Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:10, 01 Сәуір 2022

Абай және Архимандрит Сергий

None
None

(Жалғасы. Басын мына жерден оқуға болады)

Біздің ойымызша, оның Құранның тәфсіріндей болған атақты «Ғақлиқат-и таслиһат» деп аталып кеткен «Отыз сегізінші сөзі» сол архирей (архимандрит) Сергиймен болатын айтыстың тұсында қағазға түскен һашия, мұталлаға [9], боп табылады.

Дін ғұламаларының дағуаласуының қысқаша тарихы былай. 1822 жылғы I низамнан басталған миссионерлік саясаттың пәрменімен:

«Қазақтар мен Алтай қалмақтарын шоқындыру үшін Тобыл архиепископы Евгенийдің ұсынысымен 1830 жылы «Алтай миссиясы» құрылды. Түркістан өлкесін шоқындыруға дайындайтын архирей кафедрасы құрылып, ол Алматы қаласында орналасты. 1868 жылғы екінші низамның тұсында «Шоқындыру миссиясының» міндеттері нақтылана түсіп, 1892, 1898, 1902 жылдары оны жүзеге асыратын жоспар жасалды. Сөйтіп, XIX ғасырдың 80 жылдарына дейін қазақ даласындағы шоқындыру әрекетін, «Алтай миссиясы» жүзеге асырды. «Дәрілқарап (Дәр-уль Харб)» майданын күшейту мақсатында «1882 жылы «Алтай миссиясынан» жаңа Қазақ миссиясы бөлініп шықты» (Н. Тальберг «История Русской Церкви» кітабында (Jordanville, 1959. [репр. изд. Свято-Успенского Псково-Печерского монастыря, 1994. — С. 766. Қараңыз:) [10.212-213].

1891 жылғы қыркүйек айында Діни (архирей) басқармасы Мәртебелі Ағзамға мұсылмандар арасына Иса пайғамбардың православиелік дінін тарау туралы ұсыныс жасап, мақұлдатты Абай оқыған сол «Ережедегі»:

«Олардың өздері дінге кіруге ризалық берген-міс» [31], деген желеумен жүргізілуі тиіс, осы айлалы амалды жүзеге асыру үшін арнайы жоспар жасады.  

Ильминский мұны: «Миссионерлік дегеніміз – бұл да өзінше рухани соғыс, мұнда да соғысушы жақтар өздерінің жоспары мен күштерін еш уақытта ашық жарияламайды»[35.1; 2], – деп түсіндірді.

 «1895-1898 жылдары арасында Қазақ миссиясының алғашқы басшысы архимандрит Сергий (Петров) болды»[Священник Борис Герасимов «Старинные церкви на территории Семипалатинской области». Қараңыз: [10.212-213].

1901 жылы Алматыда миссионерлік эпархиальдік мекеме ұйымдастырылды. Алматыдағы кафедралық соборда қазақтарды салтанатты түрде шоқындыру рәсімі өткізілетін болып жоспарланды [35.1; 2; 3]. 

Сөйтіп, «дәрілқарап (дәр-уль Харб)» дәуіріндегі дағуа майданы басталып кетті.  «Семей миссиясының» архимандриті Сергий мұсылмандарды дағуаға-пікір таласына шақырды. Көкбай Жанатайұлы ол туралы:

 «Сонымен, кейінірек жылдарда, Семейге миссионер Сергий деген кісі келіп, мұсылман дінін қорғаушы молда, имамдар болса – сөйлесемін, – деп іздегенде, Семей қаласындағы мұсылман оқымыстыларының барлығы араларынан бір ауыздан Абайды сайлап шығарып, Сергийден жеңілмей, өз дінінің абұйырын аман сақтап шығуына мешітке жиылып, мінәжат қылып, Абайға бата беріп, тілек тілеп жөнелткен» [44.177], – деп еске алады.

         Ал енді, осы мұсылман атаулыны тітіркендіріп, түршіктіріп: «Семей қаласындағы он екі мешітті түгел жаптырып, есігін бекіттіріп: «Кімде-кім менің сұрағыма ақыл – қанағат қылатындай жауап берсе ғана қайтадан ашылатын болады», – деп екпіндеп келген миссионер Сергий кім еді? Мен бұл арада Абайды тосын бір қырынан зерттеп жүрген оқымысты ғалым, мақсат-міндеті, ниет-пейілі, ойы ортақ Сұлтан Ыбырайдың  «Жарым адамнан – толық адамға» атты зерттеуіндегі мына деректерге иек арта отырып,  «Абай кіммен дағуаласты, ол кім еді?» – деген түйткіл қалдырмас үшін әрі «Мұны да білген дұрыс» деген уәжбен, назарға ұсынамын.   

 «1882 жылы Алтай миссионерлік басқармасынан қазақтарды шоқындыруға арналған арнайы жаңа миссионерлік басқарма бөлініп шықты, оның орталығы Семей қаласы болып белгіленді. Қазақ (Қырғыз) Православиялық миссиясының басшысы архимандрит, кейін епископ, Сергий (Петров) өзінің Қазақтарды шоқындыру миссиясын осы Алтай шоқындыру орталығынан бастайды. 1895-1898 жылдары Қазақ миссиясының алғашқы басшысы архимандрит Сергий (Петров) болды», – деп жазады священник Борис Герасимов өзінің «Старинные церкви на территории Семипалатинской области» деген мақаласында. Сергийдің өз аты – Петров Степан Алексеевич, 1864 жылы 30 қаңтарда Дон облысы Ақсай станциясында туған. 1878 жылы  Новочеркасскі діни училищесін, 1885 жылы Дон діни семинариясын, 1890 жылы Мәскеу университетінің тарих-филология факультетін бітірген. Қазан діни академиясындағы миссионерлік курс дәрістерін тыңдағаннан кейін Алтай діни миссиясының қызметкері болған.          1892 жылы монахтыққа өтіп, Сергий деген лақап ат алған, сол жылы 7 қарашада иеромонах деген санатқа өткен және Қазақ діни миссиясының бастығының көмекшісі болған. 1891-1898 жылдары Қазақ миссиясында қызмет еткен: иеромонах, басшының көмекшісі және архимандрит санатында миссия басшысы болған.

1899 жылы 12 ақпаннан  Бийск епископы, Томскі епархиясының викариі. Викарий  – православ шіркеуіндегі епархия басқаратын епископтың көмекшісі немесе орынбасары. 1901 жылдың 20 қаңтарынан Омбы және Семей епископы. Омбы епархиясы 1895 жылы құрылған. Оған Семей өлкесі, Ақмола облысы, Томскі мен Тобыл губерниясының кейбір жерлері кірген. Епископ Сергий епископ Григорийдан (Полетаев) кейін екінші Омбы архиерейі болған.  1903 жылғы 6 қыркүйектен Ковенск епископы, Литва епархиясының викариі. 1907 жылғы 25 қыркүйектен Новомиргородскі епископы, Херсон епархиясының викариі. 1913 жылғы 22 желтоқсаннан  Сухуми епископы. 1917-1918  жылдары Мәскеудегі Поместный соборы мүшесі. 1919 жылдан Қара теңіз және Новороссийск епископы. Эмиграцияда – Станболда, кейінірек Югославияда тұрған. 1935 жылы 24 қаңтарда   Привина Глава деген сербия монастырында қайтыс болған.

         1899–1904 жылдары А. П. Чеховпен хат алысып тұрған, кейінірек кездесіп жақын араласып, жазушының «Архиерей» деген әңгімесін жазуға  түрткі болған. А. П. Чеховтың туған інісі  Михаил Павлович Чеховтың естелігінде: «Бұл әңгімедегі бас кейіпкердің прообразы Степан Алексеевич Петров – Сергий болған,  Мәскеу университетінің филология факультетінде оқып жүріп, аяқ астынан монах болған, кейін беделді дін уағыздаушыға айналған», – деп жазады. Семейде Қазақ миссиясының құжаттары сақталмаған. Шіркеу қызметкерлерінің өздерінің ісіне ұқыптылықпен қарайтындығын ескере отырып, епископ Сергийдің Абаймен әңгімесі хатталып, протоколданып Омбы шіркеу архивтерінен табылып қалуы мүмкін деген ой да қылаң береді» [Ыбырай С. Жарым адамнан –Толық адамға / Сұлтан Ыбырай. – Нұр-Cұлтан:  «Алашорда» Қоғамдық қоры, 2020 б. –Б220-222 ].

 Осы келтірілген деректерден-ақ, Абайдың жай ғана діни семинария бітірген дін уағызшысымен емес, университет деңгейінде білім алған өз заманының озық ойлы дін ғұламасымен дағуаласуға шыққаны  анық.

Екі ой иесінің дағуаласуы алдында Абайдың қандай көңіл күйде болғанын түсіну қиын емес. Таным тұрғысынан алғанда, егер бұл ақыл сынағы майданында Абай жеңілген жағдайда, оның халқын заман-ақыр, ал өзін қияметтік талқы күтіп тұр еді. Амал жоқ,  Абай: «… әр елдің тілін білді, көкірек-көзі ашылды. Әрбір елдің тілін, өнерін білген (соң) олардың   бірдейлік дағуасына (пікір таласына) кірді», азғырушыдан ақыл сұрап «аса арсыздана жалынбады» [1.458].

Талқыға түсті. Тура осы арада бір түйткілді мәселе бар. Ол Көкбай Жанатайұлының: «Бірақ Сергийдің не мақсатпен сөйлесемін дегенін қала молдалары шала ұғынып, алып қаштымен ұлғайтып жіберіп, елді үркітіп, өздері де босқа үріккен-ғой деймін. Абай барғанда Сергий дін жайында талас жасамай, бірер мәселелерді сұрап қана, артынан жәй әңгімеге көшсе керек» [44.177], – деп,  кеңестік жазалау идеологиясының қысымынан жалтарып, жайдарқата баяндаған (немесе естелікті жазып алушының –  М.Әуезовтің, не баспа редакторының өңдеуі мүмкін) тұсы.

Бұл естелікке орай білдірген жапон ғалымы Уама Томохиконың «Қазіргі заманғы империяларды салыстыру» жинағындағы:

«1898 жылы Семейге Омбы епархиясынан православиелік дінбасы келіп: «Мен мұсылман дінбасымен кездесуім керек» – деп, талап қылғанда, дін тартысы жайында мәжіліс болады екен деп шала ұққан жергілікті татар, қазақ жамағаты бірауыздан Абайды жіберуді ұйғарғаны – хакімнің ислам дінін қаншалықты білетіндігінен хабар беріп тұрса керек» [10.212-213],– деген пікірі орынды.

 Алайда,  мұсылман қауымы архимандридтің шақыру мәнісін «шала  ұққан» деп бағалауы әбестеу түсінік. Себебі, бұл беттесу– сол кезде кәдімгідей қоғамдық қозғалыс тудырған үлкен ғаззауаттық мәселе еді. Сондықтан да, Сергийдің миссионерлік миссиясының мағынсын «шала ұғып», оған «кездейсоқ пікір алысу ретінде» немкетті қарауға болмайды. Мұқым мұсылман қауымы тітіркеніп, өзара мүзәкараласып, шешім қабылдап, Абайға  ақыл серік болатын оқымыстыны белгілегені туралы «Сәдуақас қажы Ғылманидің «Құран туралы өтіріктер мен жалаларға қарсы» атты көлемді  еңбегіндегі:

«Ресей патшалығы тұсында, шамасы 1860-жылдарда (дұрысы 1898 жыл болса керек, С.Ы.) патша жанынан мұсылмандармен оның ішінде қазақпен дін жайында айтысып, православный дінге тартып шоқындырмақ болып, Семипалатинск қаласына миссионердің бастығы келеді. Келген Семей қаласында он екі мешіт болатын. Он екісін де жаптырып бекіттіреді. «Кімде-кімнің менің сұрағыма ақыл қанағат қылатындай жауап берсе ғана ашатын болады». Мұсылмандардың ғалымдары ақылдасып, бұған жауап беретін Құнанбаев Ибраһим, одан басқа жауап бере алмайды деп ат шаптырып Абайды алдырады. Ол келіп танысып, білісіп ақырында жауап беретін болып договор жасасып мұсылман жағынан Абай мен үш кісі, христиан жағынан жиырмаға тарта адамдар болады. Абай жағындағы Әріп ақын (Тәңірбергенов, ақын, тілмәш, дінтанушы, С.Ы), татардың бір адамы. Жұрттың сөйлесуден қорқуы патшалық заңы бойынша қарсы болған адамды миссионер жер аударуға праволы дегеннен қорқысқан болуы керек. Миссионер мен Абай ортасында переговор: екі жағы да ойлағанын айтуға праволы, ақылға қонымды болған сөзді мақұлдауға, екі жақтың отырғаны сөз қоспауға, жауап түзу берілсе мешітті ашып беруге, сол сықылдыларға жасасқан» [Ыбырай С. Жарым адамнан –Толық адамға /Сұлтан Ыбырай. – Нұр-Cұлтан: «Алашорда» Қоғамдық қоры, 2020 б. –Б222 ], –деген пікірге қарағанда, селқос қарайтын мәселе емес екені өзі-өзінен түсінікті болса керек.

Сол дағуаға, яғни, Архимандрид Сергиймен дін дағуасына Абаймен қоса «бір татар-ноғай молдасы қатысыпты» деген мағлұмат пен соны растайтын  ауызекі әңгімелер де бар. Әрине, бүкіл мұсылман қауымның намысы мен тағдырын шешетін дағуа-тартысқа Абайды жалғыз жібермегені анық. Дүние тарихы мен ислам тарихын және дәни-таным мәселелерін толық білетін бір адамның қосылғаны да күмән тудырмайды. Мәселе, сол «татар-ноғайдың» кім екендігінде. Жанама деректерде ол оқымыстының аты аталмайтыны өкінішті. Зердеге салсақ, сол тұстағы Семей өңіріндегі ғұламалық білімге ие адам, Ш.Маржанидің еңбегінде аты аталатын, Абай алғаш есігін ашқан медресенің имамы Абдолла имам. Алайда, бұл имам қадыми бағытты ұстанғандықтан да, өзге мұсылман емес діндердің жаратылыстық-дүние әулиелік танымдарына қанық болмауы мүмкін. Ал одан басқа, «қазақ-ноғай оқымыстысы» екеу-ақ болатын. Ол – Абайдың ұстазы Камалетдин (Камаретдин) хазірет пен Абайдың медреселес замандасы Құрбанғали Халиди.

«Құрбанғали алғашында Аягөздегі қызылжарлық көпес Мұртаза Мақсұтов салдырған медреседе молда Мұхаммед Салық хазіреттен 5-6 жыл шәкірттік дәріс үйренеді, бұл: сол тұстағы орта деңгейдегі мөлшерде білім алды, яғни, араб, парсы, ежелгі түркі (шағатай) тілдерін меңгеріп шықты, «Құран» мен «Хадиске» түсіндірме бере алады, имамдық дәрежедегі сауаты бар – деген сөз. Осыдан кейін Абаймен қатарлас Семейдегі Ахмет Риза медресесінде оқып, дін ғұламасы Камаридден (Камалидден) хазіреттен тәлім алады. Ал Камаридден хазірет болса өз заманының ұлы дін реформаторы, мұқым ислам әлемінің озық ғұламасы Шаһабуддин Маржанидің алғашқы лектегі шәкірті. Маржани– Исламият танымындағы жадидтік бағытты орнықтырған оқымыстының бірі, оның білімі исі мұсылман дүниесіне өзгеріс әкелді. Абай мен Құрбанғалидың да жастары тетелес әрі сол жылдары үш мәрте болыстық міндетін атқарған Абай Аягөзге жиі келіп тұрған. Бірнеше рет Омбыда кадет корпусында оқитын інісі Халиоллаға Аягөз поштасынан жолдаған хаттары бар. Демек, медреселес әрі қоныстары алпыс-жетпіс шақырымдай ғана қапталдас, жайлаулары ортақ, елі аралас-құралас шәкірттердің қалайда бір-бірінен бейтаныс қалуы неғайбыл.

Ұлы шығыс ғұламасы, мұсылман дүниесі мен Еуропа әлемі мойындаған Шаһабуддин Маржанидің [45] усул-жадид танымындағы іліми мектептің түлегі Құрбанғали да өз заманының озық ойлы дін зиялысы болып, көзқарасы усул-жадид ағымында қалыптасты. Бұл медреседе қадыми-ислами бағыттағы медреселерде қатаң тиым салынған математика, адамзаттың даму тарихы, логика (мантиқ), астрономия, жаратылыстану сияқты пәндер оқылды, араб, парсы, көне түркі (шағатай), түрік тілдері үйретілді. Медресені тәмамдарда мүриттер араб, парсы поэзиясын талдап, сол тілде өлең, шығарма жазып, емтихан тапсыратын. Тіпті медресені бітірген соң орыс тілінен де үш айлық – Әліпбиді тану деңгейіндегі қысқа курс өтілетін. Құрбанғали медресені тәмамдаған соң Камариддин хазіреттің көмекші мүриті ретінде дәріс береді. Оның мұндай ықыласқа бөленуі ғылым мен білімге деген ерекше ынтасынан туса керек. Алайда оның мүриттік қызметі ұзаққа созылмапты. Оның басты бір себебі, сол тұста усул-жадид ағымынан сескенген, қадыми бағытты қатаң ұстанған Семейдегі 15 мешіт пен медресенің имамдары: «Камаридден хазіреттің ұстанған жолы исламға да, патша ағзамның ұстанған дін саясатына да қарсы», – деп оязға арыз жазып, оны медреседен шеттетеді, сөйтіп ол сол тұста енді бой көтеріп келе жатқан Баянауылға барып, сондағы шағын медресеге дәріс оқиды. Машһүр Жүсіп – осы Камариддин хазіреттің Баянауылдағы алғашқы шәкірті болып есептеледі» [46.240].

Жалғасы бар... 

Оқи отырыңыз: Абай және Архимандрит Сергий

Тегтер: