«Абай күні» – дөңгелек үстелдер және сынып сағаттар
Күнпарақты қолға алып парақтасаңыз, 10 тамыз Абай күні деп белгіленіп тұр. Бұл – ұлы ақын Абай Құнанбайұлының дүниеге келген күніне орай белгіленген атаулы күн.
2020 жылдың 5 тамызында үкімет қаулысының негізінде 10 тамыз «Абай күні» деп мерекелік дата болып бекітілген болатын.
Осыдан 179 жыл бұрын, 1845 жылы 10 тамызда қазақтың ұлы ақыны, философ, ағартушы, композитор Абай Құнанбайұлы дүниеге келген. Ғылыми ортада ойшылдың туған күні туралы екі түрлі нұсқа болғанымен, жылдар бойы 10 тамыз ресми түрде Абай Құнанбайұлының туған күні ретінде таңбаланып келді.
Сол үшін осы күн арнайы Абай күні болып белгіленді. Осыған орай кейінгі төрт жылда, 10 тамызда республика көлемінде түрлі іс-шаралар өтіп, ұлы ақынды еске алу дәстүрге айналды. Республикалық, облыстық, қалалық, ауылдық және өзге де мекемелер деңгейінде ұйымдастырылған конференциялар, жиналыстар, еске алу кештері ұлы Абайды ұлықтауға мүмкіндік ашты.
Осындай іс-шаралардың арқасында өскелең ұрпақ ұлы ақынды танып, оның шығармаларымен, терең философиясымен танысып, үлгі-өнеге алады. Жастар бойына ұлттық рух пен қазақы дәстүрді сіңіріп, жарқын болашаққа бет алады.
2020 жылы елімізде Абайдың 175 жылдық мерейтойы үлкен көлемде атап өтілді. Бір жыл бойы еліміздің әр өңірінде ақынның мерейтойы аясында бес жүзге жуық іс-шара өтіп, тәуелсіз елдің ұландары ұлы Абайды ардақтады. Іс-шаралар арасында ірі халықаралық және республикалық қоғамдық маңызы бар ғылыми, ағартушылық жиындар, конференциялар, симпозиумдар, пленэрлер, дөңгелек үстелдер, сынып сағаттар, поэтикалық және әдеби конкурстар, баспасөз турлары болды.
Ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойында Абайды шын ұлықтауға, Абайды ұлықтай отырып халыққа пайдалы іс жасауға жол ашылды. Мамандар Абай мерейтойы ұлттық идеологияның қалыптасуына әсер етсе басты жеңісіміз болады деп санаған. Бірақ мерейтой мұндай биік деңгейге көтерілді деп айту қиын, дабыра мен дүрмекке толы бос жиналыстар көп болғанын жасыра алмаймыз.
Ұлы Абай жастардың назарында конференциялар мен мүшәйраларда ғана еске алатын ескі ұғымға айналмауы үшін Абай күні шынайы өмірге сай, заманауи болғаны жөн. Мысалы, Абайтану курстарын оқытуды жолға қойсақ, Абай ілімін мектеп қабырғасынан бастап тереңдей үйретсек, алға қойған мақсатымыздың орындалғаны болмақ.
Биылғы Абай күні аясында әр өңірде түрлі іс-шара өтті. Мысалы, елорданың сол жағалауында Абай Құнанбайұлының ең ірі цифрлық бейнесі пайда болды. Ұлы ақынның 65 метрлік портреті шолу дөңгелегіне LED жарықпен шығарылды.
Бұл бейне елорда төрінде әлі тұр. Астана тұрғындары мен қонақтары анимацияны 16 тамызға дейін тамашалай алады. 10 тамыз кешкі сағат 20:00-де Кенесары хан ескерткішінің жанында Абай күніне арналған «Домбыра Party» әдеби-сазды кеші өтті. Өнерпаздар ақынның әндерін орындап, өлеңдері мен қара сөздерін оқыды.
Ал Түркістан облысында көрме ұйымдастырылды. Облыстық тарихи-өлкетану музейінде қазақтың ұлы ақыны, қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы, ақын Абай Құнанбайұлының туғанына 179 жыл толуына орай «Қазақтың бас ақыны» атты көрме өтті. Бір аптаға жалғасатын көрмені музейге келушілер тамашалап, Абай әлеміне саяхат жасады.
Абай күнін белгілеудегі басты мақсат – жастарға ақынның өмір жолындағы күресін, философиялық мәні зор қара сөздерін, өлеңдерін, әндерін, аудармаларын, жалпы рухани асыл-мұраларын насихаттау, Абай мұралары арқылы саналы ұрпақ тәрбиелеу.
Ресми дерек бойынша, қазір Қазақстанда 20 мыңға жуық Абай есімді адам өмір сүріп жатыр. Олардың арасында өзге ұлт өкілдері де бар. Сондай-ақ елімізде жүздеген мектеп пен мыңдаған көше ұлы ақынның есімімен аталады. 2022 жылы Абай облысы құрылды. Бұдан бөлек, бір қала мен бірнеше ауылға ойшылдың аты берілген. Демек, ұлы ақынның есімі қазақ халқымен бірге жасай береді.
Ал Шымкент қаласында Абай күні мерекесіне арналған «Абай әлемі» атты қалалық байқау өтті. Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының Абай атындағы орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесі әлеуметтік желідегі байқауды екінші жыл қатарынан ұйымдастырды.
Биылғы іс-шара Абай саябағында өтті. Ол Абай Құнанбайұлының шығармашылығын кеңінен насихаттау, қала тұрғындарының рухани танымын кеңейту, оқу дағдысын жетілдіре отырып, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, кітапхана оқырмандарының санын арттыруды мақсат еткен.
Қалалық деңгейде өтіп жатқан іс-шара Абай саябағындағы ұлы ақынның ескерткішіне гүл шоғын қоюмен басталды. Одан әрі «Абай әлемі» қалалық байқауының қорытындысы жарияланды.
Елдегі үшінші мегаполис тұрғындары арасында жыл сайынғы дәстүрге айналған «Абай әлемі» байқауына биыл екі жүзге жуық адам қатысты. Байқаудың шарты бойынша көп қаралым жинап, екінші кезеңге өткен отыз қатысушы өзара кіл мықтыны анықтады.
Шымкент қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Мөлдір Оңдасынова өз сөзінде ұлы Абайдың ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқанын атап өтіп, дәстүрлі байқауға қатысушыларға алғыс айтты.
Байқау қорытындысы бойынша биыл 10-18 жас аралығындағы жасөспірім қатысушылар арасында Әнел Керімбай бас жүлдеге ие болды. Ал 18 жастан жоғары қатысушылар арасында Әзімхан Исабек жеңіске жетті.
Дәстүрлі қалалық байқауға мегаполистегі зиялы қауымы өкілдері, ақын-жазушылар, абайтанушы ғалымдар, кітапхананың белсенді оқырмандары қатысты. Сондай-ақ іс-шараға қатысқан қонақтар мен қала тұрғындары жергілікті өнерпаздардың поэтикалық атмосферадағы концерттік бағдарламасын тамашалады.
Қуан Өмірхан
Шымкент қаласы