Абай облысында өмірде жоқ адамдардың есебінен айлық алған есепші сотталмақ
Абай облысы Бесқарағай ауданының прокуратурасы мемлекеттік мекемеде «жұмыс істеді» делінген жоқ адамдар тізімін анықтады, деп хабарлайды Zhasalash.kz.
Аудан прокуратурасы тексеріс барысында 2015-2023 жылдар аралығында Бесқарағай ауданының жер қатынастары бөлімінің жүргізушісі ретінде адамды жалған жұмысқа орналастыру фактісін анықтады.
«15.08.2023 жылы аудан прокуратурасы бұл фактіні СДТТБТ-де тіркеп, қылмыстық істі тергеу бойынша Абай облысының экономикалық тергеу департаментіне тапсырды. Тергеу аяқталғаннан кейін ҚК-нің 189-бабы 3-бөлігі бойынша бухгалтерге қатысты қылмыстық іс (қызметтік жағдайын пайдалана отырып, ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті ұрлау) сотқа жіберілді», - делінген хабарламада.
Істі қарау аудан орталығының мемлекеттік мекемелерінің бухгалтерлерін шақыра отырып, ашық көрсетілімдік сот отырысы өткізілді. Онда сотталушы «К.Н.» өз кінәсін мойындап, мемлекетке 5 млн теңге көлемінде келтірілген залалдың тергеу сатысында өтелгенін түсіндірді.
«12.10.2023 жылы «К.Н.» сотының үкімімен 3 жыл мерзімге материалдық-жауапты лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 2 жылға бас бостандығын шектеуге сотталды (сот актісі заңды күшіне енген жоқ)», - делінген Абай облыстық прокуратурасының хабарламасында.