Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:46, 04 Қазан 2022

9 млрд теңге! «Абай-Аренаға» кетті ме, әлде Ахметов құртты ма?

None
None

Назарбаевтың кезінде әкімдер білгенін істеді. Мемлекет қаржысын оңды-солды шашты.

Аймақтарды дамытуға бөлінген қаржыны пышақ үстіне бөліп алды дегендей. Тіпті кейбір ақпараттарда облыс әкімі болудың құны 1 млн доллар екені, ал аудан әкімдері соның жартысын беретіні айтылатын. Яғни облыс әкімдері экс-елбасына әрқайсысы миллион доллардан жинаса, оның орнын әкімдер өздеріне қарасты аудан басшыларынан «сығып» алып отырған. Ауданның дөкейлері ауылдан жинайды. Жең ұшынан жалғасқан осындай сыбайластық Қазақстанды 30 жыл тұралатты.

Жазылмаған жүйенің жалғыз «қариясы», экс-елбасының көзін көрген бір әкім қалған болса, ол – Даниал Ахметов. Даниал ағайдың ШҚО-дағы «ерліктері мен батырлықтары» туралы аңызға бергісіз ақиқат көп. «Жас Алаш» газеті бір айдың ішінде «Үлкен ойыншық», «Әкімді әйел билесе», «Даниялдар «дань» төлемейді» деген атпен үш мақала жариялады. Ал Шығысты ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған басшы бұған қыңқ деп отырған жоқ. Білгендеріңді қылыңдар деген бетпақтық – Ахметовтың тазалығын білдірмейді. Қайта газетте жарияланған мақалаға әкімдік тарапынан жауаптың болмауы – аймақ басшысының «Жас Алаш» сынымен келіскенінің белгісі деп білеміз.

Даниал Ахметов қызметінде тағы бір жылға қалды. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы жазған болатын-ды. Бірақ Ахметов бір жыл білгенін істесін деген сөз емес, бұл. Жаңа Қазақстанда жемқор әкімдер мен біліктілігі төмен басшыларға орын болмайтынын Тоқаевтың өзі үнемі айтып отырады. Осы логикаға салар болсақ, Шығысқа шырай кіргізбеген басшысының бір жылға жетпей орнын босатуы да бек мүмкін.

Даниал ағайдың қай жұмысын қарасаңыз да, ақшаға келгенде, «ақсап» қалатын тұстары өте көп. Мәселен, «Азаттық» радиосы жазған бір материалда Семейде салынған «Абай-Арена» спорт кешеніне бөлінген қаржы туралы айтылады. Exclusive сайтының жазуынша, спорт кешенін бұрын тек қана тұрғын-үй салумен айналысқан «Фирма Азия» деген құрылыс компаниясы мемлекет қаржысына соғыпты. Бір қызығы, әуелдегі жоспар бойынша шығын 18 млрд теңге болуы керек еді. Бірақ жұмыс барысында шығын көлемі бірден 27 млрд теңгеге дейін артып кеткен. Бірер миллионның әңгімесі – 9 млрд теңге!

Мұндай миллиардтар әкімдер үшін аз қаржы болар, бірақ қарапайым халық үшін өте көп сома. Басылымның жазуынша, бұл парақорлықтың артында тұрған тұлға – Даниал Ахметов болуы мүмкін.

Осы материалды жариялаған Exclusive сайтына да әкімдік қызметкерлері хабарласпаған. Ақпараттың шынайы немесе жалған екенін айтып, біздің шындық мынау деп ешкім келмепті. Керісінше, доқ көрсетіп, сотпен қорқытып хат жазыпты. Соған қарағанда, Даниал Ахметов баспасөзге пысқырмайтын дөкей болып тұр. Кенжетайұлының мұнысы қателік. «Жаңа Қазақстан» – көмулі жатқан бомба сияқты. Бір күні аяқ астынан жарылып кетуі мүмкін. Құлағына қыспайтын «Ахметовтердің ақыры» сол бомбадан болмасын дейік!

Газетіміздің өткен сандарында Үржар әуежайына бөлінген қаржы туралы жазып едік қой. Нақтырақ айтқанда, әуежай құрылысына 4,7 млрд теңге бөлінген екен. Сол қаржыға жасалған жұмыс – жыртық үйдің туырлығы сияқты. Самолеттің бұрынғы 1 шақырым жолына 600 метр ғана асфальт қосылған. Ұшқыштарға белгі беріп отыратын диспетчерлік мұнара жасалған. Бары сол ғана. Бастауыш білімі бар адамның өзі осы жұмыстарға 1 млрд теңгеден артық қаржы кетпейтінін шамалап айта алады. Сонда қалған 3,7 млрд теңге қайда? Ұстағанның қолында, тістегеннің тісінде кетті ме?  

Айтпақшы, Ахметов киелі санға қатты құмар көрінеді. «Абай-Аренаға» қосымша 9 млрд теңге бөлдіргені сияқты, «Қаңтар оқиғасы» туралы фильмге 9 миллион теңге бөліпті. Фильмді түсірген автор – облыстың идеологиясын ұстап отырған Ирина Якунина екенін өткен сандардың бірінде айттық. «Астана» телеарнасының ШҚО-дағы меншікті тілшісі болғанымен, Ахметовтың екі тізгін, бір шылбыры соның қолында екенін жаздық. Жаңа Қазақстан Даниял Ахметов сияқты әкімдермен құрылмайтынын қашан түсінеміз? Ұзынқұлақтар Ахметовтың жаңа жылдан кейін орын босататынын айтып жүр. Ал оған дейін Даниал ағай айға қарап отырмайды-ау?!     

Тегтер: