Абай және Архимандрит Сергий
(Жалғасы. Басы төменде көрсетілген сілтемелерде)
Қари дегдарлардың мағлұматы бойынша: Семейдегі «Ақ шіркеуде» қазақтарды христиан дініне қарату туралы исі православие дінінің әулие әкейімен болған 1897 жылғы (бұл біздің топшылауымыз, өйткені 1898 жылы көктемнен бастап Абайдың Көшбикедегі оқиғаға душар болып, өмірден уаз кешкен құсалы күндерге тура келеді) пікірталаста осы Камариддин хазіреттің кеңесімен Абай сөз ұстап, оларды райынан қайтарған.
Абайға, Машһүр Жүсіпке, Құрбанғали Халидиге ғылым жолын үйреткен Камариддин хазіреттің медресесінен кейінгі кезеңдерде тәлім алған, кеңес өкіметі тұсында еуропалық білімін жалғастырған Қаныш Сәтбаев бастатқан 24 академиктің тәрбиеленіп шыққанын ескерсек, ұстаз бен оның шәкірттерінің білімінің қандай биік деңгейде болғандығын байқауға болады [25.257-259]. Зады, ұстазы Семей медресесінен шеттетілген кезде Құрбанғали да Аягөзге қайтып оралып, медресеге дәріс беруге рұқсат етілмегендіктен де, сауда қамымен айналысса керек. Қазақ арасын жиі аралап, шежірелер жинайды. «Аягөз туған жеріміз, Найман өскен еліміз» [19.152], – деп өзі жазғанындай, ел ішінде еркін жүрсе керек. Әсіресе, Қоқан хандығы мен Шығыс Түркістанның дін ықпалына қарасты Лепсі уәлаятына, соның ішінде семіз найман еліне ерекше бауыр басады. Ақыры сол семіз найманның ішіндегі Ханшайым атты қызға үйленіп, немересі Исламия Халитова айтқандай, «қазағуар отбасына» айналады».
… Ол араб, парсы, исі түркі тектес тарихшылардың және еуропалық ғалымдардың еңбектеріндегі деректерді салыстыра отырып, өзінің пайымдаулары мен пікірлері арқылы тұжырымдайды. В.В.Радлов, А.Вамбери, Н.Ф.Катанов сияқты Ресей тауарихаттанушыларының пікірлеріне сыни тұрғыдан талдау жасайды, Балкашин, Беринман, Шишемиров, Федотов сияқты шенеуніктермен, зиялы көпестермен араласады.… Ол 1874 жылы «Аягөздік Хұсниддин қажының шақыртуымен Шәуешек қаласының мешітіне» имам болып сайланады. Бұл қызметті ол қашан дүниеден озғанша, яғни, 1913 жылдың наурыз айының 14-жұлдызына дейін атқарған… Орысша сауатының арқасында Ресей консулы, арғы атасы шоқынған ноғай Балкашинмен екеуінің арасында сыйластық қарым-қатынас орнайды. Соның барысында 1881 жылы консуль мен жергілікті халықтармен арадағы байланысты нығайтатын және даулы мәселелерді шешетін кеңесші болып бекітіледі. Сөйтіп, 1881 жылдан бастап 1913 жылы дүниеден қайтқанша мұсылман қауымының қазиы (би, сот) міндетін қоса атқарады» [47.17-2].
Ислам тағдыры шешілетін мұндай дағуадан «мұсылман қауымының қазиы( сырт қалмаса керек. Әрине, бұл жорамал. Шындыққа жақын жорамал және басты мәселе емес. Басты мәселе – дін дағуасына түскен ғұламалардың діни бопсалары мен ақыл ырғасуларында.
Абай мен архимандрит Сергийдің құпия пікір таласы (дискуссиясы) екі жарым сағатқа созылған. Абайдың досы, осы оқиғаның куәсі Көкбай молланың айтуынша (мазмұндалып берілді):
«Семей қаласындағы мұсылман оқымыстыларының барлығы мешітке жиылып, дін-исламның ар-ожданын қорғауды Абайға тапсырып, мінәжат қылып, бата беріп шығарып салады. «Ақ шіркеудің» (қазір де бар) алдында жиналған священниктер мен поптар: «Қазір сендердің сақалдарыңды кесеміз», – десіп сапыларын жалаңдатып тұрады».
Әлқисса: Абай мен Сергийдің арасындағы қазақтар мен өзге мұсылман нәсілдерінің арасындағы тұрмыс-салт өзгешеліктерін жауаптаса талдайтын бұл әңгімені мен бала кезімнен ес білген шағыма дейін естіп өстім. Сонда қариялар: бұл өзі он жеті түрлі сұрақ-жауап деп санамалап отыратын. Дер кезінде қағазға түсіретін құлық бізде болмады. Жадқа сенген сөздер көмескі тартты. Дер кезінде замандастары мен шенеуніктер қағазға түсірген Алланны тану және оның сипаттары туралы үш уәж анық. Оған күмән жоқ. Оған Сәдуақас Ғылмани ғұламаның естілігіндегі екі жауаптасуды қоссақ, он жеті сұрақтың бесеуі анық болып шығады. Ал Көкбай ақын айтқан «осыдан кейінгі ұсақ-түйек» мәселелердің ішінен менің есіме түскен анық сұрақ-жауаптар төмендегідей. Мәмілелесудің ұзына аңысы белгілі, бірақ мағынасы мен жауабы есімде бұлдыр сақталған жайларды мұнда саналы түрде қамтымадым. Ертеректе, Абай заманының сарқытын ішкен Ахат Құдайбердиев, Ниязбек Алдамжаров, Сейітқали Қарамендин, Бекен Исабаев сияқты ғұламалармен осы тақырыпта бірнеше рет пікірлескеніміз де есімізде. Араға отыз-қырық жыл салып барып осы сауалдарды Бекен Исабаев дегдарға қойып едім, жоғарыдан өзге жауаптарды ол да есіне түсіре алмады. Амал жоқ, осыған қанағат тұтуға тура келеді. Ал Алланың сипаты туралы жауаптасулар нақты деректер бойынша талданды.
2.
Сонымен, Абай мен «Семей миссиясының» архимандриді Сергийдің арасындағы дағуаласу 1897 жылы (1898 жылы өтті деген пікір бар. Алайда, Абайдың сол жылғы басынан кешкен оқиғалары мұндай жауапты іске келісуіне ырық бермейтін сияқты) Семей қаласында Ақшіркеуде өткен. Мұсылман жағынан екі адам кеңесші, аудармашы есебінде қатысқан. Архимандридтің қасындағылардың сөзге араласуға құқығы болмаған.
Көкбай Жанатайұлының: «Бұл мәжілісте Абай дін жайынан қаншалық сөйлесіп, қанша таласты, ол арасын мен толық білмеймін» [44. 177], – деп айтқанындай, бұл дағуада не айтылғанын біз де білмейміз. Бірақ елу жыл бойы ол туралы мағлұмат жиюмен болдық. Сонда «артынан Абайдан өзіміз сұрағанымызда, азын-аулақ айтқаны мынау» (Көкбай Жанатайұлы) деген әңгімелердің ішінен екшеліп алынған уәждер мыналар:
Жалпы мәселеге орай архимандриттің кіріспе сұрағы: –Қазақтардың толық мұсылман еместігіне мынадай дәлелдерім бар. Барлық мұсылман –бір мұсылман ба? Жоқ, қазақтар ерекше жаратылған мұсылман ба? Ислам заңы ортақ емес пе? Ендеше менің мына сұрағымы жауап беріңізші. «Мұсылмандық сіздердің қандарыңыз бен жандарыңызға толық сіңіп кеткен жоқ. Бұл, болашақта сіздердің бір халықтарыңыздың екіге бөлініп кетуіне қауіп төндіріп тұр. Қазақтардың арасында Мұхаммедтің атын білмейтіндер өте көп. Сендердің бақсыларың өзінің қыр еліндегі ықпалын жойған жоқ. Екі дін орын алып отыр, яғни, сіздердің түсініктеріңіз бойынша, «Дәр-уль Харб». Ал «Дәр-уль Исламға» көшулеріңіз үшін өздеріңізді аса мейірімділікпен билеп отырған Ақ патшаға қарсы шығып, соғыс ашуларыңыз керек. Біріншіден, билеп отырған патшаға қарсы шығуды Құран мен Сүннет қолдамайды. Екіншіден, бір мемлекетте бір дін ұстау керектігі де сонда айтылған. Қазақтар исламның осындай заңдылықтарын мойындамай, өз іштерінде екі дін ұстап отыр. Бұл күфірлік қой. Сіздердің халықтарының өзімен-өзі Дәр-уль Харб жағдайында өмір сүріп отыр. Біздің мақсатымыз –сіздердің бір халықтарыңыз екіге бөлініп кетпей, тұтастығын сақтау үшін, бір діннің, бір мемлекеттің, бір патшаның дәргейінде және оның қорғауында болсын деп тілейміз. Сондықтан да біз –Аса мәртебелі патша ағзамның жарылқауымен, сіздердің игіліктеріңіз бен амандықтарыңызды ойлап, бар қазақ жұртын қамқорлығымызға алып, Ұлы ақ патшам ұстанған христиан дінін қабылдауды ұсынамыз. Құдайдың (Христостың) атынан жасалып отырған мұндай аса қамқор және Мәртебелі жақсылықты түсіндіру үшін мұсылман қазақтардың ішінде парасат иесі ретінде әуелі сізбен сөйлесіп отырмыз. Бұған қалай қарайсыз?
Абайдың жауабы: «… Сахиб нығмәтте шүкіршілік, құлшылық керек. Бұл екеуі болмаса, ғылым, рақым, ғадалет, содан барып туындайтын – сиддық, кәрәм, шафағат, ғақылға ие пенделер, яғни, қазақтар да қор болып, дүниеде жоқ болып кету қаупі бар. Егерде, бұл жол жарым-жартыларына ғана тиесілі болса, онда Аллаға жарым-жартысы ғана мойынсынуы керек, қалған жарым-жартысы имансыз ғұмыр кешсін деуге бола ма? Алла – Рас. Ал жарым-жарты рас дүние бола ма? Рас болса, һаммаға бірдей рас болсын, алалаған рас бола ма, һам ғадалат бола ма? Олай болғанда, ол жұртта ғұмыр жоқ болса керек. Ғұмыр – өзі хақиқат. Қай жерде ғұмыр жоқ болса, онда кәмәлат та жоқ» [1.475-476].
Ал ««Сөйтсе де, бұрыннан бақсы балгерге иланып, отқа-шыраққа табынатын әдеттерімен исламға тез түсініп кете алмаған. Ол кезде шала-пұла хат таныған кісі болса – оны «абыз» дейді екен. Ол «абыз» демек, әуелде шаман дініндегілердің өз молдасына қоятын аты екен. Дүниеде не нәрсенің себебіне көзі жетпесе, сол нәрсені құдай қылып тұр деп (сенеді екен), «олардың осындай) дін (салт) тұтынатұғын әдеттерінің сарқынын біз де кей жерде көргеніміз бар: келін түскенде үлкен үйдің отына май құйып: «От, нан, май ана, жарылқа!» – дегізіп, бас ұрғызған секілді, (немесе) жазғытұрым, әуелі (алғаш) бұлт күркірегенде, қатындар көмішімен (шөмішімен-?) үйдің сыртынан ұрып: «Сүт көп, көмір аз!» – деген секілді. Бұған ұқсаған көп еді, құдайға шүкір, бұл күнде жоғалып бара жатқанға ұқсайды» [1.492].
Оған да тәубә.
Архимандрит Сергийдің Абайға қойған бірінші негізгі сұрағы: «Мұсылман дінінше – Құдай күш иесі, қорқытушы, сондықтан құдай жолындағы құлшылық, тазалық, ақтық барлығы да қорқудан туатын сияқты. Солай ма?» – дейді» [44.177].
Архимандриттің арбауы бойынша, бұл сұрақтың астарында: Сендер Алланы ақылмен, жүрекпен, иманмен танымайсыңдар. Надандық пен қорыққандықтан мойындайсыңдар. Алланың Жазасынан қорқасыңдар. Ал біздің дініміз – адамды мейіріммен баурайтын, Құдайдың сүйген ұлының салған жолы, – деген ишара бар. Әрине, Абай ол емеуірінді түсінді. Сондықтан да Сергийдің ишарасына ишарамен Абай:
««Біздің Құдай –«Рахман-и Рақым». Ол тек Қуаттың ғана иесі емес, сонымен қатар Рақым да қылушы. Алланың Қуаты –қара күш бастаған қуат емес, мапахаты бар қуат: әке мен баланың арасы сияқты. Әке – сүюші ие», –деп, жауап береді» [44. 177].
Ал «Отыз сегізінші сөзінде» бұл пікірін:
«Ықыласпен оқып, ұғып алыңыздар, оның үшін махаббаттың төлеуі – махаббат… Талап, ұғым махаббаттан шығады. Білім – ғылымға махаббат бермек әлгі айтылған үшеуінен (хәуас сәлимнен (зиялы тектен), тән саулығынанжәне жақсы ата-ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады… Адам баласының рахаты, пайдасы үшін жасалса, бұл – Жасаушы махаббатпен адам баласын сүйгендігі емес пе? Кім сені сүйсе, оны сүймектік қарыз емес пе?» [1.473],– деп үстемелеп дәлелдейді.
Екінші негізгі сұрақ:«Содан кейін Абай христиан дінінің нанымы бойынша «Үш жүзді құдай» (Христостың құдайлық үш сипаты: әке, бала, қасиетті рух) деген ұғымға қарсы дау айтыпты» [44.177].
Демек. Екінші сауал христиан дінінің негізінің негізі Қасиетті Үштік – Троица туралы сұрақ қойылған. Бұл үштікті мойындаса, онда дағуа аяқталғалы тұр. Ал ол үштіктің мағынасы, Құдайдың сипаты мен сезілуі туралы православие дінінің ғұламаларымен пікір жарыстыруға дейін барған П.П.Чаадаевтің пайымдауынша былай:
«130. Есть три способа представить себе Бога: прежде всего, как творца вселенной и поэтому ее абсолютного владыку, это – Бог-отец; затем, как дух или разум, действующина души через умы; это – Дух Святой; наконец, как отождествившегося с человеческим существоми проявляющегося непосредственно в человеческом сознании – это Бог-Сын. Здесь имеются, очевидно, три лица одного и того же Бога, так как в каждом он целиком содержится… Основательные предчуствия человеческого духа всегда таким образом представляли себе божество, но христианству выпало на долю выразить мутное чуство человечества в непреложной форме и вывести его в логическое сознание человека как составную часть его сущности. Таким образом, догмат троицы вовсе не есть непостижимая тайна, а напротив – одна из самых очевидных аксиом возрожденного ума» [48.472].
Архимандрит Сергийдің астарлата қойған бұл сұрағына Абай: «(Құдайдың – Құдайлық ) бірлігіне (жалғыздығына) үш жүзді болу жараса ма (сия ма), сол үш сипат бір жүзінде болса, Құдайлығына сын, мін (көп) бола ма?» [44.177], – деп қысқа әрі түсінікті жауап беріп, оның өзіне қарсы сұрақ қояды.
Көкбай:«Бірақ бұл сөзге Сергийдің не айтқанын толық білмеймін» [44.177].
Екінші сұрақ: бұдан кейін, православиелік діннің классикалық каноны мен сол кездегі «миссионер әкейлердің» әдіс-тәсілі бойынша: «Бала құдай» («как отождествившегося с человеческим существоми проявляющегося непосредственно в человеческом сознании – это Бог-Сын»), яғни, Иссиус Христостың құдайлық сипатына сендіретін уағыз-сауал айтылғаны кәміл. Оған берілген Абайдың жауабы басқа аймақтағы миссионерлермен дағуаға түскен қазақ мұсылмандардың жауабымен, соның ішінде – Абайдың өзі де полиция тарапынан тінтуге ұшыраған «Мұсылмандардың реакциялық қозғалысы» атты архив ісіндегі мына дерекпен мазмұндас болуы табиғи.
«Сәдуақас Ғылмани (үзінді мазмұндалып алынды): «Сарыарқаның cap даласында жатқан қазақ халқы Николайға қарсы көтеріліс жасап, наразылық білдіруді Көкшетау оязынан бастады. 1900 жылы қыркүйекте ...10 нәуескемен Архиерей келеді. Жанында генерал-губернатор, ояз бастығы бар: «Әр ауылнайдан он адамнан уәкіл даярлансын!»– деп бұйрық береді. Архиерей 1 200 қазақты шіркеу түбіне жинап койып, алтындай жылтыраган киімін киіп шығып: «Қазақ халқын мұсылман деп мүфтиге қаратқан әуелгі жақсы басшыларыңыз – аға сұлтандарыңыз. Олар өздеріңіздің кеңестеріңіз бойынша: «Бізге мүфтидің керегі жоқ. Біз әдет заңымен түрамыз» – деп арыз берген. Сол тілек кабылданып, сіздерді (патша ағзам) мүфтияттан шығарған. Осы күнде сіздер дінсіз тұрасыздар! Сол себепті ақ патшамыз: сіздерді жақсы, анық дінге сал – деп мені жіберді. Өйткені, мемлекет сіздерге дін тауып беруге міндетті. Енді сендердің дін жөніндегі ұлықтарың –мен. Өз тілдеріңмен жаздырып (Інжілдің аудармасы), алтындаған дін кітабін әкелдім. Оқысаңыздар түсінесіздер! Айса – Құдайдың баласы. Құдай деп Айсаға табынасыздар! Құранды тастаңыздар!», – деп аудармасы алтын жазумен жазылған «Евангели»деген кітапты ауылнай басына бір-бірден таратып береді. Болыс Шалабай Тыныке баласы: «Айса Құдай емес. Қатыннан туған зат. Құдай болуға жарамайды. Біздің Құдайымыз – барша дүниені, дүниеде болған нәрселерді жаратушы!»,– деп қарсылық білдіреді.
Содан соң қазақтарды Көкшетаудан бес шақырымдай Қарабұлақ деген жерге жиып, әлгі кітапты оқиды. Сол жиында Көкшетау имамы Наурызбай Таласұлы: «Осы Айсаны Құдай деп танитын кітаптан бүгін құтылмасақ, ертең кеш болады: «Қазақ халқы Құранды тастап, Айсаны Құдай деп, «Евангелиді» алды»,– деп, жоғарыға мәлімдейді. Сол үшін осы бүгін құтылуымыз керек!»,–деп айқай салады. Дегенмен кітапты қайта апарып беруге адам шықпайды. Сол сәтте Қараша болысынан –Қосдәулет Тәттімбет, Көкшетау болысынан – Ақкиік Дүйсен, Мезгілден –Жүсіп, Айыртаудан – Әби Тоғжанүлы, Қотыркөл болысынан –Смайыл Құлбекұлы, Бимағамбет Тоқпанұлы дегендер шығып: «Дін үшін өлеміз» – деп, көп кітапты етектеріне салып алып, дуанға қарай жөнеледі. «Олардан жанымыз артық емес»–деп, қалған 1 200 қазақ та қолдарына балта, сойыл-шоқпарын алып, әлгілердің соңынан келеді. Улап-шулап, «Аллалап!» көшеде тұрады. Кітап көтергендер Коноваловтың үйіндегі Архиерейге келіп: «Мына кітабың адамды Құдай дейді екен. Алмаймыз!»,–деп еденге төге салып, шығып кетеді. Мүнан кейін Архиерей қайтады»[49. 62-64].
Жалғасы бар...
Оқи отырыңыз: