Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:45

Абай облысындағы әскери полигонда келісімшарттағы әскери қызметкер қаза тапты

сарбаз өлімі
Фото: из открытых источников

2026 жылғы 5 наурызда Абай облысындағы, Семей қаласынан 40 шақырым жерде орналасқан әскери полигонда адам өліміне әкелген қайғылы оқиға болды.

Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметі хабарлағандай, оқиға салдарынан келісімшарт бойынша қызмет атқарған әскери қызметкер қаза тапты.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, қайғылы жағдай шамамен сағат 09:40-та «КрАЗ» маркалы жүк көліктерін сүйрету кезінде жүргізілген шаруашылық жұмыстар барысында болған. 1985 жылы туған кіші сержант екі ауыр жүк көлігінің арасында қысылып қалған.

Зардап шеккен әскери қызметкерді шұғыл түрде Семей қаласына жеткізуге әрекет жасалғанымен, ол алған ауыр жарақаттарының салдарынан жолда есін жимастан көз жұмған.

Қорғаныс министрлігінің ресми нұсқасына сәйкес, оқиға әскери техниканы пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарының өрескел бұзылуы салдарынан болған.

Қазір әскери қызметкердің өлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тергеу барысында полигонда жүргізілген жұмыстарға жауапты лауазымды тұлғалардың жауапкершілік деңгейі анықталмақ.

Қарулы күштердің қолбасшылығы мен жеке құрамы әскери қызметкердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, әскери қызметкердің отбасына қажетті психологиялық және материалдық көмек көрсетілетінін мәлімдеді.

Айта кетейік, 2026 жылдың қаңтар айында Қазақстанда мерзімді әскери қызметтегі төрт сарбаз қаза тапқан болатын.

Тегтер: