9 жасар балалар жазушысы өз кітабын шығарды
Барлық балалар керемет әңгімелер мен ертегілерді оқығанды, тыңдағанды жақсы көреді.
Ал тоғыз жасар Ералы Пазылбекұлы оларды оқып қана қоймай, жазғанды да жақсы көреді екен.
А.С.Пушкин атындағы Шығыс Қазақстанда орналасқан облыстық кітапханасында жас ертегіші «Ералы ертегілері» атты тұңғыш кітабының тұсаукесерін өткізді.
Бала Глубоковский ауданы, Прапорщиково ауылындағы Д.Қонаев атындағы орта мектептің төртінші сыныбында оқиды. Ол төрт жасында оқуды үйреніп, алты жасында қазақ халық ертегілерінің барлығын дерлік қайталап оқып шыққан. Сөйтіп бірде оның ойына ертегі жазу келіпті.
Ералының қоржынында шығармашылық, әдеби байқаулардан алған жүлделі орындары да жеткілікті. «Республикалық балалар оқулары» байқауында үшінші орын алды. Сондай-ақ жас дарын Қазақстандағы балалар әдебиеті жылы аясында, А.С.Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасының «SUPER B'ALAKAY», облыстық «Ертегілер – ғажайып әлем» байқауында Ералы алғаш рет ертегілерін ұсынып үлгерген.
Бүгінде айтулы оқиға орын алып отыр – «Ералы ертегілері» кітабы қалың оқырманға ұсынылып отыр. Онда бала қиялынан және қоршаған әлемді түсінуден туған шынайы әсерлі шығармалар бар. «Ғажайып саяхат», «Кітаптар мұңы», «Ғажайып қалам», «Судың да сұрауы бар», «Айымның қателігі», «Үшінші бала», «Екі дос», «Жанашырлық», «Көгершінің балалары», «Менің әпкем» және басқалары – балалық шақтағы шынайы оқиғалардан туған әңгімелер, отбасындағы күлкілі оқиғалар, жас автордың ой-пікірлері.
«Ертегі оқи отырып, біз бір-бірімізді жақсы түсінеміз» дейді Ералы.
Бұл күні жас талантты қолдауға белгілі қаламгерлер мен әдебиет жанашырлары, ұстаздары, мектептегі достары, туған-туыстары келді. Кітаппен танысқан олар оның балалар аудиториясы мен ересектер арасында ең көп оқылатын кітаптардың бірі болатынына сенім білдірді.
«Жарқын, жақсы иллюстрациялары бар, үлкен шрифтпен басылған, шағын көлемі 28 бет – кітап жас оқырмандардың назарын аудару үшін дәл осындай болуы керек», — дейді Балалар оқу және әлеуметтік бағдарламалар орталығының жетекшісі Нұргүл Құдайбергенова.
Кітапхана қызметкерлері барлығын Ералының ертегі шығармашылығымен танысуға шақырады.