Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
06:10, 29 Наурыз 2022

Абай облысы қажет пе?

None
None

Қазір ақпарат құралдарында  «Ресей  Украинадан  кейін  Қазақстанға  басып кіруі  мүмкін»,  деген    қорқынышты  әңгімелер  жиі айтыла  бастады.

Бұған  ресейлік  депутат Сергей Савостьяновтың «Қазақстанды  да денацификациялау керек»,  деген   лақпа  әңгімесі   отқа  май  құя  түскендей  әсер етті. Рас,  Ресей  саясаткерлерінің қазақ  жеріне   көзалартуы  бүгін емес. Кешегі  қаба  сақал Солженицынан  бастап,  бүгін   өлмелі  болып  жатқан Жирино́вскийге  дейінгілер  талай  айтқан.

Мұндай  бейпіл ауыздардың   айтқандарына  көңіл аудармауға да  болар  еді.  Бірақ  Кремльдің   түбі  бір  қандас бауыры украиндарға  жасап  жатқан  озбырлығын көзбен көрген  соң,  ойланбасқа,  сақтанбасқа  амал жоқ. Шекарамызды  қанша  шегендедік  десек те,  солтүстік,  шығыс   аймақтарға Ресей   тарапынан   төнер  қауіп  жоқ  емес.   Сондықтан  Қазақстан  билігі   осы  мәселеге   аса  көңіл  бөлгені дұрыс.  Төмендегі  мақала  осы  бір  күрделі   мәселе  жөнінде.

Президент Тоқаевтың наурыздағы кезектен тыс жолдауында алдағы уақытта елде болуы тиіс біраз өзгерістер, саяси реформалар жайында айтылды. Дұрыс. Қолдайтын жақтары көп. Дегенмен жаңа облыстарды ашу мәселесіне келгенде, біраз ойланып, таразылап барып, шешімге келу керек пе еді, деп ойлаймын. Қазір халықаралық саяси мәселе күйіп тұр. Басқасын былай қойғанда, Ресейдің «орыс әлемін» қорғаймын деп, Украинаға басып кіруінің өзі әлемді әбігерге салып отыр. Осы орайда, айтқым келгені, Тоқаевтың кезінде жабылып қалған үш облысты қайта ашамын деуі. Әрине, бір қарағанда, құптарлық жағдай. Әсіресе, Алматы облысын қақ бөліп, Жетісу және Алматы деп атауы, сондай-ақ Қарағандыны бөле отырып, бұрынғы Жезқазған облысын қайта жаңғырту. Жөн-ақ. Ал Шығыс Қазақстан облысын бөліп, бұрынғы Семей облысының аумағында Абай деп атап, жаңа облыс құруына келгенде, саяси тұрғыдан әлі де ойлана түскені жөн бе еді? Әрине, Алаш баласының ұлы ақыны сол өлкенің тумасы ретінде атын жаңғыртып, облысты Абай деп атауы кімді де болса, қуантады. Мен де қолдаймын. Қарсы  емеспін. Бірақ Шығыс Қазақстанды бөлу әлі ерте ме, деп ойлаймын. Өйткені кезінде Семей облысын Шығыс Қазақстанға қосқанда, славян жұрты басым Шығыста сепаратистік күштер бел алып, референдум жасап, Ресейге аунап түспесін, деп қазағы көп Семейді әдейі біріктірген еді. Бұл алдағы уақытты ойлаған дұрыс саясат болатын-ды. Қазір де жағдай оңып тұрған жоқ. Шығыс өңірде 500 мыңның үстінде (36.5 пайыз) славян жұрты отыр. Яғни Шығыс Қазақстан облысынан Семей бөлініп шықса, ШҚО-дағы қазақтардың саны кеміп, тағы да орыс ұлты сан жағынан басым болып шыға келмек. Ресейдің Украинадағы жағдайы өз алдына (сепаратистік пиғылдағы Луганск халық республикасы (ЛХР) және Донецк халық республикасы (ДХР) референдум жасап, Ресейге қосыламыз деп жатыр) қазір Кремль бұлбұлдары «Қазақстанның солтүстік және шығысы біздің жер, Украинадан кейін Қазақстанды денацификациялау керек», деген әңгіме айта бастады. Бұл еліміз үшін орасан зор қауіп. Егер де жергілікті сепаратистер – не болмаса, орыстың арнаулы қызмет орындары солтүстік немесе шығыс аймақтарда кикілжің жасап, ұлтаралық қақтығыстар ұйымдастырса, міндетті түрде Кремль орыс жұртының мүддесін қорғап, басып кіруі ықтимал. Оған бізде қарсы тұратын, қарсылық көрсететін күш жоқ. Армиямыз бен Ұлттық қауіпсіздік қызметінің қал-қауқарын қаңтар оқиғасы көрсетті. Демек, олардан қайран жоқ. Сондықтан солтүстік және шығыс аймақтарда әлі де болса, саяси өзгерістерді терең саралап, бәрін безбендеп барып, жүргізген жөн. Шығыс Қазақстан секілді Қостанай облысына келгенде де аса салқынқанды саясат ұстануымыз керек-ау. Көптеген азаматтар «Үш облысты ашты, неге Торғай облысын Қостанайдан бөліп алып, баяғыдай, жеке шаңырақ етпеске», дегенді айтып жатыр. Егер Қостанайдан Торғайды бөліп алсақ, Қостанай жағында тағы да славян жұртының саны (41.28 пайыз, яғни 360 мың орыс деген сөз) артып кетпек. Бұл да қауіп. Сондықтан қазіргі ТМД кеңістігінде болып жатқан саяси дүрбелеңді екшеп, таразыға тарта отырып, солтүстік және шығыс аймақтарға оңтүстіктен қазақтарды көбірек көшіруді күшейткен дұрыс. Бұл бүгінгі биліктің басты жұмысының бірі болуы керек. Өйткені мемлекеттің, елдің тұтастығынан, қауіпсіздігенен үлкен шаруа жоқ.

Тегтер: