Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:45, 03 Ақпан 2021

«Абай» сериалы енді экранға шықпай-ақ қойсын

None
None

Ұлы Абайдың 175 жылдығы аталып өтетіні жөнінде арнайы шешім алынғаннан бастап құрылған топ, олардың шапқынды дүбірі, қолға алынған шаралар мен оған бөлінген қаржының мөлшеріне ел ризалықпен «е, бәсе, жөн-ақ, Тәуелсіздік жеңісінің игі шарапаты ұлы Абайға да тиетін болды ғой»  деп қуанысты.

Басталған шаруа, тынған іс жазылып, айтылып-ақ жатыр. Табыстарымыз бен жеңістерімізді мақтан етуде айылымызды жимай, қымсынбай, «семіз сөйлеуді» меңгергеніміз белгілі. Бірақ орынсыз мақтан игілікті нәтиже бермесі белгілі ғой.

Жүзеге аспаған кейбір шаруаларға мына бір әлемді жайлаған індет аяққа тұсау, қолға бұғау болды десек те, адамның ақыл-ес, ой-қиялына, творчестволық талпынысына тосқауыл бола алмайтынын ойлап, ісімізде кетіп жатқан әттеген-ай дерлік ақауларды айтпасақ болмас.

       «Абай» телеарнасы ашылғанына қуанғанымыз, мақтанғанымыз рас. Бірақ неге ол «Абай» арнасы – ақыл-ойдың айнасы» деген тақырыпты айдар етіп алғанын түсінбедік. Әлде бұл «арнаға» ұйқас сөз, «айнасы» болып айтылып кеткен ағаттық емес пе? Олай дейтініміз, айна алдындағы көріністі айнытпай көрсеткенімен, оның жақсы-жаманына баға бере алмайтын, қайтсе дұрыс болатынына ақыл қоса алмайтын жылтыр дүние ғой. Ал ұлы Абайдың ақыл-ойын ұғып, үлгі алып, сол үлгі-өнегемен ізденуге, творчестволық толғаныс пен рухани баюға, гүлденуге, ілгерілеуге, бір сөзбен айтар болсақ, өсуге, толысуға жетелейтін, бастайтын құдіреті киелі сөз болса керек емес пе еді?

Ендеше «Абай» арнасы неге «Ақыл-ойдың қайнары» болмады екен деген ойға қалдық.

Мұндай көзді алдайтын, көңілді жүдететін енжар, немқұрайдылық мерейлі мереке шараларында аз емес. Оның бәрін жіліктеп түгендемесек те, жан төзбейтін бастыларын айтайық.

Өнердің ішінде көп қаржыны қажет ететіні де, өте мәнді, әсерлісі де  кино өнері екені белгілі. Талай уақыт жарнамаланған «Әлем таныған Абай» атты кинохикая жөніндегі «Семей өңірі» апталық газетінің 20 желтоқсандағы №51 санында жарияланған «Абай» телехикаясында кешірілмейтін кемшіліктер жүр» деген көлемді мақала өте майда тілмен сауатты да мәдениетті сын көтерді. Асылында, бұлар кемшілік емес, қылмысты шаруа дегеніміз лайық болар еді. Өйткені айтып, көрсетпегі әлем таныған ұлы Абайдың өмірі, тағдыры, еңбегі болса, оған дәл осындай жауапсыздықпен қарауға ешкімнің хақысы жоқ деп білеміз.

Қазақтың «рухани көсемі», «бірінші ақыны», «ақыл-ойының кемеңгері» ұлы Абайды осынша қорлап, бейшара, сорлы, бағасыз, парықсыз етіп көрсету үшін бұдан өзге өнердің қажеті жоқ болар. Елімізде халқым деген бір жанашыр, сәулелі басшы бар болса, бұл киноны экранға шығаруға жедел тыйым салуы қажет. Кинохикаяны шығарушылардан жауапкершілік сұралуға тиіс. Кеткен халық, мемлекет қаржысы орнына түсіріліп, кино қайтадан атына сай ұлы Абайды әлем танығандай көркем де құнды етіп қайта шығарылуы керек.

Ол үшін істі басынан бастап: сценарийге конкурс жариялануы тиіс; қоюшылар қайта іріктеліп, қазаққа, Абайға, өнерге жанашыр, білімді, ұлт тағдырын, ел тарихын, халқымыздың этнографиясын, тұрмыстық салт-дәстүрін жете білетін режиссер, оператор, қоюшы, суретші, композитор, өлкетанушылар, кеңесшілер іріктеліп алынуы қажет.

Қойылған кинода жарық беруші мен киім үлгісін жасаушылардың еңбегі атымен жоққа тән. Дауыс, дыбыс редакторларының жұмысы да көңіл тоятындай емес. Кино шығаруға қатынасқан осы мамандардың бәрінің ісінде творчестволық ізденіс байқалмайды, сезілмейді. Кинода бейне, тұлға жоқ. Кемшілік пен қателіктен, жауапсыздық пен енжарлықтан ат сүрініп, адам күйінетіндей. Тіпті оларды атап, түгендеп тізіп шығудың өзі мүмкін емес. Егер түйіндеп баға берер болсақ, кинохикая жоқ. Әгерәкім, қазақ халқының мәдениетсіздігін, тұрмысының, әдет-ғұрпының жабайылығын, қайыршылығын көрсету қажет болса, өзгеге қиналу қажет емес, осы «Әлем таныған Абайды» ұсынса жетіп жатыр.

Алшынбай мен Құнанбайдай марқасқалар мал қамайтын қорғанның ішінде отырып құдалық сөйлессе, ауыл-үй арасында ат ойнатып жүрген бұзықтар Абайдай әлем таныған адамды шоқпармен ұрып жығып кетсе, баласының қазасын естігенде қайғысын көтере алмай, жер бауырлап жатып қалған қайғылы Абайдың басын көтеріп, сүйейтін бір жанашыр шықпаса, Мағауияның мәйітін әкеле жатқан ыңыршағы шыққан ат жеккен ескі арбаның жолындағы тасты жылап жүріп Абай жалғыз өзі теріп, баласының сүйегін құндақтаған ақ киізді аймалаған Абайдың жанына медеу болатын алты Алаштан ешкім шықпағанда Абай қалай әлем таныған ардақты адам бола алады?!

Абай шешкен бір билік, Абай айтқан бір сөз – кеңес не ұлағатты үлгі жоқ. Балалар мен ауыл әйелдерінің арасында жүріп айтқан басалқы сөзін тыңдайтын ешкім жоқ Абай қалай кемеңгер, ел танитын абырой иесі болады?

Ақылын тыңдап, айтқанын орындап, ізетпен ілтипат көрсетіп жатқан іні-бауыр, шәкірті жоқ Абайды өзге кім таниды деп айта аламыз?! Жолын кесіп тоқтатып, сөзін бөліп сөйлетпей, өз білгенін айтып, өзі қалағанын істеп жүрген ауыл әйелдеріне сөзі өтпейтін, айбар, абыройы жоқ Абайды әлемдегі кім танып-білуге тиіс?!

Ошағында от, дастарханында дәм, белдеуінде ат жоқ, қаңыраған үш-төрт жұпыны қазақ үйдің алдына айқұш-ұйқыш құрылған сырғауыл қазақ тіршілігінде жоқ үлгі. Осы жүдеу-жадау ауылда ешқандай типтік түгіл, адами болмысы дараланбаған, қамшы ұстаған өңкей содыр он шақты адамның арасында Абайды танып, ардақтап, құрметтеп жүрген ешқайсысы жоқ. Түсі суық, қабағы қатулы, кездесе қалса төбелесе кетуге әзір айқайшыл мінездерінен басқа, кейіп-келбеті байқалмайды. Шамасы, сол жүрген тобырдың өзі қай бейнені көрсетуге тиісті адам болып кинода жүргенін де білмейтін болса керек. Өмірде өтіп жатқан ешбір жайға олардың қатысы жоқ жандар сияқты. Ешқайсысының не айтар сөзі, жасайтын қайрат-қарекеті жоқ. Тымақ, тон киген көптің ортасындағы тақия киген жалғыз кісіні Абай ғой деп шамалайсың. Ол кісі де ел тыңдап, сөзіне ұйып, айтқанына иланатындай ештеңе демейді. Тек күңіреніп, қабағын түйіп, іштей өртеніп жүрген бір жан.

        Оны сейілтетін шешендер қайда? Сергітетін сал-серілер қайда? Өмірдің мәнін бірге сезінетін дос-жаран, іні, достары қайда? Аналық мейірімімен барлық қайғы-қасіретті ерітетін кемеңгер әже, аналары қайда? Сүйген жар, сүйкімді бала, серік тұтқан, сенім артқан бауырлары қайда?

Не кемеңгер ата, әке, елге кеңес беретін ауыл ақсақалдары жоқ. Не дұшпандықпен жамандық көрсетіп жатқан жауы жоқ. Сабылған топтың арасындағы телі-тентек отбасындағы бағасыз тіршілікке байбаламшы, арашашы болып жүрген адамды Абай болар деп шамалайсың.

Сарыарқаның шұрайлы сауыры – Шыңғыстаудың бай, көркем табиғатының бірде-бір көрінісі жоқ. Оның есесіне бауырдың күзгі құбажон бұйратында өтіп жатқан сұрықсыз өмір Абайды күйбің тіршілік иесі етіп көрсетуге таңдап тапқан «тамаша көрініс» болып шыққан.

Онда шырқалып жатқан Арқаның, Абайдың әндері, оқылып жатқан Абай өлеңдері мен халықтың дастан-қиссасы, қазақ тұрмысының үлгісі қайда?!

Сонымен, «Күріш атымен құмық суға қанып», Абайды, халықты қорлауға, кемсітуге деген киноның атына керісінше мақсатты шаруа орындалып, ұлттық намыс, арға қамшы тигендей күн кештік. Бұл жолсыздыққа баға беріліп, тыйым салуға тиіс деген талабымызды қоямыз.

Тегтер: