Абай мұрасын ғылымға әлі енгізе алмай жүрміз
Абай сөз жоқ, дүниежүзіндегі Байрон, Гете, Шекспир сынды ұлы қаламгерлермен бір қатарда тұрған қазақ әдебиетіндегі жеке-дара тұрған теңдесіз құбылыс.
Қазір Абай мұрасын әлбетте дүниежүзілік әдебиеттану ғылымы жеткен биігі тұрғысынан талдап, түсініп отыруымыз керек. Абайды осыған дейін талай зерттеп, анықтадық, оның өлеңін талдап, қара сөздерінің мән-мағынасын түсіндірдік деп қанша қайталасақ та, уақыт өте келе қайта үңілуіміз керек. Себебі біз Абай сөзін осыдан бірталай уақыт бұрынғы танымымызға, ғылыми түсінігімізге сай талдадық. Ал адамзаттың ақыл-ойы, сәйкесінше әдебиеттану, философия ғылымы бір орында тұрып қалмайды, үнемі даму үстінде. Сол даму деңгейіне үңіліп, ғылымның жеткен межесі тұрғысынан Абайға қайта үңілер болсақ, айттық, талдадық дегенімізбен шектелу мүмкін емесін ұғамыз. Жаңа буын тың көзқарас, өзіне шақ терең ойымен келеді. Мен атап кеткен әлемдегі ұлы тұлғалар үнемі оқуды талап ететін, әр оқыған сайын жаңа қырынан ашылатын, генеративті сипаттағы, бұрын мүлде байқамағаныңды алдыңа ұсынатын шығармашылығымен ерекшеленеді. Соның ішінде Абай сөзінің құндылығы жоғалған емес. Себебі бір кездері біз мүлде ойламаған нәрсені бүгінде санамыздың қабылдап, ойымыздың өскеніне Абайға қайта үңілу арқылы көз жеткіземіз. Абайды қанша оқысаң да, үнемі тың идея, тосын ой ұсынады. Қазір әдебиеттану ғылымы феноменология деген бағытқа толығымен бет бұрды. Яғни ұлы тұлғалар, соның ішінде Абайдың суреткер ретіндегі санасы еш қайталанбайтын, адам санасының жаңа қырын ашатын, тіпті адам баласы еш ойламаған нәрсені көркемдік тұрғыда ашқаны үшін де құнды. Абай сөзінің астарында сананың шексіз тереңдігі тұр. Яғни Абай санасының көркемдігі деген бөлек феномен тудырады. Бүгінде қазақ әдебиеттануында Абай туралы айтпаған, ақын мұрасын зерттемеген ғалым кемде-кем. Әркім өз сезгенін, түйгенін айта беруі әбден мүмкін. Бірақ Абайды біз сол арқылы үлкен деңгейге жеткіздік деп айта алмаймын. Себебі біздің қаруланып отырған ғылымымыз бүгінгі Еуропадағы, әлде жалпы әлемдегі әдебиеттану ғылымымен иық тіресіп, ақынның көркемдік санасын сол әлемдік ғылым деңгейінде зерттей алды ма әлде әркім өз ұққанын, түйгені мен сезгенін ғана жазды ма? Бұл сұраққа жауап беру қиын. Әркім өз түйгенін, білгенін жазу деген құбылысқа Еуропа ғалымдары әуелде-ақ ат қойып, айдар тағып тастаған. Бұл процесті «оқырман рецепциясы» деп атаған.Кез келген адам, мейлі ол жазушы әлде ғалым болмасын, түйгенін, оқыған соң алған әсерін, Абайдың өзіне жасаған ықпалын қағазға түсіріп, жаза беруіне болады. Бұл бірақ шын ғылым емес қой. Ал ғылым дегенің көптеген адамдардың бас қосып зерттеуі арқылы жеткен іргелі сипаттағы құбылыс, үлкен деңгей. Осы тұста айтарым, біз әлемдік әдебиеттану жеткен меже, талқыға салып отырған мәселелері, жаһандық ғылымның теориялық талдау және қағидаттары тұрғысынан келгенде Абай мұрасын әлі ғылымға толық енгізе алмадық. Әдебиеттану деген жеке авторлардың күнде бұрқыратып жаза беретін кітаптары емес. Абайдың қандай ақын болғанын зерттеп, талдап, мәселен, Абайда ойдың феномендік сипаты осылай көрініс тапқан десек, әңгімеміз басқаша өрбуші еді. Біздің ғылымда қаламгердің шығармасын сөз ете отырып, ұнаған үзіндісін мысалға келтіріп, мазмұнын айтып талдап кететін жағдайлар жиі кездеседі. Еуропалық әдебиеттану ғылымында әдетте қолындағы мәтіннің тұтастай конструкциясына, шығарманың композициялық бітіміне, осы шығарманың бас-аяғын құрастырып, құрылымын белгілеп кеткен кім деген сұрақ қойса, әрине, сол мәтіннің авторы. Біздегі бүтіннің бөлшегін бөле қарап, соны талдау әдебиеттанудың талабына тіпті де сай емес. Қазір Абайдан өзін ойға жетелеген өлең жолдарын, тармағын алады да, соның түбін қазып зерттеп, зерделеп кетеді. Ал Абай жайында қалады. Кейде оқып отырып, Абай сол өлең тармағын жазып отырғанда нені айтқысы келіп, нені айтқысы келмегенін ұмытып кетеді. Жаңағы сөзден өрбітіп алып кеткен идея арқылы мәтінді талдаған автор бір қарасаң Абайға со-автор боп шыға келеді. Тек Абайды зерттеу барысында ғана емес, қазіргі қазақ әдебиеттануында жиі кездесетін түйткілді жайттар осындай.
Шәкір Ыбыраев,
филология ғылымдарының докторы, профессор