Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:49, 12 Шілде 2022

Абаев кімге қыр көрсетіп жүр?

None
None

Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевқа не көрініп жүр? Соңғы күндері мәдениет министрінің мәдениетсіз сөздері желіні жарып жатыр.

Осыдан бір ай бұрын болу керек, әлдебір жиналыста журналистің сұрағына «астынан ба, үстінен бе?» деп қайта-қайта сұрасын. Абаевтың сөзін түсінбеген тілші оған барынша, ынта-шынтасымен жауап беріп әлек. Ал Дәурен мырза журналистің сұрағына мәдениетсіз жауап қайтарғанына қысылудың орнына, миығынан күліп отырды. Сол кезде-ақ Абаевты түлен түртіп жүргенін сезгенбіз.

Желсіз күні құйын үйіріп, «Мәдениетсіз мәдениет министрі» деген атақ алған Абаевта бұрын ондай қыңыр мінез жоқ-ты. Назарбаевтың тұсында Президенттің баспасөз хатшысы, кеңесшісі болды. Одан кейін Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары деген лауазымға тағайындалды. Ақпарат және коммуникациялар министрілігі деген мекеменің де тізгінін ұстап көрген. Бірақ сол жылдары Абаевтың абайламай сөйлегенін естіген емеспіз. Ісін қайдам, сөзі түзу еді.

Дәурен мырзаның ойпыл-тойпыл ойлары мен қыңыр-қисық сөздері биылғы Қаңтар оқиғасынан кейін басталды. Билік толықтай Тоқаевтың қолына өтіп, Әскербекұлы Ақордадан кетіп, мәдениет министрі болып тағайындалғаннан кейін ғана «қисая» бастады. Ол әлде қызметті олқы көріп жүр, не болмаса, мұнысы Тоқаевқа көрсеткен қыры ма?

Күні кеше ғана тағы бір жиналыста ақсақалдың «Хоккейшілерге неге сонша көп айлық төлейсіздер?» деген сұрағына, Абаев тағы да қисық сөйлесін. Сұрақ қойған адамның сөзін бұзып, «Онда кедейлердің бәрі хоккей ойнасын?» дегені мәдениет министрінің аузынан шығатын сөз бе?

Дәурен Абаев кімге ренжіп жүр? Әлде Дәурен мырза дәуренінің аяқталғанына өкпелі ме? Назарбаев дәуреніне нүкте қойған, қаңтар оқиғасы арқылы ескі жүйені есеңгіреткен халыққа ашулы ма? Қалай десек те, Абаевтың аумалы-төкпелі сөздерінің астарында ақыл аз, ашу басым. Назарбаев дәуірін аяқталмастай көретін кез келген адамның бойында осындай эмоция бар қазір. Қаңтар қырғынынан кейін Бауыржан Бәйбек те әлдекімдерге сес көрсетіп, азу тісін ақситып кеткен жоқ па еді? Абаев та сөйтіп жүр. Жаңа Қазақстан ондай мәдениетсіз министрлерге зәру емес. Ақорда оған асып-тасып алсын, айтарын айтсын деп күтіп жүрген болу керек. Әйтпесе, одан зорғылары тақтан тайып жатқанда, Әскербекұлы кім еді?

Тегтер: