Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:32, 12 Мамыр 2023

Абаннумофобияға шалдыққан кісі

None
None

Кет-ей

Менің Жарқын деген досым бар. Аса мәдениетті, момын жігіт. Кісі баласының көңілін қалдырған кезі жоқ және өз ісінің шебері, нағыз маман.

Әлгі бір «басы – бас емес, компьютер» деген теңеу соған айтылғандай. Барлық нәрсенің шешімін тез таба қояды. Бастығы бастап, атқарушысы қостап бәрі соның аузына қарайды.

Бірақ, жаман деуге келіңкіремейтін бір ғана қолайсыз әдеті бар және оны ешқашан қоя алмайды. Емі жоқ ауру. «Кет-ей» деген ауруы бар. Екі сөзінің бірі – «кет-ей». Таңғалса да, күйінсе де, қуанса да осы бір сөзді қолданады. «Қойшы, рас па, мәссаған, не дейді, па, төу, уау» деген сынды сөздердің, одағай сөздердің бәрінің орнына «кет-ейді» қолданады. Әсіресе, «әй, қой, мынауың шіли өтірік қой» деген ойды жеткізгенінде ерекше мәнермен айтады және көбіне осы мағынада қолданады. Үйінде, достарының, туыстарының ортасында айта берсін-ақ қой. Оған қарсылығымыз жоқ. Бірақ ол мұны, тіпті, бастығына да қолдана береді. Арақты, темекіні қоя алмай қиналғандарды көріп жүрміз ғой, бірақ, осы бір әдетті қоя алмайтын адам бар екен десе, сенбес едім. Сол себепті де басшылық құрам аса қажет болмаса жиналысты Жарқынсыз өткізуге бейіл. Енді қай басшы жақсы көрсін, әр сөзіне қызметкерінің «кет-ей» деп отырғанын. Бірде жаңа жылдың алдында басшылары ұжымның алдында есеп берген ғой.

— Биылғы жылды ойдағыдай қорытындыладық.

— Кет-ей.

— Былтырғымен салыстырғанда екі есе артық өнім алдық.

— Кет-ей.

— Алдағы жылы наурыз айынан бастап айлықтарыңыз өседі.

— Кет-ей.

— Тұрлышев (Жарқынның фамилиясы), қойсаңшы енді.

— Кет-ей.

Жә, бұның бұл сөзіне ұжым үйренген. Кешіріммен қарайды. Басшысы да бір мың болғыр адам, Жарқынға жеңіл ескерткені болмаса, шара қолданған кезі жоқ. Іскер адамға деген құрметі. Сөйткен жайлы басшының да кететін күні болыпты. Бұл жаңалықты ұжымды жинап алып өзі жеткізеді.

— Министрдің шешімімен ертеңнен бастап сіздерге жаңа басшы келеді.

— Кет-ей, сен ше?

— Кет-ей, кет-ей деп жүріп ақыры кетірдіңіз ғой, Жәке.

Бастығы бұл жолы Жарқынның фамилиясын айтпай, атын атады және тура атамай, құрмет белгісін қосып айтты. Жәкең де ыңғайсызданып қалды.

— Кет-ей, мен кет дегенге кете салмақпысың? Мен кет дегенге кете беретін болса, жоғарыдан бастап біраз адамды кетірмеймін бе, – деді.

Бастық Жәкеңе әзілмен жауап берді.

— Жолдауларын оқып жүріп, тұңғыш президентімізді де сіз кетірді деген әңгіме бар ғой.

— Кет-ей. Бірақ, рас, әр сөзіне кет-ей дейтінмін. Өзі де солай жазатын еді ғой. Жә, жарайды, орныңа кім келмек екен?

-Амантұр Сауболов.

— Кет-ей...

— Бұйырса, оны да кет-ей деп қарсы алып, кет те кет деп кетірерсіз.

— Кет-ей, құрысын.

Бұны мен мысал ретінде ғана айтып отырмын. Әйтпесе, Жарқынның «кет-ей» демеген жері жоқ. Осы әдетінің кесірінен қала әкімінің есеп беру жиынынан қуылған да кезі бар. Ол да ештеңе емес, бір танысы депутаттыққа түскенде, сенімді өкіл болшы деген өтінішін жерге тастай алмай келісім берген екен. Әгі кандидаты сайлаушылармен кездесіп, «егер мен депутат болсам, өйтем-бүйтем» деген программасы басталғанда-ақ «кет-ейге» басыпты. Сол жиыннан кейін-ақ үміткер танысы: «Жәке, көңіліңе көп рахмет, ендігі жиналыстарды өзіміз өткізе берерміз», – деп құтылған екен.

«Күлме досқа, келер басқа» дегеніңіз де, «сынықтан басқаның бәрі жұғады» дегеніңіз де рас екен. Жарқынның қасында көп жүріп қойдым ба, әлде оғаш қылығына көп күліп қойдым ба, білмеймін, соңғы кезде сол әдеті маған да жұғыпты. «Кет-ей» дейтін болыппын. Тіпті, екі сөзімнің бірі «кет-ей» болып барады. Осы әдетті тапқалы бері байқап жүрмін, біздің елде «кет-ей» дегізерлік жағдайлар көп екен-ау. Жарасқанша айтқанда, «теледидарды ашып қалсам да, радионы басып қалсам да, журналдарды парақтасам да, газеттерді қарап қалсам да» «кет-ей» дейтін болыппын.

Әр күн сайын неше адамға жолықтым,

Көп ойлардан бір нәрсені қорыттым.

Жарқын достан жұққан әдет жақсы емес,

Бұдан қалай құтылам деп қорықтым.

Екі Қайрат құрықталды десе де,

Мұртты Кәрім құлыпталды десе де,

Арыстанды істі қыпты десе де,

Жемқорларды құстырыпты десе де,

Бір генерал ұсталыпты десе де,

Басқалары тыс қалыпты десе де,

Кет-ей дейтін болыппын.

***

Қорқыныш

          Қорқыныш деген сезім бар. Адам болғаннан кейін қорқынышсыз болмайды. Мен батырмын деген адамның өзінің бойында бір қорқыныш болады. Өйткені фобияның түрі көп. Бір ғана «а» әрпінен басталатын яғни абаннумофобиядан аэтатемофобияға дейінгі аралықта фобияның 106 түрі бар екен. Енді осы екі қорқыныштың аясында ғана әңгімелеп көрейікші. Біріншісі абаннумофобия. Бұл – біреудің өзіңді тастап кетуінен, жалғыз қалудан қорқу. Ойпырмай, басқа-басқа осы қорқыныш көпшіліктің басында бар жағдай ғой. Басқаларды былай қойғанда күллі елді уысында ұстаған кісінің де бойында бар деп ойлаймын. Мен, мысал үшін, белгісіз бір кісі туралы айтайын, сіз өзіңіз танитын кез келген бір кісі туралы ойлап отыра беріңіз.

          Уақытында нән қызметте болған бір кісіні абаннумофобия иектегелі көп болған жоқ. Өйткені өмір өзгермес, заман осылай тұра берер деп ойлайтын. Мынау ірілі-ұсақты жағымпаздардың бәрі өле-өлгенімше жанымда шулап жүре берер, бұл пәлелерден қашсам да құтылмаспын дейтін. Қайдағы. Өз елінде болған ауыр жағдайдан кейін дәл осы қорқыныш бір кісіні қатты меңдеп алды. Жалғыз қалудан қатты қорықты. Уысынан тізгін, болмысынан ықпал кеткеннен кейін-ақ бәрі бұдан теріс айналды. Теріс айналды деген жәй сөз, жақындай кетсе күйесі жұғардай қашты. Ағалап, көкелеп жандары қалмай тұратын иттердің құрметі де, сыйластығы да өтірік болып шықты. Бәрі де жасанды екен. Шын бейнелерін көрсетті. Өзі де жетісіп тұрған жоқ, бірақ аналар қатты жиіркенішті екен. Әрине, күзетшісі, үй қызметкері бар. Олар да күнкөрістің қамымен, ай сайынғы алатын ақшалары үшін ғана жүр. Бұрын осыларға жекіп сөйлейтін, қабағын шыта қарайтын. Енді қатты айтып қойсам, көңілдеріне келіп қалса, кетіп қалмай ма деп қорқатын болды. Жанында туған-туысы да, жанашыр ағайыны да жоқ. Жо-о-о-қ, олардың (ағайын-туыстың) түк кінәсі жоқ. Оларды бездірген өзі. Уағында, қолында билік тұрғанда олардан өзі қашқан. Оларға жақсылық жасағаннан гөрі, әр жақсылығына қайтарымы бар жанындағыларға болысқанды артық көрген. Өйткені жанындағылар оның басын әбден айналдырған. Туыс едім, бауыр едім дегендерді жолатпаған да өзі еді кезінде. Енді келіп солардың алдында иілуі керек пе? Жоқ, ондай күннен сақтасын. Әрине, жақын тартқан бірді-екілі бауыры болған. Олар да өз бастарымен қайғы болып кетті және кезінде шарапатын көрген бірді-екілі жігіттер бар. Солар жандары қалап тұрмаса да шақырған уақытында келіп-кетіп тұрады. Бірақ бұрынғыдай емес, салқын және сол салқындықтарын жасырғылары да келмейтіндей. Баяғыдағы алқалаған әлеумет қайда, халықтың ыстық ықыласында шек жоқ еді ғой.

Шынымен бәрі жалған, өткінші болғаны ма деп ойлайды. Шіркін, бәрі сөйтіп тұра беретіндей еді ғой. Жалғыз қалудан қорқу дегеніңіз қорқыныштың нағыз өзі екен. Бұдан да терең, бұдан көрі қатыгездеу шын жалғыздықтың барын біледі, сезеді. Оны елестетудің өзі қорқынышты екен. Шынымен сондай атты күн туса кәрі жүрек шыдас бере ме, бермей ме, ол жағы да беймағлұм. Шын дос, шын жанашыры болмады емес, болды ғой. Олар шындықты айтатын. Мынауың дұрыс, мынауың бұрыс дейтін. Өтірік мақтамайтын. Ол дегеніңіз бір кісіге ұнамайтын. Өйткені бір кісіні айналасындағы шуылдақтар мақтансүйгіштікке, өтірікке әбден үйретіп тастаған. Өзінікінен басқаның бәрі қате, өзінікі ғана жөн дейтін ауруға душар болған. Сол себепті де сын айтқан, қарсы шыққан адамды жау көретін жағдайға жеткен. Соның арқасында шынайы адамдарды қуғынға, сүргінге ұшыратты. Айналасында тек қана өтірікшілер мен жағымпаздар қалған. Басына күн туды демейік, ықпалынан айырылғанда соның бірі де қалмады.

Міне, бүгін бұл кісінің туған күні. Көңілсіз. Бұрын мынау атшаптырым аумаққа адам сыймай жатушы еді. Адам болғанда да осы елдегі ең ықпалдылар ғана келетін. Ең ықпалды дегеннің өзі аз, ең ықпалдылардың ішіндегі ең ықпалдылары ғана таңдалып кіргізілетін. Солардың өзі мыңнан асып кеткендіктен, ең ықпалдылардың ішіндегі ең ықпалдыларының ішінен ең ықпалдыларын таңдап, азайтып, солардың ішіндегі ең ықпалдыларын ғана қалдыратын. Сөйтіп жатып, бастапқы тізімді сыза-сыза, осылар ғана лайық дегенде жүз қаралы адам болушы еді. Сол жүздің ішіндегі он шақтысы бөлек дастарқанда жеке отыратын. Сол онға қызмет ету үшін асай-мүсейін арқалап елу адам жүретін. Бірі ән салып, бірі күй шертіп дегендей. Әзілкеші күлдірмек болып тыраштанушы еді. Сол әзілкеш күлдірмек болып бірдеңе айтып жатқанда жанында отырғандар ана клоунды тыңдамай, бұ кісінің езуін аңдып отыратын. Мына кісі күлмесе күлмейтін, езу тартса жымиятын, жымиса күлетін, күлсе ішек-сілелері қататын. Анау әртістердің бәрі осы бір он адамның алдында өнер көрсеткенін мақтан тұтушы еді-ау. Олар үшін үш мың адамның алдында өнер көрсеткеннен осы бір шаршы топта әу деу әлдеқайда зор бақыт еді.

Сол туған күн кешіне ең қымбат киімдерін киіп келген қонақтардың бал-бұл жайнаған жүздерінде нұр ойнап тұрушы еді-ау. Бұның көзі түсіп кетсе, қолдарын бұлғап, күлімдеп қалатын. Көздерімен көп нәрсе айтып үлгеріп қалғысы келетін келіншектер шеттерінен керім еді-ау. Шіркін, дәурен десеңші. Бұл күнде соның бірі жоқ. Сонда деймін-ау, әлгі мыңның ішінен алғашқы болып сызылып кеткен жүздіктің арасынан ең құрымаса он адам шықпағаны ма, бұны құттықтауға жарайтын.

Көкем осындай ойлардың шарпуында Көктөбенің басындағы вилласының балконында біраз тұрды. Мұз қосылған вискиінен ұрттады. Жас тоқалы соңғы маркадағы телефонынан бас алмайды. Сол не қарайды екен, кімдермен не айтады екен деген көңілсіз ой да жоқ емес көкейінде. Кезінде байлық үшін, билік үшін тиген жас сұлу да бұны онша керек етпейтінін ашық білдіре бастаған. Кейде ғана көңілі үшін мойнына асылған болады, тізесіне отырған болады. Бәрі де жасанды сияқты. Шын мәнінде… Ойлаудың өзі қорқынышты, сондай көңілсіз. Жас әйел алтын тордағы тотықұс іспеттес. Басына бостандық берсең бір күн тұрмайтындай. Тастап кете алмасы анық. Қолымда болса, тастап кетер едім деген ойдың өзі тастағанмен бірдей ғой. Біржола көңілі суынып кеткенінен ойша тастанды болуынан қорқады. Бұл жаңағы абаннумофобияның шыңы. Тастанды болудан, жалғыз қалудан қорқу. Ерлі-зайыпты болғаннан кейін жар төсегі деген де болады. Әйел ерден хақысын талап етуі заңды. Сондай жағдайда бұдан да әрмен қаусай түскенде қайтпек керек. Намыс жегідей жеп тастамай ма екен? Міне, бұл нағыз аэтатемофобия. Кәріліктен қорқу.

Қайтесің, қорқыныш деген көп. Айнала тола қорқыныш. Тұла бойың ол ол тұнып тұрған қорқыныш. Біз сол қаптаған қорқыныштардың ішінен мысал үшін ғана екеуін ғана айтып отырмыз. Жалпы, мынау әлемнің өзі қорқынышты екен-ау. Бұның бәрінен өліп құтыламын деп айта алмайсың. Өйткені ең үлкен қорқыныштың өзі сол көрден басталатын шығар. Бәріне жауап беруің керек. Өмір деген супермаркет сияқты дейді білетіндер. Айналаңда бәрі бар, қалағаныңды аласың, кассада төлейсің… Сол сияқты өлім қорқыныштардан құтылу емес, жаңа, үлкен қорқынышқа алғашқы қадам. Шегінер жер жоқ. Айтпақшы өлімнен қорқудың да өз аты бар. Ол – танатофобия деп аталады.

Қатты қорықпаңыз. Егер сіз ғазиз адам болсаңыз, мынау әлем де, өлім де, о дүние де ғазиз. Түк те қорқынышты емес.

Жаңағы ғылыми аты бар қорқыныштардың ішінде аукторитофобия деген де бар. Ол – билік басындағылардан қорқу. Әй, осы қорқыныш та біраз адамның бойында бар-ау. Осы қорқыныш біраз адамды галстугымен бірге қылқындырып тұратындай болады маған.

           Қорқыныштар көп. Бірақ қорқып, қалтырап, дірілдеп өмір сүруге болмайды. Өйткені өмір деген бір-ақ рет беріледі. «Батырлық дегеніміз қорқыныштың жоқтығы емес, сол қорқынышты жеңе білу» деген қағиданы білетін боларсыз. Қорқыныш пен үрей туралы әңгімемізді көңілді тонда аяқтайық. Ойкофобия деген де бар. Ол – өз үйіне оралудан қорқу. Бұл отбасылы еркектердің бойында ара-тұра оянып тұратын қорқыныш. Әлдеқандай себептермен үйіне қонбай қалған еркек сол күні үйіне оралудан қорқады. Менің бір досым үйіне бір күн қонбай қалса, әйелінен қорыққандықтан, үйіне бара алмай, тағы үш күн басқа жақта түнеп қалады.

 Қорықпаңыз.

Тегтер: