Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
05:31, 05 Сәуір 2022

Абай және Архимандрит Сергий

None
None

 (Соңы. Басы төменде көрсетілген сілтемелерде) 

Абайдың жауабы осы деректің ішіндегі «Болыс Шалабай Тыныке баласының: «Айса Құдай емес.

Қатыннан туған адам (зат). Құдай болуға жарамайды. Біздің Құдайымыз – барша дүниені, дүниеде болған нәрселерді жаратушы!»,  деген уәжімен мазмұндас болуы мүмкін.

Үшінші сұрақ: Архимандрит Сергийдің үшінші уәжі Патша ағзам жүргізіп отырған 1891 жылғы «Жарлыққа» тікелей байланысты екені еш күмән тудырмайды. Миссионерлік миссияның түпкі көздегені де сол  бодан жұртты шоқындыру болатын. Оның астарын Абай толық түсінді.

Себебі, Адамзаттың тарихы – Рухани Бостандықтың тарихы. Әлмисақтан бері ақыл иесінің Сыртқы Дүниенің, Ішкі Әлемнің, Қоршаған Ортаның өктемдігіне қарсы күресі еш толастаған емес. Дін де, Мемлекет те, Қоғамдық құрылымдар да оның «жан бостандығына» (Абай) ұмтылған құштарлығын қанағаттандырмаған. Өктемдіктің жолы күшейіп, оның тамыры «үкімет зорлығы» (Абай) арқылы рухани тәуелділікке барып тірелді. Жаһилдік бұл түзілімнің адамзатты арандатқанына да ықылым заман өтті. Әлмисақтан басталған өктемдік XX ғасырда өзінің шегіне жетті. Сол жаһилдік өктемдікті жүргізушілер де, оған қарсы тұрушылар да өзара күресті еш тоқтатқан жоқ.

Бұл тақырыпқа орай өткен Патша кеңсесіне берген жауабында Кенесары өзiнiң пікірін былай білдіреді (тақырыптың мазмұнынын ашу үшін қажет болғандықтан да қайталанып беріліп отыр-Т.Ж.): 

«Долгов мырза сiздiң құзырлы хатыңызды бiзге Қарақұмның қойнауындағы Үшөзек деген жерде отырғанымызда табыс еттi. Бұл хаттың мазмұнын бiз түсiндiк және риза болдық, бiрақ та осының iшiнде бiз орындай алмайтын және ақылымызға сыймайтын бiр мәселенi жүзеге асыруға жарлық берiпсiз. Бұл мәселе жөнiнде тура жауап беруге император ағзамның ашуынан сескенiп, жүрегiм тiтiркенедi, алайда сiзге үлкен бастық ретiнде түсiндiрмеске лажым жоқ, сол үшiн де бiзге жек көрiнiшпен қарайтыныңызды да бiлемiн. Бұл мәселенiң негiзi мынадай:

Сiздiң хатыңызда мынадай сөз бар: «Патшаның жүрегi тек бiр алланың қолында ғана болғандықтан, алланың жарлығына көнiп басыңызды жерге тигiзiп, құдайға құлшылық етуiңiз керек, сұлтан мырза, өйткенi бiздiң Патша ағзамымыздың осы жарлығында қандай құдiреттi күш бар екенiн «Құранның» аят-сүресiнен оқып бiлiп, ойланыңызшы: осында жазылған жайларды сiз орындауға мiндеттi екенiңiздi және соны мойныңызға аманат ретiнде алуға парыздар екенiңiздi шын дiндар есебiнде сiз мойындарсыз! Сiз ең алдымен құдайға, содан кейiн сол құдайдың елшiсi – патша ағзамға және сол ағзам бекiткен әкiмшiлiкке бағынуға тиiссiз. Өйткенi, Пайғамбардың өзi: «Сендер патша мен әкiмдерге сөзсiз бағынуларың керек» деп өсиет қалдырған»,– депсiз.

Сiз мұны өте дұрыс жазып отырсыз, мұнда ешқандай жалғандық жоқ. Бiрақ та, Алла өзiнiң құлдарына жеке-жеке пайғамбарлар жiберiп, оларға әр түрлi дiни жол ұсынды. Әр пайғамбар өзiнiң дәргейiндегi халыққа лайықтап заң жасады. Кiмде-кiм өзi жiберген пайғамбарлардың жазған заңына қарсы келсе, өзiнiң ұлысын билеп отырған әкiмнiң айтқанын орындамаса, онда бiздiң қасиеттi кiтабымызда жазылғанындай, ол адам ерте ме, кеш пе, әйтеуiр Алланың қарғысына ұшырауы тиiс.

Сiздер ғой қазiр бiздi өздерiңiздiң патшаларыңызға бодан бол және ол жiберген әкiмдерге бағын деп Жарлық берiп отырсыздар: алайда осыларыңызды Алла-тағала қабыл қылар ма екен. Құдайдың өзi салып берген жолды тастап, басқа жолмен кеткен құлдарын жаратқан Ием қолдай қояр ма екен! Сiздер үшiн де, бiздер үшiн де Алла бiреу, тек дiни сенiмiмiз ғана басқа, сондықтан да бiздiң бодандығымызға көш және бағын дейсiздер, бiрақ та ойланыңыздаршы, бұларыңыз дәстүрге сай келе ме?

Егерде мен сiздердiң бодандықтарыңызға келiссем, онда Алланың тиымына қарсы әрекет iстеген боламын, мен Алланың қаhарынан қорқамын және мұсылманшылықтың жолынан тайғаныма қорланамын. Осының барлығын ойлай келiп: сiздер өзiнiң жеке басының қамы үшiн әкiмдердi алдап, сыртымен ғана бодан боп жүрген қазақ ордасының ақымақ сұлтандары мен билерінің сөзiн малданған екен-ау деген қорытынды жасадым. Шынымен-ақ сiздер әлгi сұлтандар мен билер: орданың билiгiне бойсынбайды, патшаның қызметiне шын берiлген және айтқанын бұлжытпай орындайды деп ойлайсыздар ма?

Бұған қоса мынаны мәлiмдеймiн: Ұлы Патша Императордың әкесi – Ақ патша менiң марқұм әкем Абылай ханға үлкен еркiндiк бере отырып: әркiм өзiнiң елiн өзi билейдi, орыстар мен қазақтардың арасындағы өзара сауданы дамытады, ол үшiн сауда керуендерiне ешқандай кедергi жасалмайды, әркiм өзiне тиесiлi кәсiпшiлiкпен айналысады, – деген уағдаластыққа келген.

Сөйтiп, әркiм өз Әмiршiсiнiң қарауында бiраз уақыт тыныш өмiр сүрдi. Бiздiң әкемiз Абылай хан марқұм болған соң оның тағына Уәли сұлтан отырды. Бұл хан мен Ұлы Мәртебелi Императордың тұсында халық ұзақ уақыт тыныштыққа бөлендi, ешкiм де қазақтардың жерiн басып алып, қысымшылық көрсетпедi, көшi-қонымыз жүретiн жердi ешкiм де саржалап өлшемедi, ол жерге ешкiм де бекiнiс салмады. Сол келiсiм марқұм әкесiнiң орнындағы қазiргi Патша Ағзамға өсиет ретiнде қалса да, Абылайға тиесiлi Жолдыөзек, Көкшетау, Қылшықты, Атбасар, Есiл-Нұра, Ақтау, Ортау, Қарқаралы, Қазылық, Жарқайың, Обаған, Тобыл, Құсмұрын, Хаят пен Түңiлiктен Оралға дейiнгi аралыққа бекiнiстер қаптай салынды. Сонда патшаның әкесi жерiмiздi өлшеймiн десе – арқаны жетпедi ме, бекiнiс саламын десе – жер жетпедi ме, қысым жасаймын десе – күшi жетпедi ме, жоқ, керiсiнше мұның барлығы оның заң алдындағы әдiлеттiлiгiн көрсетедi. Қазiргi әкiмдер патшаның жаhангерлiк құдiретiн күшейту үшiн жерiмiздi өлшеп, бекiнiс салып жатыр, сөйтiп халқымыздың тыныштығын бұзды.

Бұл – болашағы жоқ әрекет, бүгiнгi күн үшiн де тиiмсiз.

Мынау жалғанда ешкiм де мәңгiжасамайды, мүмкiн шен-шекпен алып, даңқтан дәме ететiндер табылып қалар, алайда ешкiм де қулықпен патшаның күшiн асырып, бағын көтере алмайды, өйткенiосы екеуiнде оған Алланың өзiғана сыйлай алады. Жоғарыдағы жасалып отырған қысымшылықтар патша ағзамның назарына жетпеген сыңайлы. Мен бұл туралы оның сенген әкiмдерiне қаншама рет мәлiмдедiм, бiрақ та ешкiмен де жауап алмадым» [26.1;2;3].

Кенесарының бұл жауабына қосымша Абай: «Әділетті құдай, Әділетті Патша – өзінің қол астындағы бұқарасына тең қарауы керек емес пе? Біріне жүрген ғұзыр – екіншісіне де жүруі керек. Ендеше, өзіне адал бұқараны христиан және бұратана мұсылмандар деп неге екіге бөліп, екіұдай жарлық шығарады, неге екіге алалайды? «Алла – Рас. Ал жарым-жарты рас дүние бола ма? Рас болса, һаммаға бірдей рас болсын, алалаған рас бола ма, һам ғадалат бола ма? Олай болғанда, ол жұртта ғұмыр жоқ болса керек. Ғұмыр – өзі хақиқат. Қай жерде ғұмыр жоқ болса, онда кәмәлат та жоқ» [1.475-476], – деген пікірбілдіруі мүмкін.

Бұдан кейінгі мазмұны анық екі сұрақ Сәдуақас Ғылмани ғұламаның жазбасында келтірілген.

С.Ғылмани: «Көп сұрақ болса керек (біздің мәліметіміз бойынша он жеті сұрақ – Т.Ж.), бірақ содан екі сұрақ оның жауабы ғана айтылады. Бірінші сұрақ (біздің есебімізше, төртінші сұрақ). Миссионер:

– Құдай қаһар қылса бар халықты (барлық жаратылыс деген мағынада, «Сингулярлық нүкте», ғаламның бір нүктеден жаралуы, С.Ы.) тарының қауызына сыйғызады дейді. Осы ақылға сия ма?

Абай: – «Сияды. Оған мысал адам далаға шығып көзін жан-жаққа салса, барлығын көреді. Әрине соның бәрін көрген көздің титтей бір жанары. Махлұқ (барлық тірлік иелері –  Т.Ж.) көзінің жанары соншалық нәрсені қамтуға жарағанда Құдай қаһары бар нәрсені көрген жанардан қалай», – депті.

Екінші сұрақ (біздің есебімізше, Архимандриттің бесінші сұрағы): – Зұлқарнайын күннің жерге кіргенін көрді» (деп жазылған  діни кітаптарда). Күн жерден әлде неше есе үлкен. Ол қалай? (Күнді жерге) Кірді деу ақылға сия ма?

Абай: – «Құрандаتغرب (деп жазылған, яғни) батар (батқанын –  Т.Ж.) көрді дейді, олай болса (күн) жерге кірген деуге сияды. Міне, қараңызшы, күн қай жерден батты десе, біз айтпаймыз ба, ана Семей таудың ар жағына батты» дейміз. Сол сияқты айтылған сөз» – дегенде, миссионер: «Бұл да ақылға сиятын сөз» – деп қабылдапты.

Сол сөзді өзі оқыған адам бола тұрып, автордың (С.Ғылмани «Құран туралы шындық» атты кітаптың авторы М.Тоқжігітовті меңзеп отыр – Т.Ж.) сасық қара балшыққа батты деуі үстірт сөз екені анық. Ендеше, Құранды мінеу орынсыз. Түзу мәні бере алмаған кісіні мінеу керек. Ал Зұлқарнайын мұсылман. Сол мұсылман ішінде пайғамбар деп, кейбіреулер әулие деп кейбіреулер талас қылады. Өзі Ибраһим пайғамбар тұсында болған адам. Жыл санаудан екі мың жылдан артық уақытта өмір сүрген адам. Оны Ескендір Македони деушілер болса да, ол тіпті дұрыс емес. Оның аты Әбу Кәріб Шәміс Ғамири деген Йеменнен шыққан адам. Ескендір Македони заманынан қанша ұзақ бұрын болған. Жалғыз-ақ, сондай ұзақ шығыс батысқа барғанмен, екі шетке барды деп Зұлқарнайын аталған. Және Ескендір Македони Арасту (Аристотель, С.Ы.) мәзһабында, бұл кісі мұсылман. Жүрген жерлері шығыс-батыс дегеннен басқа айтылмаған. Жалғыз-ақ, екі тау арасын бекітуі анық. Ол қай тау? Көбірек ғалымдар Қапқаз дейді» [Ыбырай С. Жарым адамнан –Толық адамға / Сұлтан Ыбырай. – Нұр-Cұлтан:  «Алашорда» Қоғамдық қоры, 2020 –  254 б. Б224 бет].

Бұдан кейін, Абайдың өзінің Көкбайға айтып беруіне қарағанда: «Сергий дін жайынан  аз сөйлесті де, жалпы ғылыми әңгімеге түсіп кетті. Сонан соң Абай да (мен де) дін жайын қайта қозғамапты» [44.177].

Ал осыдан кейінгі «ғылыми сөздер», негізінен, діни әдет-ғұрыпқа қатысты мәселеге байланысты өрбіген. Халық жадында сақталған мағлұматтар бойынша, ол сұрақ-жауаптардың ұзын-ырғасы мынадай

3.

Сонымен Семейге келген Сергий әкей, өзге мұсылмандарда тыйым салынған, не һарамға бағаланған, не әдепсіздікке жатқызылған мына жайларды Абайдан шұқшиып тұрып сұрайды (Жиыны он жеті сұрақ):

 Сұрақ: Жә, енді тұрмыстағы ұмыта алмай жүрген кәпірлік наным, сенімдеріңе көшейік.

І. Бірінші, тіпті христиандар да жылқының етін жемейді. Ал қазақтар шошқа мен есектің етін һарам деп жемейді, жылқының етін жемесе өмір сүре алмайды. Доңыз да, есек те, жылқы да шөп жейді. Шөпті жаратқан құдай. Мұхаммед пайғамбардың жылқы етін жеуге салған тыйымына неге қарсы шығасыңдар. Осының өзі-ақ, сендердің мұсылмандықтарыңның толық емес екенін танытады.

ІІ. Екінші, барлық мұсылмандар өлген адамның мәйітін сол күні көмеді. Сендер, қазақтар, бір түнетпей мәйітті үйден шығармайсыңдар. Сонда, өзге мұсылмандарға сендердің жерлеу рәсімдерің неге ұқсамайды. Әлде, қазақтар үшін жасалған ерекше заң бар ма?

ІІІ. Үшінші, барлық мұсылмандар, өлік шыққан үйден қашан жетісін бергенше тамақ ішпейді. Ал сендер, мәйітті оң жаққа қойып қойып, мал сойып, тойдың дастарханын жасайсыңдар. Көрісе салып дастарханға отырады. Осы да өлгенге, не тіріге көрсетілген құрмет пе. Аза тұтушылар онсыз да күйзеліп отыр емес пе?

ІV. Төртінші, барлық елдердің мұсылман әйелдері бетін, қолының ұшын көрсетпейді. Шадра жабады. Сендердің әйелдерің білегін сыбанып тастап, мал сауады, еркектермен бірге отырып ас ішеді. Сонда сендердің әйелдеріңнің ана мұсылман әйелдерден қай жері аяулы?

V. Бесінші, сендердің еркектеріңнің киімі мен қожа-молданың киімі еш ұқсамайды. Араб, парсы, түрік, өзбек, ұйғыр мұсылмандары бастарына сәлде орап, аяғына мәсі іліп, балағын тобығынан ашық тастап, қима жаға, өңірі ашық шапан киеді. Ал қазақтар ғой, бастарыңнан бастап аяқтарыңа дейін терімен қаптап, қымтап  аласыңдар. Оны тымақ, тон, тері шалбар, саптама, қаптама деп атайсыңдар. Бұл киімдерің – мұсылмандықтарың мін бе, қазақтықтарыңа сын ба?

VІ. Алтыншы, өлген кісінің жетісін, қырқын құрбандық шалып өткізесіңдер де, жыл толғанда бар қазаққа сауын айтып ас бересіңдер. Өлгенді аза тұтудың орнына, той жасап, ат шаптырып, палуан күрестіресіңдер. Мысалы, естуімше, аса діндар сіздің әкеңіз Құнанбай өзінің әкесі Өскенбайға сондай ас беріпті. Мұсылман заңын қатал ұстаған сіздің әкеңіз сондай еркіндікке барса, онда өзге қазақтың бойында қандай мұсылмандық қалуы мүмкін?

Жауап: – І. Иә, Аллатағалам, хайуан атаулының ырыздығын шөппен айырған. Бірақ бұл арадағы һарамдық шөпте емес, сол хайуанның арам пиғылында. Доңыз бен адамның ағзалары бір құралыптас көрінеді. Демек, доңыздың етін жеген – адамның етін жегенмен бірдей емес пе. Ал екеуінің де һарам хайуан екені анық. Доңыздың мегежіні оншақты торай табады. Соның ең соңғы кіндігі үзілмегенін, ішегін шұбатып, шырылдатып тұрып жеп қоятыны өзіңізге жақсы мәлім. Өз баласының етін өзі жеген хайуанның қай жері һалал? Мұнымен қоса, доңыз бен есектің еркек балалары туған енесіне, еркектері өзі таптырған ұрғашы торайы мен қодығына шабады. Міне, бұл екеуінің һарамдығы осында.

 Ал жылқының еті мен өзге де басқа мұсылмандарға ұқсамайтын айырмашылықтарға келетін болсақ, оның мәнісі арырда – түркілердің мұсылмандықты қабылдаған дағуа заманындағы мына жайға байланысты. Бұрын Тәңір дініне табынған түркілер өздерінің елінің шетіне, яғни, Түркістанның шекарасына, бұларға бұрын белгісіз  қалың әскердің келіп, қосын тігіп жатқанын естиді.  Олар кімдер, қайдан келе жатыр, неге әскермен шыққан, қандай өштік-қастығы, кегі бар. Әлде жер байлығы ма қызықтырған? Осыны біліп келуге елшілер жіберілді (Бұл, сірә, Қ.Халиди: «Хазіреті Құтайба бұл сапарында он-он екі адамнан құралған елшілер тобын Қашқарға өкіл етіп жіберген еді», – деп жазған бітім миссиясы болса керек-Т.Ж.). Екі жақ өзара мүзәкәраға отырады. Сөйтсе, бұл хазіреті Құтайба бастаған ислам сақабалары мен сейіттері екен. Мақсаттары соғыс емес, дүниедегі ең таза және нағыз рас дін – исламды Түркістан жұртына тарату екен. Ислам қандай дін, оның барлық жай-жапсарын баяндап береді. Түркі жұртының жақсылары келеге сала келіп, мынадай уәж айтып Құтайбаның елшілерін кері қайырады. Сондағы айтылған сөз мынау:

 Біз – түркі деген көшпелі жұртпыз. Ырыздығымызды аттың жалында жүріп табамыз. Ислам, шындығында да таза дін екен. Оған мойынсындық. Бірақ біз оның кейбір шартын қабылдап, дағуасына кірсек, түркі жұрты аштан өліп, көштен қалады екенбіз. Ел-жұртымызды, қатын-баламызды бұратылтып аштан өлтіргенше, ақ адал майданда өлейік деп шештік.

  • Ол қандай шарт?

– Жылқы, мінсек – көлігіміз, жесек – азығымыз. Қыстыгүнгі аяз бен боранда етін жейміз, жаздың шіліңгір ыстығында қымызын ішеміз. Жайлауға, қыстауға осы жылқының арқасында көшіп-қонамыз. Жауға мініп шапсақ – қаруымыз, жаудан қашсақ құтқаратын – қанатты серігіміз. Қысқасы, жылқысыз күніміз қараң. Ал сіздердің діндеріңізде жылқы етін жеуге тыйым бар екен. Аштан өлтіретін дінді мойынсынып өлгенше, ашық майданда өлгенді қалап отырмыз.

ІІ. Екінші, біз, көшпелі түркі жұрты – өлікті қатты аза тұтамыз. Оған сол дүниеден қайтқан адамның бар жақыны, бауыры, құдасы, ұзатылған қыздары топырақ салмаса, тірдей өлгенмен тең. Ал біз әр сайдың ығында, әр қонысты жайлаймыз. Жаздағы – жайлау мен қыстағы қоныстың арасы күнбе-күн қатынайтын жер емес, шығандап кетеді. Қайтыс болған адамның бауырына, баласына, ұзатылған қызына, құдасына хабар беріп, олар топырақ салуға келгенше, бір тәулік өтеді. Еріксіз, мәйітті түнетіп шығарамыз. Бұл топырақ салу рәсімі орындалмаса, ағайын-туыстың барынан жоғы. Сіздер, мұсылмандар, түнетпей жөнелтеді екенсіздер. Бұл біз қабыл ала алмайтын шарт.

 ІІІ.Үшінші себеп, осыдан кеп туындайды. Мәйітке топырақ салуға ағайын туыстар күншілік жерден келеді. Қыстың қақаған аязында тоңып, не жаздың шіліңгір ыстығында шөлдеп келеді. Қаралы үйден басқа маңында үй болмайды. Сонда жерлеуге келгендер қайда қонады, немен қоректенеді, қонақтарымызды аш қоя ма? Міне, сондықтан да біз дастархан жаямыз.

 ІV. Төртінші себеп, түріктердің еркектері – түзге, әйелдері – үйге  жауапты. Яғни, олар балаларды бағу үшін сиыр, түйе, қой, ешкі, бие сауады. Отын әкеледі, саба піседі, кір жуады. Жазы-қысы көшумен жүреді, үй тігеді, үй жығады. Егерде, әйелдер бетін бүркеп, қолын жеңіне жасырып, қусырып жүрсе, ол жұмысты кім істейді? Ері, бала-шағасы аштан өлмей ме? Еркектер отырған киіз үйден қыстыгүні далаға шығып кетсе, аязда қайда паналайды?

V. Еркектердің қысы-жазы басына сәлде орап, сирағы жылтыңдаған қысқа шалбар мен шәркей киіп жүруі тіпті де мүмкін емес. Бұл қақаған аязда, қарлы-боранда жалаңбас, жалаңаяқ жүру, үсіп өлу деген сөз.

Міне, мұсылмандықтың осы шарттарын біз қабылдай алмаймыз. Әйтпесе..., дейді көшпелі түркілердің өкілі. Сонда Құтайба хазіреттің елшілері:

– Шындығында да уәждеріңіз орынды. Аштықтан өлдің не, майданда өлдің не, бәрібір, өлім. Бұл айтқан уәждеріңіз Құран мен Сүннеде және Хадисте қалай түсіндіріледі екен? Бір амалы болмауы мүмкін емес. Екі жақ та әскердің бетін бұрып, алты ай мәміле жариялайық. Сол арада мұның қандай жолы бар екен, соны біліп келу үшін, пәтуа шығаратын ғұламаларға елші жіберейік, – деген ұсыныс айтады.

 Сақабалар мен түркі жауынгерлері осыған уағдаласып, ғұламалардан жауап күтеді. Алты айдан кейін мынадай жауап келеді. Ол жауапты Қ.Халиди көрсеткен он екі елші-өкілдің бірі былай түсіндіріп береді:

 Ғұламалардан жауап-пәтуә келді. Сіздердің уәждеріңіздің бәрі де орынды боп шықты. Ол мәселелер, шындығында да, Құран мен Сүннеде айтылмаған. Демек, шариғат заңына қарсы емес.

I. Иә, Пайғамбарымыздың хадисінде жылқыны «һарам» емес, «мәкір» у деген сөз бар. Оның себебі мынада. Кезекті бір дін тарату жорығына шыққанда пайғамбарымызбен оның сақабалары құмшөлейттің ортасында құмдауылының астында қалады. Амалсыз, сол араға аял жасайды. Бір апта өткеннен кейін шөлден қысылған сақабалар аттың жалын тесіп, қанымен таңдайларын жібітеді. Енді аштық кіреді. Амалсыз аттарын сойып жей бастайды. Сақабалардың бірі Пайғамбарымызға келіп: «Сақабаларыңыз астындағы атын сойып жей бастады. Егерде, оған тиым салмасаңыз, онда құмды дауыл басылғанымен де, мына құм даладан көліксіз аман шыға алмаймыз. Қырыламыз», – дейді. Сонда пайғамбарым: «Кім де кім өзін менің үмметім деп санаса, сол адам үшін жылқы еті – мәкіру!» – деп жариялайды. Соның себінен барып, сақабалар құмнан аман-есен шыққан екен. Сондықтан да, түркілер сияқты ұлы жұртты  дін жолында аштан өлтіру уәжіп емес.

Жылқы еті сіздер үшін Алланың ырыздығы болып табылады.

 Ал қалған талаптарыңыз да орынды. Олар әдет-салттан туған сауап пен

 әдептер екен.

 ІІ. Араб жерінде күн көзіне қойған шәйнектегі су қайнайтын ыстық болады. Адамның мәйіті тәулікке шыдамайды, тез бұзылады. Түрлі жұқпалы індет тарауы мүмкін. Сондықтан да, күн бе күн жерлеу рәсімге айналған. Ал сіздердің ауа райларыңыз жазда салқын. Қыста аяз. Мәйітті бұзбай сақтай алатындай мүмкіндіктеріңіз бар. Бұл да шариғатқа қарсы әрекет емес.

 ІІІ. Қонақасы беру мәселесіне келетін болсақ, ислам діні орнаған аймақтардың тұрғындары негізінен қыстақтарда шоғырлана қоныстанады. Азалы мұсылманның  қайғысын жеңілдету – мұсылманның парызы. Сондықтан да, көршісіне түскен ауыртпашылықты бөлісіп, олардың тауқыметін жеңілдету сауап болғандықтан да, қазалы үйге қазан көтерткізбеу дәстүрі орын алған.

 ІV. Ал әйелдердің беті-қолдарын бүркемелеп жүретіні де, араб жұртының жазда ыстық жалын бетті жалап тұратын табиғаттың орайына бейімделуден туған. Пайғамбардың ең бірінші тыйымының өзі қыз баланы адам қатарына қоспай, туа сала өлтіруді тоқтатуға байланысты болған. Әйел адамның тартымды көрінуі лазым. Ал күндіз-түні, қысы-жазы күйдіріп тұрған аптапта олардың беті, қолы күнге тотығып, күс басып кетеді. Сондықтан да, олардың бетін пердемен жауып, қолын көлегейлеп жүру, адамның өзіндік бет-бейнесін сақтау рәсімі болып табылады. Ал көшпелі түркілердің табиғаты адамға ондай зиянын тигізбесе, тіршілік етудің қажетті амалы болса, мұнда тұрған еш қайшылық жоқ.

 V. Еркектердің сәлдені басқа орап, матадан белбеу  буынып, шолақ балақты шалбар мен жеңіл шәркей-мәсі киюі де сол табиғи тұрмысқа бейімделу. Сәлде – екі жарым кезд мата. Егерде мұсылман, оның ішінде жазира-жазираны (оазис) қуып саяқ жүретін арабтар иен жерде дүниеден қайтса, әлгі сәлденің ұшын жайып жіберіп тарқатып, өзіне кебін етіп орайды. Белбеумен мәйіттің денесін орайды әрі сәлде басыңнан күн өтпес үшін де қажет. Ал қыстыгүнгі қатты аяздан сәлде мен жағасыз шапан, мәсі-шәркей, шолақ балақ шалбар құтқара алмайды. Адам үсіп өледі. Сондықтан да, суық жібермейтін адал малдың терісінен тігілген киімді киіп жүрудің иманы кәміл мұсылман болуынан еш бөгеті жоқ.  Қысқа балақ шалбар мен дамбалды киюдің де себебі осыған ұқсас. Араб жұртының мекені еспе құм, шөлейт. Кең және ұзын балақ шалбар мен қонышты аяқ киім киген адам құмға аяғы батып,  жүре алмайды. Сол үшін де оларды ықшамдаған...

Дін ғұламалары осындай пәтуә шығарыпты. Сіздер, бүгіннен бастап ең кең шариғат жолы – Имам ағзамның мәзһабында боласыздар, – деп жариялапты Құтайба хазіреттің елшілері.

Біз көшпелі түркілер, қазақтар, міне, осылай исламның дағуасына кіргенбіз. Сондықтан да, жоғарыда сіз күфірлікке сайып отырған мәселе, шариғат мәселесі емес, әдет-ғұрыптың қатарында қаралатын мәселе. Дүниедегі бар мақлұқатты (жан иелерін) Алла тағалам өз еркімен жаратқан және белгілі деңгейге дейін тұрған ортасына байланысты (ауа райы, жыл маусымы, күнкөріс көзі т.б.) бейімделіп еркін өмір сүруіне мүмкіндік берген.

 VІ. Енді, ас беру рәсіміне келетін болсақ, ондай әдептен асқан дарақылықтың бары рас.

«Біздің қазақтың қосқан аты алдында келсе, түсірген балуаны жықса, салған құсы алса, қосқан иті өзгеден озып барып ұстаса, есі шығып бір қуанады… Бір озған, бір жыққан үнемі озып, үнемі жығып жүрмейді. Соның бәрін де біле тұра, жерге кіргендей болып я бір арамдығы, жамандығы шыққандай несіне ұялып, қорланады екен? Енді осылардан білсеңіз болады: надан ел қуанбас нәрсеге қуанады һәм және қуанғанда не айтып, не қойғанын, не қылғанын өзі білмей, есі шығып, бір түрлі мастыққа кез болып кетеді.… Мұның бәрі надандық, ақымақтықтың әсері… Көңілі, көзі жетіп тұрса да, хайуан секілді әуелгі әдетінен бойын тоқтата алмайды, бір тыянақсыздыққа түсіп кетеді, ешкім тоқтатып, ұқтырып болмайды. Не жаманшылық болса да бір әдет етсе, қазақ ол әдетінен еріксіз қорыққанда я өлгенде тоқтайды, болмаса ақылына жеңгізіп, мұным теріс екен деп біліп, ойланып өздігінен тоқтаған адамды көрмессің» [1.458-459].

Ал Құнанбай қажының әкесіне ас беру рәсімінде ондай рәсуалық, дарақылық бола қоймаса керек. Қайта үш жүздің қазақтары басын қосып, өз араларындағы дау-шарын, бәтуәсін, елдің ортақ мүдделерін шешіп, баталасып тараған. Бата дегеніміздің өзі де «пәтуадан» шықса керек,– депті Абай ғұлама.

Абайдың Сергийге қарсы айтқан осындай уәждері мен дәлелдерінен соң да: қазақтар осы күнге дейін «Мұхамедтің атын білмейді, қос сенімді, бірде  дағуадан шығып, бірде дағуаға кіреді, мұның түбінде бір халықты екіге бөліп жіберу қаупі бар – деп пәтуәсінуге бола ма? Жоқ. Бұл тура ойды тұмандатып: «Насколько это мнение объективно? Или оно носит полемический характер?»,– деудің өзі күфірлік күмән болып табылса керек.

 Ал «Дәрілқарап (Дар-уль Харб)» жағдайындағы әдет ғұрыпқа негізделген мұсылман қауымдастығының ішіндегі халал мен һарамның белгісі туралы еуропалық ғалымның анықтамасы мынадай:

«Харәм(араб. запретный). Нечто священное, необщеупотребительное. Толкования, основанны на смысле этого слова, могут означать: поступки, абсолютно несовместимые с исламом (нарушение законов шариғата и религиозныхпредписаний), пищу и питье (противоположность халал), запрещенные к употреблению (свинина или мясо животного, заколотого без соблюдения ритуала, алкаголь)...» [16.1-2].

 Яғни, жылқының еті мен сүтінің шариғат заңына қандай «һарамдығы» бар? Ал Пайғамбарымыздың «мәкіру» (барынша пайдаланбауға тырысу) деп шарасыздықтан жариялағаны, оны «һарам» деп танып, исламға зарар әкеледі деп есептеу, Абай айтқандай, «ақылға сыймайды». Бұл жай ғана әдет-ғұрып қана емес, өмір сүрудің ең қажетті факторы. Қазіргі жетілген медицинаның өзі қымызды алькагольге жатқызбайды, қайта тәнге шипа дауа ретінде ұсынады. Ал мәкіруге – «макрухке» берілген анықтама мынадай:

«Макрух (араб. Недостойное, ненавистное) – Действие, поступки, занимающие промежуточное положение между дозволенным, халал, и запрещенным, харам. Они не нарушает законов шариғата, но осуждается с точки зрения морали. Примером могут служить проявления жадности, жестокости, пренебрежение религиозными или семейными обязанностями, брак с женьщиной иной веры и т.п.» [16.170.].

Бұл анықтамаға қарағанда, жылқының етін – азыққа, сүтін – сусынға пайдаланудың шариғат заңдылығына еш қарама-қайшылығы жоқ. Мұхаммед пайғамбарымыз қалыптасқан ауыр жағдайдан мұсылмандарды аман-есен алып шығудың амалы ретінде қабылдаған «аралық» шешімі. Ендеше, мұны  һарамға еш жатқызуға болмайды. Анықтаманың ішінде қазақтардың өмірі мен оның  киіміне тікелей қатысты мәселе жоқ. Қажылық сапары кезіндегі өмір сүру әдеті мен киімнің жөні басқа. Олардың киімі ен даладағы еркін тіршілікке бейімделген. Ата-баба, діни әулиелердің мазарының жанынан аттан түсіп, құран оқып, жаяау өтетін болған. Демек, ол қимыл-әрекет «харәм» емес, құрмет.

Отбасылық әдет-ғұрыпқа қатысты: «Слово харис, пройзошедшее от того же корня, что и слово харәм, означает «гарем», и относиться к той части дома мусульманина, которая занята женщинами и малолетними детьми, связанными родственными отношениями с хозяином дома или состоящими у него в услужении. Вход на эту территорию разрешен только главе семьи, для остальных она – харәм» )...» [16.1-2]. – деген анықтама да әдет-ғұрып заңының аясын қамтиды.

Бұл реттен алғанда, қазақтың дәстүрлі заңында, мұның барлығы: атаны, енені, келінді, қыз баланы сыйлау, сәлем салу, ата-ененің бетіне тура қарамау, алдынан кесе көлденең өтпеу, отау үйге шығару сияқты тағы да басқа әдеп реті қазір де толық сақталған. Мысалы, менің келіндері күні бүгін сәлем жасап тұрады. Мұның несі ерсі, несі «һарам»?

Ал «Һарамға» жататын орын: «… территории вокруг священных городов ислама (Мекки, Медины, Иерусалима), где человек обязан вести себя в соответствии с предписаниями, про диктованными святостью места. До исламское использованиие  термина относится к святым местам вокруг Қағбы, куда можно было войти только с соблюдением специального ритула и в особой одежде. Последнее применение термина соответствует употреблению термина ихрәм, означающего соблюдение ритуальной чистоты во время хаджа, ритуальные одежды паломников и особое состояние ума. Все что не соответствует условленному ритуалу, – харәм, запрещено» )...» [16, 1-2 бб.].

 «Һарамның» шымбайына батыра пайымдасақ: «Понятие харәм охватывает большой спектр поступков, отношений, деяний. Вопросами  харәма занимается специальный раздел фикха. В спорных случаях вынесением решения о принадлежности поступка к категории харәм занимается судья (кәди)» [16.295].

Демек, архимандрит Сергийдің айып ретінде таққан «һарам» туралы сұрақтары, шариғатқа қатысты сұрақтар емес, дегеніне жете алмаған шарасыздың бопсасы ғана.

Міне, христиандық, православиелік «ад-дағ-ваға» – дағуаға кіргізу бағытындағы миссионерлік насихат пен уағыздарға осы кезеңде басымдық берілсе керек. Сонымен қатар мұсылмандық пен тәңірлік сенімді қатар ұстанудың арасындағы күрес те «дағуаға» жатады. Осы Абай айтқан ырым-сырымдар қазақ ұлтының әдет-салты ретінде қазір де көрініс береді. Демек, «дағуаға», исламдық дағуаға толық бойсыну немесе бойсындыру жолындағы рух майданы аяқталған жоқ. Бұған «иманды» тазартып, толық мағрифаттанып алмай, мойынса болу, күмәнсіз көну немесе көндіру мүмкін емес. Демек, Абайдың «Жиырма бесінші сөздегі»:

«Сен оның тілін білсең, көкірек-көзің ашылады. Әрбір елдің тілін, өнерін білген кісі оныменен бірдейлік дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды» [1, 458 б.], – деуінің астарында осындай терең мағына, парыз, аманат жатыр.

Ал ондай мүшкіл мүттәйімдікке ұшыратқан кесір – «дәрілқарап» дәуірінің кесірі.

Осы «дағуаның» жолында қазақ қауымы басынан қандай тіршілік тауқыметін кешті, Абай айтқан, қандай «дәрілқараптық» қияметтік сынақтан өтті? Қазақтың иманы неге ұйыды? Ауыр сұрақ, жауап та жеңіл бола қоймайды.

Сыртқа шыққанда поптар мен свяшенниктер сапыларын, аса таяқтарын көтерісіп, шуылдасып, Абайды сөзден ұтылмақ болғанда Сергий:

«Сендер шуылдақты қойыңдар. Ибраһим Құнанбаев сендердің тістерің бататын кісі емес. Заманынан озып туған адам», – деп тоқтатыпты.

Мұның мағынасы П.Я.Чаадаевтің: «Есть люди, которые умом создают себе сердце, есть и другие, которые сердцем создают себе голову; последние успевают больше первых, потому что в чувство горазде больше разума, чем в разуме чувств» [48.477-478],– деген даналық пікірімен толық үйлеседі.

Сондай-ақ, Абай бұл дағуаласуда өзінің айтқанындай: «ақылды жүрекке билетті», яғни, сана иесі Жаратқанның дағуасына кірді.

Міне, осылай ұлтының ар-ожданының қорғаны болғаны үшін де, жаппай шоқындырудан аман сақтап, жасанып келген архирейдің бетін қайтарғаны үшін де исі қазақ жұрты оған мәңгілік мәпағат пен шапағат көрсетуі – парыз еді. Бұған оның «Ғақлиһат-и тәслихат» атты рисаласы толық жауап береді. Осыдан кейін Абайдың жүзі бүкіл қазақ қауымының алдында ашық әрі өтімді болса керек еді.

Олай болмады, оны бұрынғыдан да намысты қорлық пен зорлық, тәтті тәнін – ащы таяқ күтіп тұрды.

Оқи отырыңыз: 

1. Абай және Архимандрит Сергий

2. Абай және Архимандрит Сергий

3. Абай және Архимандрит Сергий

Тегтер: