Абай тойы той емес

Той ұғымы азар болса, бір-екі күндік мейрам болар. Қазақ үшін тойдың қай түрін алсаң да, алдымен атқарылар шарасы, ішкен ас, сойылған мал, есепсіз ішіп-жем, бас бәйге.
Одан кейінгі атқарылар шарасы ат бәйге, балуан күрес, ақын айтыс, айқай-шу, шүлен тарату. Қалай талдасаң да, бар тәртібі осы. Бұдан басқа, не айтып, не істемексің деген де сұрақ туар. Дұрыс. Бұдан басқадай не істемексің қазақтың «қазақы» тойына. Сартап жалғыз қағида бар – тәртіп осы, жол осы, тәртіптен асқан емес, аспайды да.
Биылғы жыл – Абай емес, Еріктілер жылы. Бұл ерікті дегендеріміз – қай еріккен еріктілер? Еріктілер деген – өз тарихи ұғымында мемлекеттің ауыр кезеңінде (соғыс) құрылатын, ертеде өткен ескі үлгінің бір шарасына орай айтылған атау ғана. Оның бетін Құдай қазаққа көрсетпесін. Ондайдың талайын көрген қазақ көппен көрген ұлы тойда талай көштен қалса да, сол ерікті-еріктілерсіз де аштан өлмеген. Еріктілерге жыл арнап еркелетсек, онда төтенше жағдайлар министрлігі не үшін керек? Жыл сайын миллиардтап қаржы шашып, жаттығу (учение) жасап, елді топан су қаптағанда бір дұрыс қайыры жоқ мұндай қайырсыз министрлік кімге керек? Тәуелсіздік туғалы өз жарасын өзі таңып, өзі жазып жүрген сол баяғы қараша халық. Ерікті екендеріңді ел білсін, дәл осы Абайдың аты аталған осы жылы ұлы данышпанның қазақ тілін қорғап, еліңнің мәдениеті мен өнері, ғылымы жолында күреске түссін, сонда көрейік кім екендерін. Олардың да айтағы тек жоғарғы жақтың ұран-айқайы. Жарайды, еріктілер жылы болса болсын, оларға да бір жылды қидық. Тек аяғы қайырлы болғай.
Қашан көрсең де, қазақ үшін торқалы тойлар биліктің анда-санда қысыр сиырдың бір келер-келмес толғағындай өтумен келеді. Абылай, Абай, Алаш көсемі Әлихан, ел мен жер қорғаны Жұмабек Тәшенов, Мұхтар, Жүсіпбек, Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Қазақ хандығы, тағы сол сияқты тойлар тойланды, өтті-кетті. Соның бірі есте жоқ. Дүрілдетіп бастап, дірілдетіп бітірдік. Той иесі – өз қазағың, қайдан құлақ шығарса да өз еркі. Құрғақ ұран, асығыс айқай, өнбес даудан өнердің иі қанған бір идеясын таппайсың. Ішілген тамақ, шашылған дүниеге келгенде тіптен есеп жоқ. Іштік, жедік, тойдық, кеттік. Тәуелді оймен ұлттық идеяның мың түріне келмейтін бір түрі осы – бір ішкен-жегеннің әлегінде әлі келеміз. Тойда тоймай, аш қалу да ырымға жаман, олай етпесең тағы болмас. «Кедейдің бір тойғаны – шала байығанындай», кедей елге тиген дұрыс қағида – осы той мәселесі болды.
Заман өзгеріп, заң түзелер, мына дүниеде ел боламыз десек, өзгеру де өзімізден болсын. Келер ұрпаққа да керегі – дұрыс тәрбие, алар үлгі – ұлттық дәстүрдің жалғасы. Ел ұлықтар көрікті салттың ұлттық байламы да осы ұлттық өнеге.
Біз болсақ әлі де сол өткен қоғамның өзгермес тойын тойлаудан бір өзгермей келеміз. Соның бірі – ұлт ұлыларын бір-екі күндік шара деңгейінде өткізетін кітапша-буклет кейпіндегі бір кештік көрініс. Одан қалса, қолдан құйған төсбелгі, медаль-седальмен бір сәттік баяндама конференция. Ғылыми мәнді конференцияның өзін өткізсе де, тек есеп үшін мектеп балаларына ғана атүсті өткізуі де оңай. Жарайды, жат жанынан түңілмесе де, жас мемлекетке бұл да жарасады. Жас дейін десең, тамақтан тіреген сан мың ғасыр көк тіреген көне тарих – ол анау. Бас дейін десең, жыл сайын баланың ойынын жасап жүрген – той мынау. Сонда мұның қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыстың бастамасының қалай болғаны?
Турасын айтқанда, бар қазақтың жалғыз данышпаны Абайға қолдан жасалған мұндай шара тойлардың ендігі жерде жүрмейтіні және анық. Абай – бөлек, Абай – дара. Жер әлемді жаратқан Ие ешбір елге екі данышпан, екі көсем бермейді де. Қазақтың данышпаны – Абай, көсемі – Әлихан Бөкейханов, жер қорғаны – Жұмабек Тәшенов, ақыны – Мағжан Жұмабаев. Қалғандар өз орнын іздесе, өз нөмірін өзінен бастамай, ел мен жұрттың өткен киелі тарихынан сұрасын. Абайды әлемге алып шыққан, өз ана сүті, әке тәрбиесінен туған, өзі өскен орта тәңірден келген ұлы данышпандық. Талай жылдар өтсе де, Абайды ел ішінде қалдырмай, алғаш қамқоршы боп елге табыстап, танытқан – Қазақ елінің бас көсемі Әлихан Бөкейханов. Жинақтап, жинап, хаттаған өз ұрпағы. Роман-эпопея тудырып, әлемге танытқан Мұхаңның (Әуезов) еңбегі бір бөлек. Ар жағын ғылымға айналдырып, жазып-сызып, ой сөздерін ұлықтаған ұлы ғалымдар және бар.
Мұхаң көзі тірісінде Жұмабек Тәшенов, Ілияс Омаровтай қоғам белсенділерімен бірге бірлесе отырып, ескерткіш көтеріп, көше атауын беріп, жазған кітабын әлемге танытты. Оған қоса, аудан аты, опера, балет, басқадай мәдени ортаға атын берді, ұлықтады. Бұл биіктік ерекше бастаманың бір басы ғана.
Әлемдік соғыс біткен ауыр кезеңде (1945) аудан көлемінде болса да, Абай тойын ат бәйге, ас беріп, ақындар айтысын өткізді. Бұл уақыт талабы. Соның өзінде Мұхаңды аяқтан шалып, артынан тас атқандар біреу емес, бірнеше ғалым-зәлім билік басындағылар. Одан бері өзгергеніміз сондайлық керемет дегенге тағы келмейді. Осы тақырыпқа арнайы кітап жазсаң, сол кездегі небір тірі алыптардың айтқандарымен жүздесулерінің өзі бір ұмытылмас ұлы тарих.
1949 жылы Сталиннің бұйрығымен Берия бастаған атомдық сынақтың ажалы Абай аруағына келген қиянаттың ең ауыр көкесі болды. Абай сүйегін қайта қазып, ел көретіндей Семейге апарып жерлеу рәсімі де сол мезгіл. Күңіренген ел, шулаған жұртты басқан тағы сол Мұхаң бастаған жанашыр зиялы қауымның жеңісі. Тек іргедегі Абыралы жұртын ақ тақырға отырғызған ұлы індеттің оты 40 жылдан соң ғана әзер тынышталды. Империядан басталған ұлы той ұлттың ұлы сүргіні осылай аяқталып, ауру індеттің зардабынан, үш ұрпақ қан (ген) мықтылығымен енді тазарғандай. Тірідей қолдан өлтірсе де, өлмеген Қазақ елі қайта көтерілді, тағы тірілді. Тірілткен, көтерген – Абай аруағы, ой сөзі. Сол кезде ағалар өткізген Абай тойының алды ой-сана жемісі болса, кейінгілері ішіп-жегеннің желісіндей. Абай деп, жалғыз алысқан Мұхаң бастаған той қандай, кейін ел болып жабылып өткізген той қалай!?
Өткен 150 жылдығында 150 үй тігіп, әр босағаға бір жылқы, бір сиыр, қой сойып, аққан қан жосықсыз селдей болғаны айтқанға да бір жосықсыз ұятты әңгімедей. Жеткен жетістік – ЮНЕСКО-дан келген Ф.Майорға ширек сағатқа жетпес баяндама жасатып, ар жағында әлемдік олимпиадада қазекең қарабет болған допинг күшін ат бәйгеге салып, шыжып тұрған шілдеде ат жүйріктерін зорықтырып өлтіріп, ол аз десең, Ақтау мен Атыраудан келген адай жылқыларының тұяғы тастақты жерде қызыл қан боп, сонау жер түбінен келген еліне бәйге бетін көрмей, кері қайтқандары. Оның соңы балуан күреспен басталып, анау жеңіп, мынау жеңіліптінің бүгінде ұмыт болған тағы бір сондай әңгіменің бір әңгімесі. Соңғы қызығы, өз қазағымыз мақтап, бетке ұстаған ақындардың ақындар айтысында өзді-өзі болып, бас бәйгені бөлісе алмай бет жыртысқандары. Ақылдымын деген ақындарға бұл да бір бәйге болды. Естіген ел беттеріне басса да, өздеріне қызық.
Атаусыз қалғандардың бірі – Абай білгірі Қайым Мұхаметқанов бастаған, көзі тірі Абайдың жиен-ұрпақтары болса, бар сценарийді жасаған қоюшы бас режиссер (сценарист) Михлин деген белгісіз біреудің ерекше қалта табысы. Белгісізден би сайлап, сырттан режиссер, әнші шақырса, басшылардың жеген-ішкендерін білдірмеу өздеріне жақсы. Сонда да бұл жасырынды істерін ел көрді, жұрт білді. «Жөнсіз шашылған қап-қап ақша екі КамАЗ» деген әңгіменің де жаны бар. Біразының айтқаны – ішкен-жегеннен басқа, қолдан тұрғызылған дәретхананың кіре алмас шіреті. Жай айтқанға о да қызық. Тойда не болмайды, бәрі қызық.
Сөзді қысқарта айтқанда, Ілияс Жансүгіров ағамыз жырлаған «Құлагердегі» өткен Сағынай тойының бір сарқытындай ғана болған Абай тойы осылай өтті-кетті. Ішкен мас, тойған, жегендердің ас-той дегенде, домалайды қу бастың талай ғасыр өтсе де, өзгермеген сол көрінісі қайта келді. Әттең, шіркін, соңында сол жердегі ел-жұртты жиып, Ілекеңнің «Асын» қайта жырлатсаң, бәрі де сол қалпында өткендей көресің.
Тойдың керемет өткені сондай – «Абай тойы» деген даурықпа қу аты бір кештік, жай ғана көпірме көп сөздің біріндей болғаны ғана. Арнайы мәдени дайындықтан туған ұлт санасының оқылуы, танымы, ғылыми үлгі-өнегесі жерде қалды. Тек ішкен-жегендердің жеңісі. Жыл өтпей, аға-ақсақалдарға дейінгі бар айтқанымыз: өшкеніміз жанып, өлгеніміз тіріліп, ой, бір Құдайдың бергені-ай деген жетесіз, жетім құрғақ ұран сөз. Аздап сын айтқандарға айтылған жауап: оттамаңдар, осындай тойды кешегі орыстың кезінде қашан көріп едіңдер? Міне, енді ел болдық деген есірік, лепірме сөз. Ұлттық ой-санамызды ұлықтар ұлықтық қайда?! Одан кейінгі кезекте іле-шала тойланған Жәкеңнің (Жабаев) тойы да соның бір кебі. «Байтал шауып, бәйге алмайды» десек те, ат жарысындағы бас бәйгені қырғыздың жүйрік биесіне ұстаттық. Ақынды қойып, жыр иесі – жыраудың да бір сөзі жырланбай ол қалды. Кейінгі Абылай бастаған батыр билердің тойы да осы үлгіде өтті-кетті, тура сол қалпы бір өзгерместен.
Білгенге ұлы Абайдың тойы – жай бір қолдан жасаған тумалардың тойы емес. Абай – жалғыз, ұлт – жалғыз. Абай – ұлттың ой-сана үлгідегі, жалғыз көктегі адастырмас, жаңылдырмас жалғыз Темірқазығы. Қазақтың ой-пайымын байлап, түстенер жалғыз қарашаңырағы да – осы Абай. Абай екеу емес. Қалған «менмін» деген тұлғалардың басын біріктірсең де, бір Абайдың өзін қойып, көлеңкесін де жасай алмайсың. Абайдың әр жылын нөлмен аяқтап, датаға бекітетін жыл мен санның табысы да емес.
«Единица жақсысы,
Ерген елі бейне нөль.
Единица кеткенде,
Не болады өңкей нөль?» – деген Абай. Тірі жанды единицаның жоқтығынан бүгінде басшы емес, бар халық нөл боп жүргені. Биікте билік айтар бір қараң болса, қараңғылықтың кесірін әлем байлығының шың басында отырып, ел боп жалаңаш отырып жыламас едік. Жылатқан кім, жылаған кім бүгінде? Сол өз халқың мен өз қазағың. Бұл оймен сөзді тереңдетпейік, тереңдетсек Абай айтқан сөзге біз сыйсақ та, ел бастаған есерлер сыймас. Абайды айтып отырып өз тойында қазақша сөйлемеген қазаққа қай тәуелсіздікті айтқандайсың.
Салыстырмалы түрде алсақ, көрші хансу елінің данышпаны Құңзы (Конфуций) тойы ешқашан қытай жұртының ішіп-жер тойы болған емес. Мәңгі ұлықтар ұлы ой – Конфуций айтқан сөз, ұлт тілі. Оқу-білім, ғылым, тәрбие, діні де – осы Конфуций. Құңзыны той деп жарнамалап, ат шаптырып, бәйге беріп жатқан қытай жоқ. Олардың мектеп құралынан бастап, бар жоғары оқу орнын қамтыған, мемлекеттік ортақ ұғым идеологиясы – осы жалғыз данышпан Конфуций. Мектептен бастап, жоғары қызметке өссе де, алдарында жалғыз шамшырақ – тек Конфуций. Оның айтқаны – ел сөзі, ұлт ұғымы – мемлекет ұстанымы.
Наполеонның аты алмаған жерді Бальзактың қаламы алса, қазақтың да ат тұяғы жетпеген еліне Абайдың ойы мен сөзі жеткен, алған ала білген. Бұл қазақтың қаны 40 пайыз Құнанбай, қалған 60 пайызы Абай болмай, біз де ел болмаспыз.
Ары айтып, бері толғағаннан ештеңе шықпасын және білеміз. Сонда не істеу керек бұл елге? Сұрақ көбейсе, жауап табу да оңай. Абайдың поэзиясын, қарасөзін әсіресе балабақшадан бастап, мектеп және жоғары оқу орындарына міндетті түрде оқу бағдарламасына кіргізіп, жыл сайын тест пен емтиханға толықтай енгізу керек. Бар биліктің, әсіресе президент пен парламенттің төрінде суреті, асыл сөздері мен өткір ойы қашалып жазылып тұрса, ұлт үшін бұл да басты шарт болар еді. Содан соң Абай атын жөнді-жөнсіз әр жерге тықпалап, атын беріп, тек даталы жылын аңдып, саясатқа айналдырып, той өткізгенді тоқтату керек. Ұлт қадірін кетіретінін де білу керек. Сонымен бірге Абай ой жүйесінде ғылыми еңбегі бар авторлардың еңбегін тәлім-тәрбие үлгісінде жетілдіріп оқыту қажет. Ұлт тілі – Абай тілі, қазақ тілі. Дәл осы тіл үстемдік алмай, біз үшін тәуелсіздік те жоқ.
Шешім – биліктен, қолдау – елден. Бұл – бар халықтың сөзі.