе Түркияның ішкі процедураларына байланысты ұзап жатыр. 

Тегтер: