Абай – қазақтың соңғы биі

Абай Құнанбайұлы ғұмырында 3 кезек болыс, 2 кезек би болып сайланған. Ол кезде сайлаудың мерзімі 3 жыл болған. Болыс та, би де – қоғамдық қызмет саналады.
Яғни мемлекеттік билік органы емес, өзін-өзі басқару органы. Соған қарамастан, оларға да жалақы тағайындаған. Абай би болып қызмет атқарған кезінде ғана емес, ел ісіне араласты десек қателесеміз. Биліктен бұрын да, биліктен кейін де, түрлі дауларға төрелік айтудан бас тартқан жоқ. Өйткені қазақта би атану үшін шартты түрде сайланудың қажеті болмаған. Бірақ 1844 жылдан бастап заман өзгереді, уақытша ережелер қабылданады. Бұрын жазылмаған дала заңына бағынса, бұдан былай сол дала заңы кодификацияға түсіп, жазыла бастады, қазақ даласындағы түрлі қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған 70-ке жуық ереже жазылған.
Сондай ереженің бірі «Қара мола ережесі» деп аталады. 1884 жылы жазылған, 74 баптан тұрады. Осы ережені әзірлеуде Абайдың үлесі зор болған. Бірақ абайтанушыларымыз осы заңды «Абай заңы» деп атап жүр, бұл дұрыс емес. Ұлы ақынның үлесі зор болғаны рас, бірақ ғылым объективті болу керек. Заңды тұтастай Абайдікі деуге келмейді. Қазіргі тілмен айтқанда заңды әзірлеу жөніндегі жұмыс тобын басқарды деуге болады. Оны дайындауға 50-ге тарта би мен молда қатысқан. Тіпті сол кездегі Ресей өкіметінің шенеуніктері де қатысып, қол қойған.
Абай өз ғұмырында би болып көп жұмыс істеді. Өйткені өлеңдерінің өзін бүркеншік атпен Жанбай Көкбаевтың атымен шығарған. Өзінің айналасы ғана оны ақын ретінде таныса, өзге жұрт әділ би ретінде білген. Сондықтан Абайды тарихтағы ұлы билердің соңы деп атаймыз. Өйткені Құнанбай заманынан бастап билер сайланатын болды. Өкінішке қарай, сол сайланбалы билер әділдіктен бұра тартып, қазақтың рулары арасындағы талас-тартысқа себеп болып, елде осындай келеңсіз жағдай орнады. Осындай алмағайып заманда Абай қара сөздерінде «Қасым ханның қасқа жолын, Есім ханның ескі жолын, Тәуке ханның Жеті жарғысын білмек керек» деп өзі айтқандай, көне билердің әдетін, жол-жоралғысын тірілтіп, көне билерше төрелік айтқан.
Абай айтқан биліктер өте көп, оларды бірнеше категорияға сұрыптауға болады. Біріншісі, Абайдың шешімдері прогрессивті сипатқа ие, өз заманымен салыстырғанда озық ойлы принциптерге басымдық береді. Атап айтқанда, әмеңгерлікке өзгеріс енгізіп, әйелдің өз еркін өзіне берді. Жолдасы қайтыс болған әйел әмеңгерлік жолмен күйеуге шыға ма, шықпай ма, өз еркі деп шешті. Әмеңгерлікпен шыққан күннің өзінде болашақ жолдасын өзі таңдауға мүмкіндік берді. Ал қайта бас құрағысы келмеген әйел еншісін бөліп, бөлек отау тігіп отырсын деген шешім айтты. Ол заманда мұндай билік айтқан қазақ биі болған емес.
Екіншісі, ұрлықты тыю мәселесі. Абай заманында елде ұрлық-қарлық көбейді. Байлар барымташы, ұры ұстап, қарсыластарының малын шауып, түрлі қысастық әрекеттерге барған. Осыған байланысты Абай бұрыннан бар ұрлықты екі категорияға бөлген. Оның кескен кесімдеріне қарап, ұрлыққа екі түрлі жаза тағайындағанын байқаймыз. Мысалы, байлардың жұмсауымен барымта жасағандарды ауыр жазаласа, жоқшылықтан ұрлық жасағандарға жеңілдеу жаза кесіп, оларды тәрбиелеуге тырысқан. Абайдың «шынын айтса, шығынсыз құтылар» деген сөзі бар. Сол үшін Абайдың алдына барғанда көбі шынын айтатын болған. Ондай адамға Абай кешірім берумен қатар, алдына мал салып берген. Тіпті осындай адамдардың кейбірі Абайдың қасында жүріп, дұрыс жолға түскен, кейін баласы оқып, үлкен азамат болған жағдайлар бар.
Бұл Абайдың құқықтық көзқарасының биік деңгейде болғанын көрсетеді. Қазақ даласында онша бой көтермеген әлеуметтік теңдік, гумандық мәселесін алғаш Абай көтерген. Абайға дейінгі билердің тәжірибесінде адамға жеке тұлға ретінде қарау көп кездеспейді. Оның толық адам философиясы да осы тұрғыда қалыптасқан. Адамға жеке тұлға ретінде қарағандықтан, ол ер ме, әйел ме, бала ма, бөлмей, адам ретінде әділ баға берген.
Сондай-ақ Абай көне заңдарды, құқықтық нормаларды жақсы білген. Мысалы, «Найман Төлеу» деген билігі бар. Біреудің айттырып қойған қызын басқа біреу алып кетіп, екі ел арасында жесір дауы туындайды. Абай осы дауды Мөңке бидің «аз беріп, көп жарылқа» деген және Жобалай бидің «Жобалайдың жолы» деген билігін пайдаланып шешкен. Бұл шешімдердің мәні «қой болар, қозы болар, келер жылы өзі болар» деген түсінікпен, қойға қозы, жылқыға құлын деп кішірейтіп беретін билік. Бұл айыпқа жығылған жақты да билікке мойынсұнып, бітімге келуге ынталандырады. Екінші жағынан, заң бұзған адам жауапқа тартылады.
Мұндағы Мөңке би Арал жақтан, Жобалай би Павлодар өңірінен, ал Абай Семей аймағынан шыққан. Осы үшеуінің арасында байланыс болғаны қазақта құқықтық коммуникация жоғары деңгейде болғанын көрсетеді. Бұл қазақтың дала заңының көрінісі.
Қазыбек Дәуітәлі, заң ғылымдарының кандидаты