Абай облысына жаңа әкім тағайындалды

Берік Уәли Абай облысының әкімі болып тағайындалды. Тиісті жарлыққа президент Тоқаев қол қойды.
14 ақпанда Нұрлан Ұранхаев Абай облысы әкімі қызметінен босатылды. Ол 2022 жылдың маусымынан бері облыс басшысы қызметін атқарған болатын.
2023 жылдың қыркүйегінде Берік Уәли Президенттің кеңесшісі – Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз хатшысы болып тағайындалған еді.
Берік Уәли 1997 жылы Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік театр және кино институтын кинотанушы мамандығы бойынша, 2005 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін журналистика мамандығы бойынша, 2014 жылы Қазақ гуманитарлық-құқықтық инновациялық университетін «құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған.
Осы жылдар ішінде «Хабар» агенттігі» АҚ, «ТАН» телекомпаниясы, «НТК» телеарнасы, «31 арна» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде журналист, ақпараттық бағдарламалардың редакторы, «Нұр Медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы медиа орталығының басшысы қызметтерін атқарған.
2012-2015 жылдары - Әкім аппараты басшысының орынбасары - Әкім аппаратының баспасөз қызметінің басшысы, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы қызметтерін атқарды.
2015-2016 жылдары - «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасарының кеңесшісі болды.
2016-2018 жылдары - Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің кеңесшісі, Ақпараттық қамтамасыз ету департаментінің директоры қызметін атқарды.
2018-2019 жылдары - Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасын басқарды.
2019 жылдың наурыз айынан бастап Қазақстан Президентінің баспасөз хатшысы қызметін атқарды. 2022 жылдың наурызында «Хабар» агенттігінің басқарма төрағасы болып тағайындалды, ал 2023 жылдың қыркүйегінде ол қайтадан Қазақстан Президентінің кеңесшісі – баспасөз хатшысы қызметіне кірісті.
Айта кетейік, 2022 жылы желіде Берік Уәли Шығыс Қазақстан облысының әкімі болып тағайындалады деген ақпарат тараған болатын. Одан кейін Ақорданың баспасөз қызметі бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын ресми түрде мәлімдеді. Ол кезде Берік Уәли ел Президентінің баспасөз хатшысы қызметінде еді.