Білім басқармасының бұрынғы басшысы Сафура Төлекова 8 жылға сотталды

Жезқазған қалалық соты Қарағанды облыстық білім басқармасының бұрынғы басшысы Сафура Төлекова, оның орынбасары О. және бас бухгалтер Б.-ға қатысты үкім шығарды.
Тергеу дерегінше, олар 2022–2023 жылдары аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқырып, мемлекетке 93,2 млн теңге залал келтірген.
Қалай жымқырған?
Сот материалдарына сүйенсек, басқармада мүлде жұмыс істемеген адамдар жалған түрде қызметке алынған. Сол «қызметкерлердің» атына ай сайын еңбекақы аударылып отырған. Бұған қоса, қаржыландыру жоспары заңсыз өзгертіліп, негізсіз сыйақылар төленген, кейбір эпизодтарда іссапар шығындары мен тұрғын үй өтемақылары негізсіз берілген.
Мысалы, бас бухгалтер Б. іс жүзінде іссапарға шықпағанына қарамастан, шығын өтемақысын алып отырғаны анықталды.
Айыптаушы тарап Төлекова мен Б.-ға қатаң жаза сұрады. Ал сотталушы О.-ның ісі оның қайтыс болуына байланысты тоқтатылды.
- Сафура Төлекова өзіне тағылған айыптарды мойындамаған.
- Б. тек іссапар мен тұрғын үй төлемдері бойынша кінәсін ішінара растаған.
- Қайтыс болған О.-ның өкілі марқұмды ақтауды сұраған.
Алайда сот олардың бәрін кінәлі деп таныды. Үкім мынадай:
- Сафура Төлекова мен Б. – әрқайсысы 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
- Екеуіне мемлекеттік қызметте өмір бойы жұмыс істеуге тыйым салынды.
- Олар сот залында қамауға алынды.
- О. да кінәлі деп танылды, бірақ қайтыс болуына байланысты жаза қолданылмады.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ, тараптар апелляцияға шағымдана алады.