Абай ауданының екі ауылында су құбыры қайта жаңартылды.

Тіршілік көзінен халықтың әсіресе қаладан шалғайдағы ауыл жұртының судан таршылық көрмеуі басты назарға алынуы тиіс.
Мемлекет басшысы Қасым — Жомарт Тоқаев халыққа жариялаған жолдауында ауылдағы түйткілді мәселелерді оның ішінде ауыз су мәселесін «Ауыл — ел бесігі » мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыра отырып шешуге арналған бағыттың бар екенін атап өткен болатын.
Бүгінде Қарағанды облысында судан таршылық көрген ауылдардың мәселесін шешу үшін әрі тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында «Ауыл — ел бесігі » жобасы аясында жұмыстар қолға алынуда. Абай ауданындағы Құрма және Жұмабек ауылдарындағы су құбырларын қайта жаңарту жұмыстары аяқталуға жақын қалған. Бұрын сапалы ауыз суға қол жеткізуде біршама қиындықтарға тап болған тұрғындар жаңартылған су желісі арқылы су мәселесі шешілер деп отыр. Құрма мен Жұмабек ауылындағы су құбырларының әбден тозығы жеткен еді.
«Бұрынғы су құбырлары әбден тозып кеткен. Екі ауылдың тұрғындары су желісі көп жарыла бергендіктен жиі қолайсыздыққа тап болатын еді. Мердігер жасалып жатқан жұмыстарды қыркүйекте аяқтап, нысанды іске қосатынын мәлімдеді »,- деді Құрма ауылдық округінің әкімі Айдар Гомаров.
Жұмабек ауылында да су құбырлары қайтадан жаңартылып халықтың сапалы ауыз суға қол жеткізуіне мүмкіндік жасалуда. Құрма ауылында арнайы жоба негізінде жолдарды ретке келтіру жоспарлануда. Ауылдың бірнеше көшесіне асфальт төселетін болады. Сонымен қатар Құрма ауылындағы оқушылар биыл жаңа мектептен білім алатын болғандықтан, ескі мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Ескі мектеп ғимаратын екі жыл ішінде жөндеп қайта жаңартып шығарады. Жөндеуден өткен соң бұл ғимаратқа бірнеше мемлекеттік мекемелерді ауыл әкімшілігін, участкелік полиция кеңсесін, мәдениет үйі мен кітапхананы көшіруді билік жоспарлап отыр. Осы жерге спорттық залмен қоса жастарға арналған коворкинг орталығын ашпақ.