9 емес 19. Қасымхан Бегманов Әміржан Қосановтан басқа ЖО-ға тағы кімдер мүше болғанын айтты
Jas Alash порталы жақында саясаткер Әміржан Қосановтың Жазушылар Одағына өткенін хабарлаған болатын.
Бұл жөнінде саясаткердің өзімен де сұхбаттастық. Кейіннен кімдер мүшелікке өткені туралы Жазушылар Одағына сұрау салдық. Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасының орынбасары, ақын Қасымхан Бегманов нақты жауап берді.
– Жақында Жазушылар одағына 9 адам мүше болыпты. Нақты аты-жөнін айтсаңыз?
– Иә, таяуда Жазушылар одағына 9 емес, 19 адам қабылданды. Олардың бәрінің өтініштері одақ Жарғысына сай қаралды.
Олар:
- Арынова Мәриягүл– аудармашы
- Зәңгіров Ермекбай – жазушы
- Земсков Михаил – жазушы
- Давлатов Саидмұрад – жазушы
- Кенжеев Бақыт – ақын
- Кендін Шынар – ақын
- Көшербаева Есенкүл – жазушы
- Қизатұлы Көкбөрі Мүбарак –ақын
- Қисықов Бекнұр – жазушы
- Қонарбаев Аллаберген – ақын
- Қосанов Әміржан – ақын
- Қылышбеков Қуат– ақын
- Мауыт Нұрымжан –жазушы
- Мәдібаева Қанипаш – әдебиеттанушы
- Өмірзақов Өмірбай – ақын
- Сахарбаева Карима – жазушы
- Серебрянский Юрий – жазушы
- Трисеев Владимир – ақын
- Ыбраев Артур– ақын
– Әміржан Қосанов мүше болды. Сол туралы айта кетсеңіз?
– Қосанов қаламгер емес, саясаткер ретінде белгілі адам. Иә, ол көпшілікке, ең алдымен, саяси қызметімен таныс. Бірақ та әдебиетке жақын қауым оны ақын ретінде де біледі. Оның өлеңдері кезінде «Қарлығаш», «Жаңаөзен» жыр жинақтарында, Жазушылар одағының органдары «Жұлдыз» журналы мен «Қазақ әдебиеті» газетінде, «Жалын», «Таңшолпан» журналдарында жарияланған. Өткен жылы «Жұлдыз» журналының он екі санында оның «Қазақ, қайда барасың?» атты публицистикалық мақалалар циклы жарық көрді. Әлеуметтік желіде де – ЮТУБ, Фейсбукте – оның өзекті тақырыптарға арналған өлеңдері өз оқырманының ілтипатына ие болып жүр.
– Ел арасында «Саидмурад Давлатовты одақ мүшесі етіпті» деген «наразы» кейіптегі сөз жүр. Саидмурат бизнес-тренер ретінде де танымал. Кітаптары адамдарды табысты, бай болуға шақырады. Бір сөзбен айтқанда, инфо-бизнесменнің Жазушылар одағына мүше болуы қаншалықты дұрыс?
– С.Давлатовтың одаққа қабылдау туралы өтініші түскенде, оның құжаттарын зерттедік. Ол үлкен табысқа жеткен қаламгер екен. 14 кітаптың авторы, оның жетеуі қазақ тіліне аударылған. Кітаптарына сұраныс зор, жүздеген мың таралыммен тарап жатыр. Бұл жерде біз оқырманның талабымен де санасып отырмыз. Заман мен қоғам өзгерген сайын кітаптардың да жанры мен тақырыптары өзгереді емес пе? Тіпті әлемдік тәжірибеде бұрын-соңды боп көрмеген жанрлар мен формалар пайда болуда. Болашақта ол жағын да ескеруіміз керек.
– Жазушылар одағына мүше болудың қандай шарт-талаптары бар?
– Ол талаптар одақтың Жарғысында тайға таңба басқандай жазылған.
— Одаққа мүшелікке өту үшін төмендегідей құжаттар қажет:
— Төрағаның атына өтініш;
— одақ мүшелерінен 1-2 кепілдеме немесе одақ филиалдарының қолдау хаты;
— автобиография, жарияланған шығармаларының тізімі, шыққан кітаптарының бір-бір данасы, фотосуреттері.
Мүшелікке қабылдау одақ жанындағы Қабылдау комиссиясында талқыланып, Секретариатта қаралады. Жазушылар одағының Секретариат мүшелері әрбір қабылданатын қаламгерлер жайлы өз пікірлерін айтып, дауысқа салынады.