Абай қаласының тұрғындары қалтырап отыр
Сақылдаған сары аяз күшіне мінгелі Абай қаласының тұрғындарына пәтерлерінде паналау қиындап кетті.
Ондаған көп қабатты үй мен мектептерде жылу жоқ. Мектеп мұғалімдері оқушылардан жылы көрпеше сұратып жатыр. Білім ордасын айтпағанның өзінде, жұрттың тең жартысы азынаған үйлерін электр жылытқышпен жылытуға мәжбүр.
– Үйдің ішінде қысқы киімді шешпейміз. Тамақ пісіргенде қабырғалардан су сорғалап ағып, барлық бөлмелер дымқыл тартып кетеді. Күндіз шамалы жылынады, түнде аяз көтерілгенде тоқ пеште пана болмайды. Қыс басталғалы көрпе астында қалың киіммен мызғимыз, – дейді Ерлан Мұратов.
— Күндіз электр жылытқышын қосып жансақтаймыз. Түнде аяз қысқанда, оның күші жетпейді. Мектеп суық. Қызым орындықтарына көрпеше төсеп отырса да қалтыраймыз дейді. Барлық балаларым пневмонияға шалдықты, тамақтары қарлығып, демікпемен де ауырып шықты, – деді Абай қаласының тұрғыны Жанна Кәмерова.
Халық шаhарға жылу уақытында берілгенін жоққа шығармайды. Бар гәп, тұтынушыларға жылудың талапқа сай келмеуінен болып отыр. Мұндағы тұрғын үйлер мен мекемелердегі батареялар суық, ыстық судың айналымы тоқтап тұр. Қала әкімі Медеу Ахметовтың айтуына қарағанда, жылу электр орталығындағы жылу жүйелері мен насостардың кетеуі кеткен. Инженерлік желіні жаңартуға 20 млрд теңге қаражат қажет екен. Ұлттық экономика министрлігі ЖЭО-ның жөндеу жұмысына сұратқан 3 млрд теңгені беруден бас тартқан. Биыл министрлікке өтінім екінші мәрте жолданбақ. Ендігі жерде халық үмітінің ақталу, ақталмасы жоғарыдағы шенеуніктердің әділдігіне сын. Әзірге, қақаған аязда қалтырап отырған абайлықтарға сабыр сақтап, ауа райының жылынуын күтуден басқа амал жоқ.
Еске сала кетейік, Абай қаласына жылу Топар кентінде орналасқан жылу электр орталығынан беріледі. Қос мекеннің ара қашықтығы 22 шақырым жерді құрайды.